Ертіс-Баян өңірінің қасиетті қара топырағы талай таланттарды тудырғаны белгілі. Олардың қатарында арқалы ақындар да, қаламы қарымды жазушылар да, жезтаңдай әншілер де, дүлдүл күйшілер де бар. Міне, сондай талантты жас әншінің бірі — Мадияр Бахтияров. Қазақ эстрадасына күні кеше ғана келсе де, таудай талабын танытып үлгерген жас әнші желтоқсан айында алғашқы жеке концертін бермек. Шығармашылық кештің қарсаңында өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Мадияр, облысымыздағы кәсіби әншілердің алдыңғы легінде жүрген өнерпазсыз. Осынау өнер өлкесіне қалай келдіңіз? Алғаш рет сахнаға шыққаныңыз есіңізде ме?
– Өнер дегеніміз — бабадан қалған мұра, біздің рухани байлығымыз. Ол — өз алдына бір әлем. «Әу демейтін қазақ жоқ». Өйткені оған киесі қонған дарынды талант, нағыз өнер иесі ғана иелік ете алады. Ал менің өнер жолына қадам басуыма келер болсақ, барлығы балалық шақта басталды. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейді ғой. Сол бала кездегі арман санаға сырлы әуенді себелеген сайын «өнер» деген ұлы көшке талпынысым артып, құштарлығымды оята түсті. Жалпы, өнер біреуге жүре келе қонса, біреуге жеті атасынан дариды. Біздің әулет те өнерден құралақан емес. Өз жұртым да, нағашы жұртым да талай думанды тойлардың көркін қыздырып, әуелетіп ән салатын, ол өнеріне жалпақ жұрт тамсанатын. Себебі, мен талай дарындарды дүниеге әкелген Павлодар облысы, Аққулы ауылының тумасымын. Қара Ертістің жағасына қоныстанған бұл киелі мекенде 1988 жылы 17 желтоқсанда дүниеге келдім. Ең алғашқы рет сахнаға шығуым өз ауылымда бастау алды. Өнерге баулып, сахна мәдениетін алғаш үйреткен ұстазым – Асылбек Әбдікәрімов. Ол кісіні бәріміз Асан аға деп атаймыз. Міне, сол Асан ағамыз өнердегі тұсауымды кескен алғашқы ұстазым болды. Ержетіп, есейе келе сахнадағы өміріме «Думан» тобының мүшесі, әнші ағамыз Рүстем Жұмабаев жетекшілік етті. Сондай-ақ, ауылдан қалаға көшіп келген соң облыс орталығындағы түрлі үйірмелерге қатысып, музыкалық шеберлігімді шыңдай түсуге талпындым. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде «Арман шоу» деген театралдық, вокалдық үйірменің мүшесі болып, кәсіби әншілерден дәріс алдым. Шығармашылық орталықта Алмагүл Слямқызы бізге актерлік шеберліктен сабақ өткізсе, Рүстем ағамыз дауыс қойып, музыкалық білімімізді тереңдетті.
— Қазір көптеген әншілер продюсерлермен жұмыс істеп танылып жатады. Жалпы, өнер жолында бағыт-бағдар беріп, демеп отыратын арқа сүйеріңіз бар ма?
— Бала кезімде «өнер жолы — ауыр жол» дегенді көп еститінбіз. Қазір бұл қанатты сөздің шындық екеніне көзіміз жетті. Жалпы, біздің өңірде өнерге жанашыр болу, өнерпаздарды қолдау мәселесі кішкене кенжелеп қалғаны жасырын емес. Атымтай жомарттардың атын да естімейміз. Әрине, егер шын талантқа қолдау білдіремін деген азаматтар болса, қолдан қақпаймыз ғой. Біздің өлкеде бұлбұл әншілер де, дүлдүл күйшілер де жетерлік. Азуын айға білеген ақындар да баршылық. Тек соларға қолдау көрсетіп, «бетін қақпай, белін буып», қанаттандырып отыру қажет. Әзірге продюсерім де, демеушім де жоқ. Ақылшым да, арқа сүйерім де – қалың елім қазағым. Сол халқымның ақылымен, батасымен көгеріп келемін.
— Шығармашылық жоспары-ңызбен бөлісе кетсеңіз…
— Алдағы желтоқсан айының алтыншы жұлдызында облыс орталығындағы Естай Беркімбаев атындағы мәдениет сарайында алғашқы жеке концертімді өткізбек ниеттемін. Концерттің басталуы кешкі сағат 19.30-ға жоспарланған. Билеттер «Иса Байзақов» атындағы облыстық филармонияның кассасында және «ТИКЕТОН» сайтында сатылымда бар. Сахнада авторлық әндерімнен бөлек, шығармашылық кешімнің қонақтары «TABRIZ», «SAMIYAN» және «Думан» топтары, сондай-ақ, жезтаңдай әнші қыздарыңыз Жібек Айтбаева ән салады. Барлық әндер «LIVE cover band 7182» тобының сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалады. Кешімнің ерекшелігі де сонда тұр. Келіңіздер, көріңіздер. Шығармашылық кешімнің құрметті көрермені болыңыз. Жоспарға келсек, бұдан бөлек, 2024 жылы авторлық әндерімді таспаға түсіріп, альбом шығару ойымда бар. Алдыма бір-екі клип түсірсем деген мақсат та қойдым. Мұның барлығы — болашақтың еншісінде. Қазір Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда қызмет атқарып жүрмін. Күнделікті жұмыспен қатар, халқыма арнап ән жазу жолында үнемі еңбектенумен келемін. Менің арманым – көпшілік көкейіне қонымды, жүрегіне нәзік сезім сыйлайтын әсем әндерді жарыққа шығару.
— Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан — А.МҰҚЫШЕВ.