Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар легі осымен аяқталды деуге болады. Бірақ ұлы тойдан ұлағатты із қалды ма деген сұрақ көпшіліктің көкейінде көлбеңдеп тұрғаны анық. Ендеше, биыл ескерілмеген, ескерілсе де мүмкін болмаған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып жатуы тиіс. Яғни, қаламгердің есімін ұлықтап, шығармаларын жас ұрпаққа оқыту бағытындағы жұмыстар келесі мерейтойға дейін үздіксіз жүргізіле беруі керек. Осы тұста елге ақын-жазушылар мен журналистердің Сәбит Дөнентаевтың қазақ руханиятына сіңірген еңбегі туралы ой-толғамдарын және қаламгердің шығармасын кейінгі ұрпаққа насихаттау хақындағы ұсыныстарына назар аударайық.

Серік ЕЛІКБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы:

– Сәбит жөнінде айту – әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатыны – Сәбиттің талант екені, қиын болатыны – сол кезде шоқтай жиылып, топтай шығып, өзгеше бір шоғырменен, шоқтығы бұзылмай, қай бәйгеге салсаңыз да, қосқан тұсынан емес, тосқан тұсынан шығатын сөз жүйріктерінің, елім деген, жерім деген азаматтардың ішінен Сәбиттің өз жолын, өз сөз жүйесін, ырғағын тауып шыға алу — шын таланттың ісі. Біз жиырмасыншы ғасырдың басында президент болатын, ұлтқа көсем болатын көптеген қазақ азаматтарын жоғалттық. Оның ішінде Әлихан бар, Ахмет, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов бар. Соларменен қатарлас, іргелес бірге Сәбиттің бөлініп, жеке шығуы – орасан іс.

Сәбит Дөнентаевтың журналистік еңбегін елге таныту мақсатында Торайғыров студенттеріне дипломдық жұмыс жаздырдық. Содан байқағанымыз, ол кісі қазақ тілінің мәселесін көтерген, мектеп пен оқулық мәсе-лесін жазған. Сонымен қатар, әйел мәселесін қаузаған. Негізі, ол кісі қазақтың басынан өткен оқиғалардың бәрін көрген, ол қара жұмыс істеді, қарабайыр тіршілік кешті. Бір өкініштісі – қазіргі оқулықтарда Сәбиттің шығармаларының жоқтығы. Мәшһүр Жүсіптің, Иса Байзақовтың жоқтығы. Мен мұны ұлт руханиятының жүдеуі деп білемін. Сондықтан осы бір кемшілікті түзейтін уақыт жетті. Әрине, Сәбитті ұлықтау жұмысы мерейтойымен ғана шектелмеуі керек. Біз қазір осы мәселе төңірегінде ұсыныс дайындап жатырмыз, жақын уақытта жарыққа шығаратын боламыз.

Сая МОЛДАЙЫП, журналист:

— Биыл қазақ әдебиетінің «бозторғайы» атанған Сәбит Дөнентаевтың туғанына — 130 жыл. Әдеттегідей, қаламгердің жерлестері шама-шарқынша мерейтойды атап өтті. Әр мерейтойында елге шығармашылығын танытып, іс-шаралар ұйымдастыру – дұрыс, былайша айтқанда, бүгінгі қалыптасқан үрдіс. Дегенмен, ұлттық әдебиетке олжа салған әйгілі ақынды жас ұрпақ мақтаныш етердей әрекет керек. Ендігі айтпағымыз, қаламгердің туған жерінде мұражай ашу мәселесі. Көпшілікке белгілі, ақын Абайдың мұражай үйі – Жидебайда, М.Әуезовтің мұражай үйі – Бөріліде, Қарасазда М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды мұражайы, Шыңғыстайда – О.Бөкейдің мұражайы, Торайғырда – С.Торайғыровтың мұражайы, Шымкент жақта Ш.Қалдаяқовтың мұражайы… міне, қазақтың әйгілі тұлғаларының туған жері, өскен елі біртуар ұлдарына құрмет көрсетіп, ұмытылмас үшін, халық жадында жаңғырсын, ұрпақтар білсін деген ізгілікпен мұражай ашып қойған. Мақтаныш па, мақтаныш! Құрмет пе, зор құрмет! Ал, жерлесіміз Сәбит Дөнентаевтың мұра-жайы туған жерінде неге жоқ? М.Омаров ауылына қарасты бұрынғы №3 бөлімше қазір Дөнентаев ауылы деп аталады. «Сол ауылда Дөнентай қыстауы болған, тұрған үйінің де орны бар» дейді білетіндер, ол жерге жерлестері белгі орнатқан. Әлбетте, мұражай ашуға М.Омаров ауылы әбден лайық, жоғарыда себептерін айттық, бұл бір, екіншіден, ауылда мұражай ашу – ауылдық аймақтарды дамытып, әлеуетті арттыруға және елдің рухын көтеруге пәрмен берері анық. Өнер иелерінің мерейтойларын әр бес жылда атап өту бір басқа, ал шығармашылықтарын зерттеп, зерделеп, мәлімет жинап, мұражай ашудың маңызы бөлек, бұл — бүгінгі ұрпақтың міндеті, парызы.

Пікірлерді жинаған – Тілеуберді САХАБА.