Ақынның мұраларын дәріптейді

Қыр 4, 2025

Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылдық округінің құрамындағы Құркөл ауылының мәдениет үйінің екінші қабатында осы ауылдың тумасы, «Қазақ әдебиетінің бозторғайы» атанған ақын Сәбит Дөнентаевқа арналған музей ашылды. Мұражай қорында барлығы мыңға жуық жәдігер жинақталған.

Аталған жаңа музей екі негізгі залдан тұрады. Бірінші залда қаламгердің «Көркемтай» туындысынан иллюстрация, шығармалар жинағы, немересі Балқия Дөнентаева тапсырған ақынның қамшысы, сөмкесі, көне портреті, қызы Сәулеттің портреті, әулеттің іс машинасы, сандығы, шам, қолжазбаларының көшірмелері, сондай-ақ әулеттің шежіресі қойылған. Екінші залда аталмыш ауылдан шыққан тарихи тұлғалардың фотосуреттері, өмірбаяндары, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан азаматтар туралы мәліметтер, ауыл тұрғындарының көне тұрмыстық бұйымдары мен архивтік құжаттары жинақталған. Бүгінгі күні бұл музейде ауыл тарихына қатысты барлығы мыңға тарта жәдігер жинақталды.

– Музей – тек өткен күннің шежіресі емес, ол — ұрпаққа аманат, тарихпен тамырлас тағылым ордасы. Сәбит Дөнентаевтың өнегелі өмірі мен өрелі мұрасы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа баулиды, – дейді ұйымдастырушылар.

Шара барысында музейдің қалыптасуына үлес қосқан азаматтар да құрметке бөленді. Атап айтқанда, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, журналист Сая Мұсабаеваға және «Аға мұғалім» атағының иегері, есімі Қазақстан Республикасының «Алтын кітабына» енгізілген ұстаз Көгершін Шакарқызына сый-құрмет көрсетілді. Музейдің ашылуына ауыл ұстазы әрі қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы Көгершін Шакарқызы себепкер болды. Ол соңғы жылдары ақын Сәбит Дөнентаев жайлы дерек-терді жинап, құнды мұрағаттарды бір арнаға тоғыстыруға еңбек еткен.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.