Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, өмірбаяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап, пайымдап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу – ол кісілік келбет, азаматтық тұлға. Осындай адами асқақ қасиетке ие ақын, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, Аққулы ауданының Құрметті азаматы, жазушы Ақын Алақанұлының 80 жас мерейтойына арналған «Жазушының нұрлы әлемі» атты рухани-әдеби кеш «Достық үйінде» өтті.

 

Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған келелі кездесуге жиылған зиялы қауым өкілдері сексеннің сеңгіріне шыққан талантты ақын, қаламы жүрдек жазушы жайлы сөз қозғап, жылы естеліктерімен бөлісті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан ақынға аймақ басшысы Асайын Байхановтың атынан «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, басқарма басшысы мерейтой иесінің мемлекеттік қызмет жолында атқарған жұмыстары туралы айтып өтіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, мерейтой иесін құттықтап келген, әдебиет пен мәдениет жолындағы бір топ әріптестері, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов, «Аналар кеңесінің» төрағасы Бақытжамал Максилова, «Ақса-қалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қадыр Әжімұратов кеш иесіне қатысты жылы лебіздерін білдіріп, оның азаматтық тұлғасы туралы біраз сыр шертті. Ақынның тұстастары сонау тоқсаныншы жылдардың басында атамекенге арқа сүйеп, Отанға деген ыстық сағынышын жүрегіне орап әкелген Ақын Алақанұлының азаматтық болмыс-бітіміне биік баға беріп, оның өнегелі өмір жолын жастарға үлгі ету керектігін айтты. Сондай-ақ, Аққулы ауданынан кеш иесін арнайы құттықтауға келген аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лаура Құмарова Ақын ағамыздың ата жұртқа қоныс аудара салысымен Аққулы ауданында ауыл әкімі қызметін бірнеше жыл бойы абыроймен атқарғанын тілге тиек етті. Одан соң қаламгердің өнер әлемінде қатар жүрген үзеңгілес достары сөз алып, жазушының өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерді ортаға салды.

— Өлеңін өмірмен ұштастырып, шығармаларын сын таразысына салып, оқырман үшін орамды ойлар мен жауһар жырлар арнаған қаламгер туған жерге деген толғаулардың жыршысына айналып, халық ықыласына бөлене білді. Отты өлеңдері мен тың туындылары ақынды абырой биігіне шығарды. Ұрпаққа өнеге болған мол мұраларыңыз көбейіп, жазарыңыз таусылмасын. Деніңізге саулық, шығармашылық табыстар тілейміз, — деді ақын, жазушы Ғалымбек Жұматов. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, жазушы, профессор Серік Елікбай Ақын Алақанұлының кестелі ойынан, көркем сөзінен туған қабырғалы туындылар бүгінгі таңда өз оқырмандарын тауып үлгергенін айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің Құттықтау хатын оқып беріп, Одақ атынан шығармашылық табыс пен шабандамас шабыт тіледі. Өз кезегінде мерейтой иесі ақындық жолы мен туған жер тақырыбындағы туындыларына тоқталып, шығармаларына арқау болған кейіпкерлерін атап өтті. Сонымен бірге, мұндай рухани шараның өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушыларға, ыстық ықыласымен құшақ жайған жерлестеріне алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Іс-шара барысында оқушылар ақынның жыр жинағынан үзінді оқып, облыс өнерпаздары жыр-терме мен халық әндерін нақышына келтіре орындады. Оқырмандар қаламгерге оның шығармашылық жолы жайлы сұрақтарын қойып, мардымды жауаптарын ала алды. Сонымен қатар, шығармашылық кездесуде ақын шығармашылығы мен өмірбаянына арналған «Сөз зергері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мерейтой иесі — «Менің анам», «Елім-жерім», «Ана жүрегі», «Сүйіктім менің» атты әңгіме-лері мен повестерінің, «Асулар» романының авторы. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде, газет-журналдарда жарияланып келеді. Сондай-ақ, қаламгердің «Ата-дан қалған тұяқ», «Тағдыр» спектакльдері мен ондаған шағын көріністері театр сахналарында қойылған. Таңдамалы шығармалар жинағы 1985 жылы Ұлан-Батырда моңғол тілінде басылып шыққан.

А.МҰҚЫШЕВ.