Биыл 20 тамызда тірі болса белгілі ақын, журналист, қаламгер Қажымұрат Смағұл 85 жасқа толар еді. Өкінішке орай, жарқын келбетті жан 70 жас мерей-тойына жете алмай, дүниеден озды. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде ұзақ жылдар қызмет еткен ағамыздың бүгінде болмысы көз алдымызда. Мұндай адамды ұмытуға болмайды.
«Сарыарқа самалы» газетінде апта сайын «Қышқыл күйіс, мысқыл мүйіс» әзіл-оспақ, қалжың бетін ұйымдастырушы да Қажекең болды. Оның «Қалжыңдасуға қалайсың?», «Бәрін де біліп жүрміз» атты екі өлеңдер жинағы жарық көрді. Үш дастан жазып, оқырмандарға ұсынды. Дастандар: «Жазықсыздар», «Тағдырлар», «Батырлық туралы жыр». 30-40-шы жылдары елде орын алған қуғын-сүргін, аштық оқиғаларына, «халық жауының» баласы атанған, он тоғыз жасында өшпес ерлік көрсетіп, Кеңес Одағы Батыры атанған Махмет Қайырбаевқа арналған. Оның «Тағдырлар» атты поэмалары, балладалары, өлең- жырлары қамтылған үлкен кітабы жарық көрді.
Астанада шығатын «Сарыарқа» журналының ақылдастар алқасының мүшесі, «Қауышу» шығармашылық бірлестігінің жыл сайын үздік туындылар жөніндегі жүлдесіне әлденеше рет ие болған да Қажекең еді. Оның көп жылғы журналистік еңбегі бағаланып, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды.
Облыстың, қазақ елінің белгілі ақыны, белгілі журналист атанған Қажымұрат Смағұл ақындар айтыстарында төрелік, олардың талпыныстарына қолдау жасады. «Журналист шығармашылығы» айдарымен жаңа туындыларын топтап, оқырмандарына жиі ұсынып отырады да, жергілікті сазгерлер оның өлеңдерін насихаттау, танымал ету бағытында жұмыс жасап, ән шығарады.
Ақын Қажымұрат Смағұл шығармашылығының жаңа қыры – жергілікті сазгерлердің (Н.Дүкембай, Қ.Сатиев) әндеріне өлеңдер жазу. Әсіресе, екеуіміз бірлесе отырып, көптеген жаңа әндерді дүниеге әкелдік. Балаларға арналған өлең-әндері: «Шәкірттер вальсі», «Өнерпаз баламыз», «Айналайын» әнұраны. Патриоттық тақырыбына жазған өлеңдері: «Туған жер», «Отаным – Қазақстаным», «Қайсар ұлдары елімнің». Туған елге, ауылға, қалаға деген туындылар: «Керекуім» «Ауылдастар — бауырластар», «Сағындым Баянымды». Өмір ағымына, тарихына, тағдырына байланысты: «Аңсаған Сарыарқада Астананы», «Бұрсайшы қазақшаға көңіліңді», «Қартайтпа сезімді», «Алтын той», «Жалғыздық». Тәуелсіз Қазақстанның мерекелеріне: «Туған күн кешінде», «Шаңырағым — шаттығым», «Жайнап өс, Астанам», «Наурыз келді» атты еңбектеріміз бар. Сан алуан өлеңдері газет бетінде жарияланып, облыстық, қалалық, әртүрлі мереке кештерінде орындалып, тыңдарман қауым жылы қабылдады. Бүгінде ақын Қажымұрат Смағұлдың өлеңдері қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналған.
Павлодар облысының 85 жылдық тойына арнап жеке жолдастарының көмегімен, қалалық әкімшілігінің демеушілігімен Қажымұрат Смағұлдың өлеңдеріне жазылған Н.Дүкембайдың (суретші Ө.Шоранов) «Жырлайды жүрек» атты кітабы жарық көрді. Облыстың мәдениет тарихына Қажекеңнің қосқан үлесі мол деп есептейміз және осы кітапты «Мәдениет және өнер саласындағы үздік маман» атты облыстық конкурсқа ұсынғанбыз.
«Туған жер» деген әнімнің тарихы былай. Бірде ақын ағамыз Қажекең және Ақсудағы жас қыз бала Зарина мен әкесі келді. Кездесіп отырған жағдайды айтты. Зарина Италияға әндер орындауға барады, бірақ бәрі итальян тілінде, ағылшын тілінде, қазақшасы жоқ. Сондықтан Италияда, Қазақстан мемлекетін таныстырып, қазақша ән айтып шықса деген тілегін білдірді. Қажеңе өлең мәтінін жазып беріп, мен ән шығарып, бұл өтінішті орындадым.
Тағы бір ән — мектептерде соңғы қоңырау кезінде біздің оқушылар орысша «Последний звонок» атты музыкасына билейді. Қажекеңнің арқасында «Шәкірттер вальсі» пайда болды. Ал «Наурыз келді» өлең-әнін орысы да, қазағы да Наурыз мерекесінде әндетіп, орындап жүр.
Белгілі ақын, журналист, сықақшы атанған Қажымұрат Смағұл бүгінде тірі болса жаңа туындыларын оқырмандарына ұсынып отырушы еді. Тағдырдың жазуы оған мүмкіндік бермеді. Мөлдір сезімді ақын ағамыз 2010 жылы дүние салды. Бірақ ақын мұрасы елімен бірге. Оның өлеңдерін іздеп оқитын оқырмандары барына сенеміз. Біз, сазгерлер, ақынның өлеңдерін насихаттау, танымал ету бағытында жұмыс жасап, әлде де әндерімізді шығарамыз. Әріптестері оның жарқын бейнесін мәңгі есте сақтайды. Қажекеңнің өлеңдері, шығармалары адамдардың жүрегінде.
Назымбек ДҮКЕМБАЙ, профессор, ұстаз-сазгер, Астана қаласы.
Шәкірттер вальсі
Сөзін жазған: Қ.Смағұл.
Әнін жазған: Н.Дүкембай.
(Мектеп бітіретін оқушылардың соңғы қоңырауына)
- Сусындап білім нәрін саяңда ұдай,
Көктемнің түлеп өстік бояуындай.
Анамдай қамқор болған ұстаздарым,
Әлі тұр көз алдымда баяғыдай.
Қайырмасы:
Ұстаздық төзімдер,
Шәкірттік сезімдер.
Жылдармен жалғасып,
Барады алмасып.
- Өзіңнен бастау алған бұлақтарым,
Ашылып әр жүрекке сыр ақтардың.
Алдыма тартқандайсың арман қылып,
Өмірдің жұмбағы мол сұрақтарын.
Қайырмасы.
- Алсам деп ұстаздықтың ізгі салтын,
Атыңа естіген жұрт қызығатын.
Оқумен сенде өткен әр жылымда,
Жас шақтың бейнесі бар жүзі жарқын.
Қайырмасы.
- Албырт шақ: әр нәрсеге көңіл ауды,
Білгенге ұмытылмастай өмір – ау бұл.
Шақырған шәкірттерің ой толғауға,
Үні тұр құлағымда қоңыраудың.