Алаштың ардақты ақыны, жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл толуына орай Баянауыл кентінде ақын атындағы Мәдениет үйінде «Шығамын тірі болсам адам болып» атты республикалық көркемсөз оқулары болды. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жас сұлтанмахмұттанушы көркемсөз шеберлері қатысты.
Атап айтқанда, Астана, Шымкент қалаларынан, Түркістан, Абай, Қостанай және Қарағанды облыстарынан үміткерлер қатысып, бағын сынады. Үш кезеңдік сыннан өткен жас көркемсөз шеберлері ақынның поэмаларынан үзінді оқып, «Қамар сұлу», «Кім жазықыты?» романдарынан сахналық көрініс, монолог оқып, «Өлең қоржынындағы» 15 өлеңнің кез келгенін жатқа айтудан жарысты. Жас дарындардың өнерін бағалаған қазылар алқасында өңірімізге танымал мәдениет пен әдебиеттің өкілдері болды. Атап айтқанда қазылар алқасына басшылық еткен Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, Торайғыров универси-тетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Серік Елікбаев болды. Қазылар алқасының құрамында Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ырысгүл Шақаман, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дәурен Әділ, Мәдениет саласының ардагері Жанбы Мәшім және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» әдеби журналының бас редакторы Сайлау Байбосын болды. Сайыс қорытындысында Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Республикалық оқулардың бас жүлдесін Павлодар облысының атынан қатысқан, Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық Университеттің 2-курс студенті Лейла Нұғыман иеленді. Жүлделі І орынды Баянауыл ауданының атынан қатысқан Сандуғаш Адамбек, ІІ орынды Қостанай облысының үміткері Нұрсұлу Дәргерхан, ІІІ орынды Қарағанды облысынан келген Мәди Бижан қанжығасына байлады.
Өз тілшіміз.