Жуырда Ақсу қаласында ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті саңлақтарының бірі атанған ақын, сатирик Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Көркемтай» атты прозалық байқаудың қорытындысы өтті. Жазушы бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған жиын, қаламгер атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Жиналған жұртшылыққа мерейтойлы жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндалған бейнефильм көрсетілді.

Сәбит Дөнентаев – ақын, жазушы, журналист, азамат ретінде халқымыздың мәдениетін көтеруге зор үлес қосқан тұлға. Оның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоймай, өнеге болып келеді. Салтанатты жиынға өмірі мен еңбегі қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналған тұлғаның ұрпақтары – Дөнентаев Мұхтар Саматұлы, Дөнентаева Балқия Саматқызы, Дөнентаев Асқар Саматұлы қатысты.

Мерейтойға орай жыл бойы көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Ақсу қаласы әкімдігінің ұйытқы болуы- мен С.Дөнентаевтың «Көркемтай» жинағы қайта басылып шықты. Кітап Ақсу өңірінің кітапханалары мен білім мекемелеріне таратылды. Қала мектептерінің 5-9-сынып оқушылары арасында қалалық Дөнентаев оқулары өтіп, оған 100-ге жуық жас талап қатысты. Құркөл ауылындағы ақын атындағы мектепте облыстық ақсақалдар алқасының қатысуымен конференция өтті. Қаламгер өмірі мен шығармашылығы арқылы оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Көркемтай және қазіргі заман» атты жиын өтіп, мектеп оқушылары аталған әңгімені талқылады. Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Абай облыстарынан 20-дан астам әңгіме ұсынылды. Қорытынды жиында байқауда жүлде алған авторлар марапатталды. Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов байқау жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйақыларын табыстады.

«Сәбит Дөнентаевтың асыл мұрасы – қазақ әдебиетінің биік рухы мен терең ойы, ал «Көркемтай» байқауы осы мұраны жаңа толқынның шығармаларымен толықтыруға ұмтылған игі бастама. Бұл байқау – қазақ әдебиетінің аспанында қанат қаққан жас таланттарға, сөз өнерінің қасиетті жолына түскен талапкерлерге шабыт сыйлаған ерекше алаң» – деді Болатбек Кәрімұлы.

Байқау қорытындысында 1-орынға Жантас Еркінұлы (Ақсу қаласы, Қызылжар ауылы), 2-орынға Бейбітгүл Оралқызы (Абай облысы), 3-орынға Ғылымнұр Кәдірбай (Астана қаласы) және екі арнайы жүлдеге Жанасыл Серікбол (Павлодар қаласы) мен Еламан Қабділәшім (Баянауыл) ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін Ақсу қаласының Құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық өкілдігінің жетекшісі Серік Елікбай, жазушы, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы сөз сөйлеп, мерейтойлық жиынның маңызына, Сәбит Дөнентаевтың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі мен оның шығармашылығының бүгінгі күндегі өзектілігі және байқауға қатысқан жас жазушылардың шығармалары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Серік Елікбай Сәбит ақынның әдебиеттегі орнын айқындайтын ерекшеліктеріне тоқталды:

– Сәбит жөнінде айту – әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатыны – Сәбиттің талант екені, қиын болатыны – сол кезде шоқтай жиылып, топтай шығып, өзгеше бір шоғырменен, шоқтығы бұзылмай, қай бәйгеге салсаңыз да, қосқан тұсынан емес, тосқан тұсынан шығатын сөз жүйріктерінің, елім деген, жерім деген азаматтардың ішінен Сәбиттің өз жолын, өз сөз жүйесін, ырғағын тауып шыға алу шын таланттың ісі екендігі.

Біз жиырмасыншы ғасырдың басында президент болатын, ұлтқа көсем болатын көптеген қазақ азаматтарын жоғалттық. Оның ішінде Әлихан бар, Ахмет, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов бар. Соларменен қатарлас, іргелес бірге Сәбиттің бөлініп, жеке шығуы – орасан іс.

Сәбитке қайта оралып келе беретін себебіміз – оның әр сөзі афоризм, әр сөзі өмірден алынған. «Байқасаң, мына заман күштінікі» дейді. Рас қой. Заман күштінікі екенін, тістінікі екенін, азулынікі екендігін сол кезде әр түрлі әлемдік, халықаралық жағдаяттарға қарап отырып жазған секілді. Сәбиттің сөзі ескірмейді, – деді ол.

Серік Төлеубайұлы одан кейінгі сөзін жазушының «Көркемтай» әңгімесі туралы өрбітті:

– Кез келген уақытта, қиындық болған тұстарда, аласапыран кезде қоғамның социумы ішінде екі-ақ тарап қиындық көреді. Біріншісі – кәрілер, екіншісі – жастар. Яғни, сәбилер мен балалар. «Көркемтай» — қазақ қауымы өзінің алдында тұрған ұғымдардан – ұрпақты жалғастыру, ұрпаққа көмектесу, туыстық дейтін дүниеден кетіп бара жатқандығын, солардың ортасына мүлік, малдың түсіп кеткендігін, қазақтың негізгі ұстыны, негізгі тірегінің шайқалып кеткендігін көрсететұғын шығарма. Сәбиттің мықтылығы – сонда.

Бір өкініштісі – қазіргі оқулықтарда Сәбиттің шығармаларының жоқтығы. Мәшһүр Жүсіптің, Иса Байзақовтың жоқтығы. Мен мұны ұлт руханиятының жүдеуі деп білемін.

Одан кейін сөз алған Амангелді Кеңшілікұлы, баяндамасын: «Сәбит Дөнентаев – қазақ әдебиетінің классигі, әдебиетте өзінің өшпес  ізін қалдырған, тек қана сөз өнерінде емес, қайраткерлігімен де халықтың жүрегіне жол тапқан тұлға» деп бастады. Баяндамашы балалық шағын, жазушы шығармашылығымен алғаш танысқан кезін еске алды:

– Сәбит Дөнентаев деген кезде менің есіме сонау қырық жеті жыл бұрынғы оқиғалар түседі. Ол кезде мен бірінші сыныпта оқитын баламын. Мен әріпті тез жаттап, мектепке бармай жатып кітаптағы шығармаларды жүгіртіп оқитынмын. Екінші сыныптың ба екен, үшінші сыныптыкінен бе, «Көркемтай» әңгімесі көзіме түсті. Соны оқып шықтым. Шығарма маған соншалықты қатты әсер еткен болатын. Бала кезімде оны, шамамен, жиырма-отыз рет оқыған шығармын. Оқимын, оқимын да жылаймын. Адамды ерекше бір мұңға батыратын әңгіме, жетім баланың тағдыры соншалықты шынайы жазылған.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқан екен: «Сәбит Дөнентаев – революцияға дейін әдебиет майданына шыққан бұқарашыл ақын» деп. Бұл, қарап отырсақ, өте жоғары баға. Әрине, қазақта ақын деген аз емес қой. Кез келген таланатты адам – ақын. Мықты жазушылардың өзінің арғы жағында ақындық сезім, ақындық түйсік болмаса, одан шебер суреткер шықпайды. «Көркемтайдың» сондай шынайы болып шығуы ақындық түйсіктен деп ойлаймын, – деген Амангелді Кеңшілікұлы ақынын іздеген, жоқтаған ел-жұртына алғыс білдірді.

Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манапов алдағы уақытта байқауға келіп түскен үміткер шығармалардың барлығын топтап, жеке жинақ етіп шығару жоспарланғанын атап өтті.

Белгілі дәстүрлі әнші Дәуренбек Сләмғали Иса Байзақовтың «Желдірмесімен» бастаған мерейтойлық жиын жас әнші Нұрдос Кеңес орындаған, С.Дөнентаевтың сөзіне жазылған Байғабыл Жылқыбаевтың «Жігіт-ақсың, қандайсың?!» әнімен түйінделді.

Бекмырза ЛЕКЕР, Ақсу қаласы.