Павлодар қаласындағы көркемсурет мектебіне — биыл 45 жыл. Осыған орай жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде аталған өнер мектебі оқушыларының шығармаларынан жинақталған мерейтойлық көрме ашылды. Көрермендер назарына соңғы екі жылда салынған оқушылар мен педагогтердің 150-ге жуық картинасы ұсынылды.
Көрменің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өнер мектебі ұжымын мерейтойларымен құттықтап, облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан Алғыс хат табыс етті.
Көрмеде ұсынылған шығармалар әртүрлі жанрды қамтиды. Олардың арасында портреттер, натюрморттар, пейзаждар, сюжеттік және сәндік композициялар бар. Туындылар акрил, гуашь, акварель, қарапайым қарындашпен орындалған графика, маркерлер, түрлі түсті қарындаштар, аралас техника секілді дәстүрлі және дәстүрлі емес әдістермен жасалған. Сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер мен керамиканың бірнеше жұмысы ұсынылған. Шара барысында мектеп педагогтері Наталья Решетова мен Оксана Сидоренко ересектерге арналған киіз басу және балаларға арналған монотип бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.
Мереке аясында, сонымен қатар «Көркемдік білім беру ортасы білім беру процесіне қатысушылардың даму факторы ретінде» атты облыстық конференция өтті. Оған 50-ден астам қосымша білім беру басшы орынбасарлары мен педагогтері, бейнелеу өнері және көркем еңбек мұғалімдері қатысты. Конференцияда шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Балалар өнер мектебі 1979 жылдан бері жұмыс істейді. 2006 жылы балалар суреті байқауларында жыл сайынғы жеңістері үшін ЮНЕСКО-ның Құрметті халықаралық клубы мәртебесіне ие болды. Соңғы бес жылда мектеп 3000-нан астам жас суретшіні дайындап шығарды. Қазіргі уақытта мектепте 4-17 жас аралығындағы мыңдаған оқушы бар. Олардың қатарында Қазақстанда, Ресейде, Польшада, Үндістанда, Чехияда, Тайваньда, Ұлыбританияда, Германияда, Эстонияда өткен халықаралық байқаулар мен көрмелердің лауреаттары бар.
Өз тілшіміз.