Бас жүлдені иеленді

Мау 12, 2025

Майқайың балалар өнер мектебінің «Айналайын» үлгілі би ұжымы Өзбекстан елінің Ташкент қаласында өткен «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық байқауында қос бірдей бас жүлдеге және І орынға ие болды. Аталмыш байқау шетелдерден келген өнерлі жастар мен музыкалық ұжымдардың басын қосты.

Халықаралық байқау 1-5 маусым аралығында өтті. Қатысушылар аспапта ойнау, көркем сөз, хореография, дәстүрлі ән, вокал аталымдарында өнерлерін ортаға салды.

Шараның мақсаты – өнер арқылы рухани, зияткерлік және мәдени әлеуетін ашуға бірегей мүмкіндік беру. Байқауда ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуға, сондай-ақ әртүрлі елдің қатысушылары арасындағы шығармашылық, мәдени және достық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Би ұжымының мұндай жеңіске жетуінде жетекшісі Анастасия Олеговнаның еңбегі зор болды.

— Оқушылар би арқылы шабыттанып, дене белсенділігін арттырып, шығармашылықпен айналысып келеді. Олар сахнаға шыққанда көрерменнің қошеметі ерекше болды. Мұндай байқаулар біздің жас өнерпаздар үшін тәжірибе алаңы ғана емес, шығармашылық даму үшін де жаңа көкжиектер ашады. Талантты бишілер бұған дейін де көптеген белесті бағындырды, – дейді ұжымның жетекшісі А.Сухова.

Өз тілшіміз.