Бір уақытта бірнеше дыбысты шығаруға қабілеті бар баян аспабының әуезді әрі ерекше дыбысы әр тыңдарманның жан дүниесін елітіп жіберері анық. Жуырда Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында аталмыш аспапта ойнаудың хас шебері Павлодар қаласының тумасы, баяннан Әлем чемпионы, халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Нұрлановтың жеке концерті өтті. Бұл маңызды мәдени оқиға жергілікті тыңдаушыларға баянның жоғары шеберлігі мен шексіз мүмкіндіктерін тамашалауға мүмкіндік берді.
Олжас Нұрланов – Қазақстан, Ресей, Қытай, Германия елдерінде өткен бүкілресейлік және халықаралық байқаулардың лауреаты. «PIF Castelfidardo 2024» халықаралық конкурсының абсолютті жеңімпазы. Италияның Кастельфидардо, Германияның Мюнхен қаласында өткен Әлем кубогында («Coupe Mondiale») жеңіске жеткеннен кейін «Әлем чемпионы 2021» атағының иегері атанды. Сондай-ақ, «Москва встречает друзей», «Зимний международный фестиваль искусств», «Баян и баянисты», «Казахстан баян-фест», «Фестиваль РНО» және т.б. халықаралық фестивальдерінің қатысушысы. Бүгінде Ресейдің Мәскеу қаласындағы М.Ипполитов-Иванов атындағы мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтының «Оркестрлік халық аспаптары» бөлімінде оқытушылық қызметті атқарады. Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей, Италия, Швейцария, Германия, Сербия, Босния, Герцеговина және Қытай елдерін аралап, өзінің жеке шығармашылық кешін өткізеді.
Концерт алдында ұйымдас-тырылған шығармашылық кездесу барысында музыкант жеке мансабы туралы ғана емес, баян музыкасын әлемге таныту жөнінде сөз қозғады. Ол осы мақсатта арнайы подкастты да бастады.
— PROBayan – баяншыларға арналған әлемдегі алғашқы подкаст. Оны біз Людмила Зыкина атындағы ансамбльдің солисі Тимур Галинуровпен бірге жүргіземіз. Оған танымал қонақтарды шақырып, аспаптың дамуын, саланың мәселелерін талқылаймыз. Бұл — жай баяншылардың әңгімесі емес. Біз музыка әлемінің болашағы туралы ой қозғаймыз, — дейді ол.
Оның сөзінше, баян – бұл әлемдік аспап. Оны белгілі бір ұлттың мәдениетіне жатқызу дұрыс емес.
— Мен гастрольдік сапармен болған елдерде әріптес-терім оның қазақ аспабы екеніне сенімді. Ал қытай, неміс, итальян музыканттары баянды «өзінікі» деп санайды. Бірақ ол ешқандай ұлттың аспабына жатпайды. Бұл — өзіндік ерекшелігі бар толыққанды музыкалық аспап. Онда кез келген жанрдағы шығармаларды орындауға болады. Мәселен, классика, джаз, авторлық музыка, — деп атап өтті музыкант.
Баяншы бастапқыда туған жерінде шағын концерт ұйымдас-тыруды жоспарлағанын айтады. Алайда жерлестерінің қолдауымен музыкалық кеш Естай атындағы мәдениет сарайында өтетін болған.
Концерттік бағдарламада Олжас Нұрланов әлемге белгілі классиктердің, романтиктердің, қазақстандық композиторлардың шығармаларынан бастап, халық әуендеріне дейінгі музыкалық түрлерін үйлестірді. Сондай-ақ, кеш барысында жиналған қауымға өнердегі жолы туралы сөз қозғап, халықаралық байқауларға қатысудан алған әсерлерімен бөлісті, көрнекті музыканттармен жұмыс тәжірибесі туралы сөз қозғады.
Жазира ҚҰСАЙЫНОВА, көрермен:
— Олжас Нұрлановтың шығармашылық кешіне арнайы келіп тамашаладым. Баянда орындалған ән шығарма ерекше болды. Өзіме ұмытылмас әсер мен шабыт алдым.
Айдана БОРАНБАЕВА.