Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Қазақстан өнері» атты музей қорынан ұйымдастырылған көрме жұмыс істеп тұр. Онда елімізге белгілі 10-нан астам суретшінің 80-ге жуық туындысы қойылған. Келушілердің назарын өзіне аударатын сондай туындылардың бірі — Ольга Кужеленконың «Шай ішу» картинасы.

Экспозицияда орын тапқан бұл шығарма жоғары кәсіби деңгейімен, тақырыптық, жанрлық және стилистикалық  әралуандылығымен ерекшелінеді. Қазақстанның бейнелеу өнерінде дәстүрлер мен жаңашылдық, өзекті тенденциялардың өткір сезімі және ұлттық бірегейлік  тамаша үйлеседі. Суретші картинадағы кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысына ден қойып, тарихи-әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды.

— Бейнелеу өнерінде де көптеген суретшіміздің шығармашылық табыстарға қол жеткізгені баршамызға аян. Солардың бірі — қазақ бейнелеу өнерінің қылқалам шебері, суретші Ольга Кужаленко. Оның еңбегі көл-көсір. Қылқалам шеберінің туындылары естияр көрермендердің жүрек төрінен орын алып, көпші-ліктің көңілінен шығады деген
ойдамыз, — дейді музей басшылығы.

Суретші назарын жарыққа, контрасқа және сәндік детальдарға аударып, осылардың көмегімен натюрморт заттарын жабдықтайды. Екінші пландағы кілемнің сәндік фоны тап-таза ақ дастарханға қарама-қарсы болып тұр. Жарық түсіп тұрған дастарханның көлеңке жағына торсықты жасырған. Жирен, қызыл түстердің басымдығы тұрмыстық заттардың жылылы-
ғын әспеттейді.

Картинадағы детальдардың қанық бояумен әрленуі әлдебір тыныштыққа тартады. Бұйымдардың сәнділігі, безен-дірілуі және материалы суретшінің асқан шеберлігін көрсетіп тұр. Бұл — автордың қазақ тұрмысы мен талайғы тарихына деген жеке көзқарасы.

Ольга Кужеленко — туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткер. Оның «Раушандар» (1978), «Натюрморт» (1969), «Этюд» (1959), «Көк орамал» (1987), «Нарцистар» (1965), «Қалалық пейзаж» (1965) секілді шығармалары әлемге әйгілі.

 

А.БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.