Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Топтама маржандары» атты музей қорынан ұйымдастырылған көрме ашылды. Бұл бірегей көрме — музей қорының негізін жылдар бойы қалыптастырған көрнекті өнер туынды-ларының топтамасы.

 

«Топтама маржандары» атты көрмеге Әбілхан Қастеев, Жаңатай Шәрденов, Хәкімжан Наурызбаев, Сахи Романов, Игорь Грабарь, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Молдахмет Кенбаев, Қанафия Телжанов, Виктор Батурин сияқты белгілі суретшілердің, сонымен қатар өзге де дарынды талант иелерінің жұмыстары қойылды. Экспозицияда барлығы 70-тен аса өнер туындысы көрермендерге ұсынылады.

Экспозицияға қойылған туындылар жоғары кәсіби деңгейімен, тақырыптық, жанрлық және стильдік алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мәселен, белгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің картиналары көзге ерекше түседі. Суретші сан қырлы  картиналары арқылы туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алды.

Музейге есімі берілген Нағымбек Нұрмұхаммедов негізі реализм және импрессионизм бағыттарында жұмыс істеп, сондай-ақ, көптеген портреттің, пейзаждардың, тарихи тақырыптағы картиналардың авторы болды. Оның бүкіл шығармашылығы үлкен кескіндеме еркін-дігімен, түс схемасының үйлесімділігімен, психологиялық енуімен, эмоционалды күшімен және бейнелердің лирикасымен ерекшеленеді. Н.Нұрмұхаммедов дала мен мейірімді, батыл және қарапайым адамдарды бейнелеуді ерекше жақсы көрді. Қылқалам шебері Абай Құнанбаев, Әбілхан Қастеев, Сапарғали Бегалин, Тоқаш Бокин, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов секілді танымал тұлғалардың портреттерін салды.

Ал Молдахмет Кенбаев – әлемдік өнер кеңістігінде дала көшінің мәдениетін лайықты көрсете білген суреткер. 1957 жылы суретші «Сұхбат» және «Асауға құрық салу» деп аталатын екі кескіндемесін жазды. Әбден үйреншікті болған көрініс – ат үстінде алаңсыз кетіп бара жатқан екі шопанның асықпай құрған сұхбаты арқылы адам мен табиғаттың бірлігін шеберлікпен аша білген «Сұхбат» лирикалық картинасы жан жылуына толы. Ал «Асауға құрық салу» кескіндемесінде керісінше, бар екпінімен арындай шапқан ақ боз ат пен қолдарына құрық пен арқан ұстап, соған қарай ұмтылған қарулы екі салт атты бейнеленген.

Сондай-ақ, белгілі қылқалам шеберлерінің бірі Жаңатай Шәрденовтің шығармалары құпияға толы сезіммен бірден баурап алатын қасиетке ие. Суретші өзінің бүкіл өмірін, шығармашылығын пейзаж, яғни табиғатқа, әсіресе әсем қала Алматының көрікті тауларына арнады.

Жаңатай Шәрденов — қазақ бейнелеу өнерінде 60-жылдардағы суретшілер буыны саналатын Салихитдин Айтбаев, Шаймерден Сәриев, Тоқболат Тоғызбаев, Әли Жүсіпов, Бахтияр Тәбиев сынды бір топ суретші қатарынан табылған дарынды тұлға. Қаламгер туындыларының басым бөлігі бір тақырыпқа арналса да, олар бір-біріне ұқсамайды. Бірнеше рет қайталанғанымен, кенептегі көріністердің айырмашылығы түрлі бояулардың қолданысымен және жылдың әр мезгілінде, әр уақытта орындалғанына байланысты ерекшеленеді. Мысалы, «Қысқы пейзаж», «Медеу», «Тоған», «Таулар», «Күн бату симфониясы», «Таудағы кеш», «Ымырт» атты жұмыстары көздің жауын алатын тау көріністеріне ғана арналады.

Қанафия Тельжановтың картиналарын да ерекше атап өтуге болады. Ол қазақ халқының генетикалық негізімен және дәстүрлі құндылықтар жүйесімен байланысын терең түсінудің арқасында өз уақытының келбет- кескінін жазып қана қоймай, дәуірдің жыршысына айналды. Өз заманының күрделі ағымдарына, саяси догмаларға және әлем мен адамның социалистік тұжырымдамасына бағынбаған суретші, ұлттық тамырымен терең байланысты сезініп, өнерге және өз халқына деген көзқарасын ашық білдірді.

Мәселен, «Жамал» картинасы оның таланты мен асқақ идеяларының жарқын көрінісіне айналды. Бұл шығармада суретші табиғат пен адамның үйлесімділігін аспанның шексіз күмбезінің астында бейнелейді. Суретте қыз бен дала бір-бірімен сыр шертіп, сезімдерімен алмасқандай әсер қалдырады.

Аталмыш картинаны суретші анасының құрметіне «Жамал» атаған. Сондықтан болар, бұл атау оған ерекше мән мен сезім тереңдігін береді. Бұл жайт суреттің тағдырына да әсер еткен болуы керек. Себебі, «Жамал» тек ел ішінде емес, шетелдерде де танылды. 1967 жылы ол Монреальдағы Қазақстанға арналған көрмеде орталық орынды иеленді және сол жылы бұл картинаны Третьяков галереясы өз коллекциясына сатып алды.

Айта кетейік, осындай таутұлғалардың туындылары қойылған аталмыш көрме бір ай көлемінде жұмыс істейді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.