Суретші қылқаламы арқылы өмірдің барлық кезеңін суреттеп, бүкіл тарихты қалдырып кетеді десек артық айтқандық емес. Мың сан бояудың астарында тарихтың талай жылдары «сөйлеп» жатады. Кейде картиналарға қарап тұрсаң, бұрынғы кезеңдерге барып келгендей әсер аласың. Бұл, сірә, қылқалам шеберінің талантынан болса керек. Әрбір сөз секілді әрбір бояудың да өз мағынасы, терең философиясы бар. Біз бір ойды дәл жеткізу үшін сөзді қалай қолдансақ, бояуды да дәл таба білу — нағыз шеберлік. Мәселен, өнер жолында әлемді бейнелеп, сезімінің бояуына қанықтырып көрермен алдына алып шыққандардың бірі — Қабдыл-Ғалым Қаржасов.
Қабдыл-Ғалым Қаржасов 1954 жылы 11 қаңтарда Ертіс ауданы Үлгілі ауылының И.Байзақов атындағы кеңшарында туған. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Кескіндемеші, Суретшілер одағының мүшесі және ҚР Көркемсурет академиясының академигі. Көптеген жұмысы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Павлодар, Семей, Атырау және Қарағанды көркемсурет мұражайларында, Қазақстанның басқа аймақтары мен Франция, Германия, Канада көркемсурет галереялары мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Ол Нью-Йоркте, Амстердам, Варшава, Вроцлав, Берлин, Штутгарт және Мюнхен мұражайларында, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында, Алматыдағы «ОЮ» галереясында, Санкт-Петербургте өткен көрмелерге қатысты.
1998 жылы суретшілердің Алматы қаласында өткен «Тау Түрген» пленэрінде бейнелеу әлеміне нық қадам бастап, кеңінен таныла басталады. Дарын иесінің картиналары сол уақыттан бастап айтулы көрмелерден түскен емес.
Қылқалам шеберінің картиналары жасандылыққа жат. Мысалы, «Аһ» ұрған қайғы, күмпілдеген пафос, көзге ұрып ақыл айту дейтін атымен жоқ. Жақсы мен жаман туралы жар салмайды. Өткенді аңсап, бүгінді тәрк ету де қаперінде жоқ. Қайта бүгінгісін, жанындағысын, жақсысын кейінгіге сурет қылып құжат ретінде салады.
Ол картиналарына таза қазақы мәнерде азан шақырып, ат қойған. Мәселен, «Аңшылық» емес «Қансонар» дейді. «Күтудің» орнына – «Күдер», «Кештің» орнына «Іңір» сөзін қолданады. «Шырақ», «Мұра», «Сәт», «Мінәжат», «Шому», «Дамыл» деп келетін картиналары өз мән-мағынасымен қоса атауымен-ақ қазақ көңілінің биігіне көтеріле береді.
Ғалым Қаржасовтың туындыларын қабылдау үшін алдымен суретші Матисс, Гоген, Сарян, Сыдыхановтармен қоса ақын Мағжан Жұмабаев, Иса Байзақов әлемін қоса шарлауға тура келеді. Өйткені, Мағжан шығарған, сөзі мен әуені соншалық үйлесім тапқан «Япурай» әні суретшінің кеудесін қайда барса айта беретін ішкі гимні сияқты кетпес мекен етіп, иемденіп алған. Мұнда сүйген жарға деген аяулы сезім, қуатты да нәзік мелодия, еске алу мен сағыныш қатар өрілген.
Кейіпкеріміздің суреттерінде өткенді аңсау атымен жоқ болса да, суретіндегі кейіпкерлер әлдебір қам көңілмен мұң арқалайды. Мәселен, «Барып қайт» – қазақтың бар жақсылығын өзімен бірге алып кетердей шерлі картина. Бұл туындыда құм қызыл кеште аулада екі кейуананы байқаймыз. Модилянидің модельдеріндей мойны созылыңқы, екі қолын алдына өңгеріп, елегізіп, жол тосып отырған жандардың үміті ақталмай қалатындай бір сұрқия күдік бұғып тұр. Арғы жағында, қоршау ағаштың діңгегіне төңкеріле ілінген бос шелек те әлдебір құпияны меңзеп тұр ма?!
Суретшінің көкірегін бәрібір оптимизм жеңеді. «Шашу», «Сезім-2» тәрізді еңбектері кемпірқосақтай күн шуағын жетіге бөліп, қуанып шыға келеді. Майысып, гүл құшып «Айым» кезігеді. Көзін төңкеріп «Алтыншаш» тұрады. «Әлдиді» қарап отырып қылқалам шеберінің жұбайы айтқан: «Мен Ғалымды өзге әйелдерден емес, шығармасынан қызғанамын. Кескіндеме – менің нағыз күндесім», – дегені еске түседі.
Әріптестерінің сөзінше, Ғалым Қаржасовтың шығармаларын екі топқа бөлуге болады. Мәселен, «Менің анам», «Үлгілі ауылы», «Әкей», «Баянауыл», «Торайғыр» тәрізді картиналары кескіндеменің реалистік жағына қарай ойыса жазылса, ауа кеңістіктен бас тартқан сәнді декоративті, айшықты бояулар үндестігімен шешілген «Толғау», «Алтынай биі», «Мінәжат» деген шығармалары екінші топқа жатады.
— Ғалым қазақ бейнелеу өнеріне үлкен үлес қосты. Өте дарынды суретші болды. Алға қойған жоспарлары, салар суреттері көп еді. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті. «Ғалымның — аты, жазушының хаты өлмейді» демекші, соңынан көптеген туындысын қалдырып кетті. Біз 40 жылға жуық уақыт сыйласып, бір салада еңбек еттік. Сурет салудан бөлек, әнші, домбырашы болды. «Құнанбай» фильміне түсіп, өзін актерлік қырынан көрсетті. Бірнеше домбыра жасап туыстарына, жолдастарына қалдырып кетті. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Әр жыл сайын суретшінің еңбектерін жастар арасында насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізіп келеміз. Шеберханасының жанына тақтасын қойдық. Досы әрі әріптесі Рысбек Ыстыбаев бейнесін қоладан жасады. Сондай-ақ, дүниеден өткеніне 5 жыл толғанда облыстық Суретшілер одағының мүшелері Павлодар қаласындағы балалар көркемсурет мектебіне Ғалым Қаржасовтың есімі берілсе екен деп хат жолдадық. Өйткені, сол орталықтың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Әзірге министрліктен жауап келген жоқ. Алдағы уақытта Павлодар қаласының немесе бір елді мекеннің көшесі де Ғалекеңнің есімімен аталса, артық болмас еді. Бұйырса, жыл соңына дейін Ғалымның туған жері Ертіс ауданында көрмесін ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді әріптесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Өсербай Шоранов.
1997 жыл суретші үшін табысты, жақсы картиналары жазылған жыл болды. «Шырын-2», «Қариялар», «Розаның шайы», «Көне», «Маза» дейтін айтулы картиналардың ту сыртына назар салсақ, олардың бір жылдың «балалары» екені көрініп тұр. Осы жылда жазылған картиналар біркелкі емес. Жазылуы жағы «Көне», «Қариялар», «Розаның шайы» секілді суреттер іштей ұқсас болса, «Маза», «Елдің көркі», «Жұмбақ адамы» өзінше бір топ құрағандай. «Кестелі орамал», «Он жеті», «Қызым Айнұр» туындылары жазылуымен ұқсас. Бұдан біз суретші қарымының кең, берілу, жазылу үрдісінің кемел екенін көреміз. 2000 жылы жазылған «Аян», «Алтынай биі», «Қызғалдақ композициясы», «Даламның гүлдері» шығармалары – нұрлы дүниелер. Оның әсерін, бойды билеген сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Ғалым Насырұлымен бірге өсіп, өмірде иық тіресіп, қиын кездерде қол ұшын созып сырларын тыңдап жұбататын жандар да аз болған жоқ. Солардың бірі – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші-реставратор Рысбек Ыстыбаев.
— Ғалыммен өмірде де, өнерде де жақын болдық. Бір-біріміздің жұмыстарымызды көрсетіп, бағалап сырттай сынайтын едік. Ол кескін-демеші болғандықтан, мен одан көбінесе ақыл-кеңес сұрайтынмын. Тек маған емес, бүгінде белгілі суретшілер атанған шеберлерге де ұстаз болды, — деп еске алады Р.Ыстыбаев.
Ғ.Қаржасовтың өнерін бағалаушы шәкірттері де жетерлік. Сондай шәкірттерінің бірі – Самал Сұлтанқұлова.
— Ғалым ағамен Павлодар мемлекеттік институтының (қазіргі Әлкей Марғұлан университетінің) сызу факультетінің соңғы курсында дипломдық жұмысымды жазып жүрген кезімде таныстым. Ол кезде бұл жұмысыма жетекшілік ететін осы саланың маманы қажет еді. Еш ойланбастан Ғалым Қаржасовты таңдадым. Себебі, оның жұмыстарымен бұрыннан таныс едім. Кейін жергілікті музейлерге байланысқа шығып, телефон нөмірін тауып алдым. Ұстазым өтінішімді аяқ асты қалдырмай, қол ұшын созды. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім, — дейді шәкірті.
Ғалам сырын түсіну үшін шарқ ұрып қиялданбай-ақ, адамзаттың бар болмысын шынайы қабылдап, шын сезіммен ой елегінен сүзіп бейнелесе, суретшінің қолтаңбасы, жан дүниесінің бір бөлшегі туындысына берілері сөзсіз. Ол — болашақ ұрпаққа қалдырар ұлы мұрасы. Қылқалам шебері туындыларында тек сыртқы келбетті емес, оның ішкі әлемін тербелте суреттеді. Әр шығармадағы кейіпкер өміріне тереңінен бойлай түсіп, оның ішкі жан-дүниесін сезініп, оны көрерменге жеткізе білу — Ғалым Қаржасовтың үлкен жетістіктерінің бірі.