Бес кітап шықты

Шіл 3, 2025

Биыл Марғұлан университе-тінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, тіл жанашыры Бекен Сағындықұлы мерейлі 60 жасқа толды. Ұзақ жыл ұстаздық етіп, талай шәкірт тәрбиелеген ғалымның өмір жолы өнегеге, еңбек жолы жетістікке толы.

Жақында мерейтойына арналған түрлі шаралар, конференциялар және кездесулер өтіп, алыс-жақыннан қонақтар келіп құттықтады. Ал ұлағатты ұстаздың мерейтойы қарсаңныда еліне сыйлаған ең үлкен сыйлығы – бес түрлі кітабы болды.

Жақында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада профессор Бекен Сағындықұлының 60 жас мерейтойына арналған «Ұлы даланың ұлы ұстанымы: тілдің мемлекеттік және ресми сипаты» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті. Шара барысында ғалымның ғылыми еңбегіне арналған бес кітаптың тұсаукесері өтіп, көпшілік оқырманға таныстырылды.

Жаңа кітаптар «Ғылыми диалог: ғалым және ізденуші», «Ғаламның қазақ сөйлем жүйесіндегі бейнесі», «Қазақ тіліндегі орамды сөйлем жүйесі», «Қара сөз және дарынды сөз жүйесі», «Биобиблиографиялық көрсеткіш» деген атаулармен шыққан.

Аталған конференцияға Қызылорда облысы Қорқыт ата университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов, ономаст ғалым Болат Боранбай, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Сейсенбекұлы, Түркітанушы ғалым, Көкшетау университетінің профессоры Қасиет Молғаждаров сынды белгілі ғалымдар келіп, баяндама жасады. Баяндамашылар қазақ тілінің қазіргі ахуалы, ономостика және латын әліпбиі мәселесі, әлеуметтік лингвистика, ресми тіл атағынан айырылмай отырған орыс тілінің мәртебесін анықтау және басқа да маңызды тақырыптарды кең талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университетінің профессоры Әділбек Дәуітбекұлы аталған жаңа кітаптардың мазмұндық ерекшелігіне жоғары бағасын беріп, тіл ғылымына қосылған сүбелі еңбек екенін атап өтті.

Тілеуберді САХАБА.