3-4 минут… Сахнадағы осындай қас-қағым сәтте жергілікті «Нұр» би ансамблі бидің биік өнер екенін түсіндіріп үлгереді. Өздері сондай әдемі, талғамы биік, қимылдары көңіл пернесін дөп басады. Саусақтарына дейін сөйлеп тұрған олардың би ырғағына әлемдегі білікті хореографтар да жоғары баға беріп келеді. Бұл – бишілердің сахнадағы еңбегі. Алайда сахна сыртындағы дайындық пен үздіксіз жаттығуға екінің бірі тәуекел етпейді.
«Нұр» би ансамблі – облыстық И.Байзақов атындағы филармония құрамындағы кәсіби хореографиялық ұжым. Ансамбль көпшілікке халықтық би мен классикалық хореографияның үйлесімі, сондай-ақ акробатикалық және цирк элементтерін бірік-тіретін ерекше қойылымдарымен танымал. Олардың қойылымдары көрермендерге әрдайым жаңа идеялармен, түрлі мәдениеттердің би шығармашылығымен танысу мүмкіндігін береді.
Бүгінде ансамбльдің репертуары ұлттық және заманауи билерді қамтиды. Олардың қатарында «Хорезм» биі мен «Шат көңіл» секілді туындылар бар.
Ұжымның әр нөмірі ерекше қойылымға, жоғары кәсіби көзқарас пен жаңа тәжірибелерге толы. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет үздігі Айгүл Дайырбаеваның сөзінше, әр биді қою ұзақ уақыт пен көп тәжірибені қажет етеді. Өйткені олардың қимыл түрлері көп, ырғаққа бай. Бидегі әр қимылдың өз атауымен қоса оны орындаудың да арнайы техникасы болады. Одан бөлек, салт-дәстүрді, лириканы қимыл-қозғалыспен жеткізуге болатынын және мағынасына сай сюжеті болу керектігін айтады. Себебі, онсыз қойылым қызықсыз болуы мүмкін.
— Әр бидің өзіне тән қиындығы болады. Мәселен, ұлттық биді қою ұзақ уақытты талап етеді. Өйткені қазақша бидің қимыл түрлері көп, ырғаққа бай. Бидегі әр қимылдың өз атауымен қоса оны орындаудың да арнайы техникасы болады. Биді қойғанда салт-дәстүрді, лириканы қимыл-қозғалыспен жеткізуге болады. Қазақша биде ұлттық нақышты бұрыммен, торсықпен, кесемен, үкімен көрсете аламыз. Бірақ мұның бәрін үйлестіру ұзақ уақытты талап етеді. Биді қойған кезде оның мағынасына сай сюжеті болу керек. Әйтпесе қойылым қызық болмайды. Сондықтан қазақша биге тақырып таңдамас бұрын алдын ала жан-жақты зерттеп алған дұрыс. Ол үшін қазақы салт-дәстүр, ырымдар жайлы көп іздену қажет. Бидің ұтымды шығуына музыкалық ырғақ та ерекше әсер етеді. Музыкалық материалды тапсаң, қойылымның тоқсан пайыз жұмысы аяқталды деп есептеуге болады. Әуен табылған сәттен бастап би қимылдарын құрастыра беруге болады. Әрі қарай қойылым шығару, оны үйрету, бишілердің бірдей билеуі тәрізді жұмыстар жалғасып кете береді. Бишілер биді сахнаға шығарып, байқауларға қатысқан сайын би қимылдарына жаттығып, тәжірибе жинай бастайды.
Биші болу үшін алдымен талант пен еңбек қажет. Жалпы, бишіге қажетті қимылдарды игеру әр шәкірттің қабілетіне қарай бағаланады. Негізінде бір жыл жеткілікті. Биге икемі жоқ болса, хореограф болып, осы саланы игеріп кетуі қиын. Би өнеріне қызығушы жастардың табиғи дарыны болуға тиіс деп ойлаймын. Себебі, би өнерінің биік шыңын нағыз таланттар ғана бағындыра алады, — дейді ансамбль жетекшісі.
Ұжымның белді мүшесі Филипп Валов қимылдардың мән-мағынасын дәлме-дәл жеткізу үшін әртіс өзінің қолдарымен, аяқтарымен және басқа да қимылдармен үнемі жұмыс істеу керектігін алға тартады.
— Биші болу үшін алдымен би өнеріне деген шексіз махаббат, құштарлық, тынымсыз еңбек керек. Ал қалғаны ізденістің, өз-өзіңді дамытудың нәтижесінде келеді. Әрбір адам сахнаға шыға бермейді. Көп алдында өнер көрсету батылдық пен тәуекелшілдікті талап етеді. Сондықтан да бишіге мінез керек. Мінезді биші халық алдында өнерін паш етуден жалықпайды, көпшіліктің назарынан қорықпайды. Сынды дұрыс қабылдайды, — дейді Ф.Валов.
«Өнер талантты өсіреді» дейді дана халық. «Нұр» би ансамблінің жетекшісі хореограф Айгүл Рамазанқызының бишілері бүгінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Өнерпаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Себебі жетекшісі «темірдей тәртіп жеңіске жетелейді» дейді. Ұстаздарынан алған білімімен, үйреткен ілімінің арқасында облыс, республика намысын әрі қарай да қорғап, биік шыңдарды бағындыруды мақсат еткен «Нұр би» би ансамблінің алар асуы алда.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек