Қазақ жұртында сахна өнері, оның ішінде би өнері бұрыннан ерекше қошеметке ие. Бұл талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса, жұрттың эстетикалық болмысын әспеттейді. Халқымыздың мәдениетін дене қозғалыстары арқылы жеткізеді. Музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі образдарды бейнелеуге болады. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Тіпті, тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады.

Биыл облысымызда талай жасты шабыттандырған «Шабыт» би ансамбліне 40 жыл толмақ. Хореографиялық ансамбль 1984 жылы құрылды. Ұжымның репертуарында бүгінде 100-ден астам хореографиялық нөмір бар. М.Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайында балалар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оның ішіне 1984 жылы құрылған «Шабыт» үлгілі би ансамблі кіреді. Би ұжымының алғаш жаттықтырушысы Нина Гончарук тәрбиеленушілерінің шығармашылық белсенділігін дамытуға өз үлесін қосқан. 2000 жылы үйірменің жаттықтырушысы болып би ұжымының түлегі Галина Лапухина келген. Педагог 2017 жылы жоғары жетістіктері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Талант, еңбекқорлық пен табыстың нәтижесінде «Шабыт» би ұжымына «Үлгілі» деген атақ берілді. Қазіргі таңда би үйірмесіне 80 бала барады. Олар жас ерекшеліктері бойынша төрт топқа бөлінеді: кіші екі, орта екі, ересек бір топ. Бүгінде үлгілі би ансамблінің жетекшісі Галина Лапухинаның айтуынша, жас өнерпаздар биік шыңдарды бағындыруға ынталы.

— Биыл біздің ансамблдің құрылғанына 40 жыл. Осы уақыт аралығында қанша талантты қыздар өнер көрсетті. Негізі, әр би нөмірін қояр алдына қыздарыма біздің ұжым үлгілі екенін және көрерменге қолымыздан келгеннің бәрін көрсетуіміз керек, деп айтып отырамын. Ал қыздарым мені жақсы түсінеді. «Шабыттың» репертуарында халықтық, фольклорлық стильдендірілген билер, джаз және модерн бар. Күрделі техникаларды орындау әрі дене жарақаттарын алып қалмас үшін бишілер әр күн сайын алдымен дене қыздыру жаттығуларын жасайды. Мұнда денені шынықтыру, қалыпқа келтіру, бұлшық етпен, арқамызбен, аяқпен, қолмен жұмыс істейміз. Қыздарым шеттерінен өнерлі. Алда талай биік шыңдарды бағындырады деген ойдамын, — дейді ол. «Шабыт» үлгілі би ансамблінің әр жылдық есеп беру концертінде түлектердің өздерінің ойларынан туындаған нөмірлерді көруге болады. Бұл топтың дәстүрі – түлектер ансамбльдегі соңғы концертіне бір нөмірді өз бетінше орындайды. Мәселен, осы би ұжымынан түлеп ұшқан Настя Коваленко, Александра Головащенко, Саша Аминова, Валерия Фомина жергілікті және шетелдік өнер университтеріне оқуға түсті. Бұл қыздар осы өнерді жалғастырып, талантты тәлімгерінің жолын қуды. Олар осы күнге дейін Галина Александровнаға келіп, оған би қоюға көмектесіп, дайындық жұмыстарын жалғастыруда.

– «Шабыт» ансамблінің негізгі мақсаты – би өнері арқылы үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу. Баланың физикалық және эстетикалық дамуына, баланың мінезі мен даралығын айқын ашуға, сондай-ақ көшбасшылық, ұйымшылдық пен еңбекқорлық қасиеттерін дамытуға көмектеседі. Сабақтар топта өтетіндіктен, балалар еркін, ашық және көпшіл бола бастайды. Би сабақтары балаға қозғалыс, қарым-қатынаста көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, ішкі әлемін байытады және өзін тануға көмектеседі, – деп атап өтті көркемдік тәрбие бөлімінің меңгерушісі Жанар Қалтаева. Оның сөзінше, би ұжымы облыс тұрғындары үшін көптеген концерттер ұйымдастырады, қалалық, облыстық және халықаралық байқаулардың қатысушылары атанған. Жалпы би ұжымының қоржынында 92 марапат бар.

– Қала тұрғындары концерттерге қуана келеді. Жыл сайын көрермендер саны артуда және қатысушылардың саны да өсіп келеді. Осы жылдар ішінде көптеген ұл-қыз келді. Әр баланың бойында талант бар деп толық сеніммен айтуға болады, – деп түсіндірді Жанар Қалтаева. Балалар ансамблінің репертуарында әлем халықтарының билері, классикалық және заманауи билер, сюжеттік композициялардан тұрады. Ұжымның репертуарында 100-ден астам хореографиялық нөмір бар.

 

Өз тілшіміз.