Тарихымыздың шежірелі бетіне бедерленген ең бір ерекше мәдениеттің бірі — Ботай. Бұл туралы бүгінге дейін сан рет жазылып, ғалымдар сан түрлі жаңалықты айшықтаса да, осынау ұлы мәдениетті танытатын ескерткіштер мен белгілер адамды өзіне баурай беретіні бар.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музе-йінің ұйымдастыруымен «Ertis» мультимедиялық музейінде «Ботай – ұлы дала мәдениеті» атты жылжымалы көрменің ашылуы өтті. Енді бір ай уақыт аралығында облыс тұрғындары көршілес өңірден Ботай мәдениетіне қатысты табылған тарихи эскпонаттарды тамашалай алады.

Петропавл қалалық бейнелеу өнері музейінің қор бөлімі қызмет-кері Гүлнұр Зейнелғабиденованың сөзінше, Ботай мәдениеті – Солтүстік Қазақстанның энеолит дәуіріндегі ескерткіштерін зерттеген материалдар негізінде бөлінген археологиялық мәдениет. Бұл ғылыми жаңалық ерекше сәулет стилін жеткізген арғы ата-бабаларымыздың тарихи тәжірибесін көрсетеді.

Ботай мәдениетінің ерекшелігі мен маңызы – әлемде алғаш рет жылқы малы қолға үйретілді және жылқы-дала өркениетінің жаңашылдықтары басталды. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған қыш ыдыстардың зертханалық сараптамасы сол дәуірде мекендеген адамдардың бие сүтінен қымыз жасағанын көрсетеді.

— Көрме үлкен тарихты қамтиды. Оның ішінде Ботай қонысы 1980 жылдары зерттелген. Тарих ғылымының докторы, археолог Виктор Зайберттің ашқан еңбектерін әкеліп отырмыз. Сонымен қатар, жылқы малы алғашқы Ботай қонысында қолға үйретілген деген тұжырымдарға байланысты қолданбалы өнерден музей қорынан экспонаттар әкелінді.

«Ботай — Ұлы дала мәдениеті» атты жылжымалы көрме бұған дейін Астана қаласында, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінде көрермен назарына ұсынылған болатын. Павлодар қаласының тұрғындары көрмені бір ай тамашалай алады. Кейін басқа да қалаларға апару жоспарланған, — деді ол.

Ботай мәдениетін тұрғындар арасында танымал ету мақсатында Петропавл қаласында 2019 және 2023 жылы халықаралық деңгейде суретшілер симпозиумдары өткен. Оған Канада, Германия, Франция, Грузия, Румыния, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан елінің суретшілері қатысқан. Кейін олар өз туындыларын музей қорына тапсырған.

Әртүрлі жанрлар мен техникаларда боялған картиналар Ботай мәдениетінің рухын суретшілердің авторлық көзқарасында бейнелейді. Павлодарда ұйымдастырып отырған көрмеде 42 шығармашылық және пленэрлік жұмыс ұсынылған. Олардың арасында Ботай дәуіріндегі жылқының сүйектері, құрал-саймандар, керамика, рухани мақсаттағы заттар, қос тұрғын үйдің макеті, ежелгі өндірістік алаңдарды қайта құру, яғни интерактивті аймақтар бар.

Жалпы, көрмеге 140-қа жуық жәдігер қойылды. Оның 98-і — этнография және археология, 42-сі — бейнелеу өнерінің туындылары.

Көрменің ашылуында алғаш болып сөз алған Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқышева қаты-сушылардың барлығына алғысын білдіріп, әлемнің әр түкпірінен келген суретшілердің көзімен Ботай қонысын көруге мүмкіндік беретін бүгінгі көрменің ерекше атмосферасы арқылы олардың ой өрісінің кеңейетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Ботай мәдениетіне қатысты жыл-жымалы көрме «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде, Өзбек-стан Республикасының Самарқанд қаласындағы «Усматбой» сурет галереясында, Қазақ мәдениеті күндерін мерекелеу аясында Ресей Федерациясының Тюмень қаласында да болған-ды.

 

Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген –Есенжол Исабек.