Павлодарлық тауарлардың бәсі биік. Еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті алыс шетелде өз тұтынушысы бар. Кеше облыс орталығында «Қазақстанның үздік тауарлары-2023» республикалық байқау-көрмесінің облыстық кезеңі және «Бір ауыл — бір өнім — 2023» өңірлік тауар өндірушілерінің байқау-көрмесі өтті.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шара көпшіліктің қызығушылығын тудырды. «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне 20 павло-дарлық компания қатысуға ниет білдіріпті. Байқау-көрме «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» атты үш номинация бойынша өтті. Жергілікті тауар өндірушілер азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін қалың жұртшылыққа ұсынды. Көрме қонақтары заманауи жоғары сапалы жиһаздар, дәмді бұйымдар, киім-кешектер және тағы басқа тауарларды тамашалауға мүмкіндік алды. Қазылар алқасының сарапшылар тобы 9 жеңімпазды анықтады. Әр номинация бойынша үш үздік іріктелді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша «Песчанский ремонтно-механический завод» ЖШС, «Проманалит» ЖШС және «Казэнергокабель» АҚ жеңімпаз атанды. «Халыққа арналған үздік тауар» номинациясында «Turkey PVL» ЖШС, «Мерусар и К» ЖШС және «Рубиком» ЖШС кәсіпорны лауреат атанды. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Айсберг-ПВ» ЖШС, «ECO CITY Pavlodar» ЖШС және «МолКом-Павлодар» ЖШС дара шықты. «Бір ауыл – бір өнім – 2023» облыстық тауар өндірушілер байқау-көрмесіне жергілікті 17 тауар өндірушілердің өнімдері қойылды. Мұнда киізден жасалған бұйымдар, асқабақ шырыны, жүннен жасалған балалар ойыншықтары, ағаш бұйымдары, ұлттық әшекейлер, тәтті және ысталған құрт, депиляцияға арналған қант пастасы, нан пісіру, сабын және ірімшік жасау үдерісі, гхи майы ұсынылды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы 1970 жылдары Жапонияда енгізілген. Бұл жобада табиғи ресурстарды пайдалану арқылы ауылдық жерлердегі экономиканың құлдырауына және өз экономикасын жақсартудың шешімдері табылған. Жоба әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын өнімдерді дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар, жергілікті құндылықты көрсетеді және қауымдастықтың өзін-өзі қамтамасыз ету рухын көтермелейді.

 

О.АХМАДИЯ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.