Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры театр көрерменін осы тақырыптағы жаңа спектакльмен қуантпақ. Достық тақырыбын арқау еткен қойылымның премьерасы сәуір айының 29-30 күндері көпшілік назарына ұсынылады.
Қойылымның режиссері Жангелді Садықовтың сөзінше, бұл қойылым көршілес жандардың арасындағы нағыз шын достық жайлы сыр шертеді. Андро мен Сандро «ешқашан ұрыспаймыз» деген серттерін берік ұстайды, одан да басқа сындардан абыроймен өтеді, тіпті шын махаббаттарына да қол жеткізеді.
— Бұл спектакль белгілі театр режиссері, драматург, сценарист Георгий Хугаевтің «Бір досым керек екен» пьесасы желісі бойынша дайындалды. Тұсауы кесілетін қойылымда жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос әрі көршілер Андро мен Сандро туралы баяндалмақ. Неге бұл тақырыпты таңдадық? Себебі достық тақырыбы қай уақытта болмасын өзектілігін жойған емес. Осы туынды арқылы көрермен достықтың қадірін одан әрі түсінеді деген ойдамыз. Қойылымда театрымыздың 7 әртісі өнер көрсетеді. Олар Андро мен Сандро, Андроның әйелі – Марго, Дудар, Кошер, Бибо және Андроның қызының рөлдерін сомдайды. Қазіргі уақытта дайындықтың соңғы жұмыстары жүргізілуде, — дейді театр режиссері.
Ал басты кейіпкерлердің бірі Андроны сомдайтын театр әртісі Дәурен Әділ кішкентайынан бірге өскен кавказдық екі дос Андро мен Сандроның болмашы нәрсеге бола қайта көрместей боп ұрысып қалғанымен, бір-біріне білдірмей жақсылык жасауы дәл қазіргі кезде сиреп бара жатқанын алға тартады. Сондай-ақ, бұл туынды бауырмалдық сезім мен асыл құндылықтарымызды бағалауға итермелейді.
— Қазіргі уақытта шынайы және адал дос табу қиынның қиыны. Ал осындай достары бар адамдар бақытты. Қойылымда да осы тақырып қаузалады. Мен сомдайтын Андро мен Сандроның арасындағы реніш, ұрыс-керіс, келіспеушіліктер орын алады. Алайда соңында достық жеңеді. Театрсүйер қауымға ой салып әрі көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймыз деген ойдамыз, — дейді ол.
Сонымен қатар, қазақ театры сәуір айында Астана, Қарағанды және Теміртау қалаларын гастрольдік сапармен аралауды жоспарлап отыр. Өнер сапарында Ертіс бойындағы көрермендер көңілінен шыққан қойылымдар ұсынылмақ.
— Аймауытов театры бес жылда бір Астана, Алматы секілді ірі қалаларға, ал жыл сайын қалған өңірлерге гастрольдік сапармен барады. Осы орайда биыл алғашқы сапарымыз Астана, Қарағанды және Теміртау қалаларында ұйымдастырылмақ. Мақсатымыз – бүгінге дейін қойылған спектакльдерді көрсету, астаналық көрерменмен қауышу және актерлермен тәжірибе алмасу. Әуелі 14-15 сәуір күндері театр труппасы Астана қаласына барып, Астана Жастар театрында «Джудит жасаған қиын таңдау», «Ұждан» қойылымдарын, «Маугли» ертегісін сахналайды. Ал 16 сәуір күні өнер ұжымы Теміртау қаласының көрермендерін «Маугли» және Ұждан» туындысымен тәнті етсе, 17-18 сәуір күндері Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында жоғарыда аталған қойылымдарды ұсынады. Одан бөлек, жылына бірнеше мәрте аймағымыздың елді мекендерін гастрольдік сапармен аралаймыз, — дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
Киелі Ертіс-Баян өңіріндегі театр өнерінің тәбәрігін ала баратын труппаның бұл сапары елордалық және қарағандылық жұртшылықтың мәдени өмірі үшін маңызды оқиға болатыны даусыз. Актерлер сахналайтын қойылымдар көрермендердің барлық аудиториясын қамтиды деп жоспарланған.
Айта кетейік, мамыр айында театр сахнасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Англияның Лондон қаласынан келген тәуелсіз режиссер Михаил Туманишвилидің спектаклі сахналанбақ. Бүгінде премьераға дайындық қызу өтуде.
Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.