Мәдениет және демалыс саябағында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ел бірлігін ұлықтаған «Бір шаңырақ астында» атты достық фестивалі өтті.
Шара барысында киіз басу, кестелеу, құрақ құрау өнері көрсетілді. Мерекелік жиынды облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі салтанатты түрде ашты. Фестиваль аясында қазақ халқының рухани құндылықтары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, көрермен назарына қазақ халқының ұлттық қолөнер көрмесі ұсынылды. Көрмеде киіз басу, кестелеу, құрақ құрау, зергерлік бұйымдар секілді ата-бабамыздан жеткен асыл өнер туындылары таныстырылып, ұлттық мұрамыздың байлығы айқын көрініс тапты. Бұл өнер мен салт-дәстүр сабақтастығын, ұлттың жан дүниесін паш еткен тағылымды кездесу болды.
Одан бөлек, сахна төрінде жүрек тебірентер әндерімен «Сағым жылдар» ансамблі, ел арасында бірлік пен рухани құндылықтарды насихаттап жүрген Железин ауданының «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сахнаға сән беріп, рухты көтерген «Самғау» би тобы өз өнерлерін ұсынып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Өз тілшіміз.