Жұмыс күніне және ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жүздеген павлодарлық Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда өткен кезекті концертке жиналды. Кеш барысында көпшілікке белгілі филармония әншілері Серік Рысбек, Мадияр Бақтияров және Жібек Айтбаева көрермендерді үздік туындыларымен қуантты. Олар танымал музыкант Александр Андрющенко жинаған жас аспаптық ансамбльдің жанды сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Павлодарлықтар облыстық филармония сахнасында өтетін классикалық, халық музыкасының дәстүрлі концерттеріне, үздік вокалистер мен хореографиялық ұжымдардың қойылымдары мен тақырыптық кештерге үйренген. Өнер ұжымы көрермендердің өнерге деген қызығушылық күрт артқанын байқап, жақында сәл өзгеше нұсқадағы жобаны қолға алған. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде филармония әншілері Мадияр Бақтияров, Серік Рысбек және Жұпар Айтбаеваның қатысуымен авторлық және кавер ән кешін өткізуді жөн санайды.
— Біз үшеуіміз де филармонияда жұмыс істейміз. Бір салада еңбек етіп жүргендіктен музыка әлеміндегі жаңа тенденцияларды жиі талқылаймыз. Сондықтан бұрынғы мен қазіргі әндерді байланыстырып, осындай кешті ұйымдастыру идеясы пайда болды. Сондай-ақ, авторлық әндеріміз де шырқалды. Дайындыққа көп уақыт кетпеді, — дейді филармонияның әнші Мадияр Бақтияров.
Филармония солистері концерт барысында Роза Рымбаева, Алексей Чумаков, «А-Студио», «Крем» және «Ninety One» топтарының көпке белгілі әндерінің кавер нұсқаларын орындады. Сонымен қатар, павлодарлық сазгерлер мен ақындардың сөзіне жазылған әндер шырқалды.
— Көрермендер есті де ескі әндерді сағынады. Мұны залға жиналған адамдардың көңіл күйінен сездік. Әсіресе, әр туындыны орындау барысында көрермендердің бізбен бірге қосылып ән шырқағандарын байқадық. Қала тұрғындары мен қонақтары болашақта да осындай нұсқадағы ән кештеріне қатысады деп ойлаймын, — деп бөлісті филармония әншісі Жібек Айтбаева.
Кеш барысында орындалған композициялардың көпшілігін аударған музыкант Александр Андрющенконың айтуынша, концертке дайындық барысында команданы жинау қиындық тудырған. Себебі, құрамдағы жеті адам әртүрлі топтарда өнер көрсетеді.
— Ән кеші жоғары деңгейде өтті. Өйткені, қатысқан әр өнер иесі — өз саласының маманы. Дайындық барысында команданы жинау қиын болды. Себебі, олар әртүрлі мекемелерде қызмет етеді. Алайда өтінішімді тастаған жоқ. Аз уақытта дайындық жұмыстарын жүргіздік, — дейді А.Андрющенко.
Орталықтың музыканттары үнемі тәжірибе жасап, шығармашылық процеске жаңалық енгізіп отырады. Бұл павлодарлық әртістердің шеберлігі мен кәсібилігін жоғары бағалайтын көрермендердің назарынан тыс қалмайды.
— Биыл біз сахнада да, техникалық жағынан да, әртістердің репертуарында да өзгерістерді байқадық. Ұмытылмас көңіл күйге бөлендік. Осындай ерекше әсер сыйлаған филармония ұжымына алғыс білдіремін! – дейді тұрақты көрермен, павлодарлық ақын Ирина Червякова.
Гитара мен саксофонның жарқын дыбыстарынан басқа, күзгі әуендер кешінде барабаншы Иван Быстровтың керемет қойылымын тамашалауға мүмкіндік болды. Көптеген көрермен оны аты аңызға айналған маэстро Виктор Шейкиннің жетекшілігімен джаз оркестрінің қойылымдарынан жақсы біледі. Павел Бакалкиннің орындауындағы тромбондағы соло бұл концертке ерекше көңіл-күй сыйлады.
83-інші маусымда филармония әртістері репертуарларын белсенді түрде жаңартып, тыңдармандарға көптеген қызықты жобаны дайындауда. Мәселен, жақында «Нұр» хореографиялық ансамблінің, «SAMIYAN» квинтетінің, сондай-ақ «RUH» этно-фольклорлық ұжымының және өзге де өнер топтарының бірлескен концерті өтпек.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.