«Дабылым дауылпаздай шарықтаған…»

Сәу 24, 2025

Биыл қазақ өнерінің феномені, ақын, әнші һәм актер Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толды. Ұлт руханиятына өшпес із, өлмес мұра  қалдырған талантты тұлғаның шығармашылық мұрасын насихаттау жүгі — мәдениет саласы мамандарына ғана емес, журналистер қауымына да жүктелген міндет. Осы мақсатты алға тартып, жақында Ертіс ауданына қарасты Үлгілі ауылына бардық. Бұл — ақынның  туған жері, қазақтың сан түрлі өнерін бойына сіңіріп, өсіп-өнген ауылы.

«Біздің Иса»

Дархан даланың дауылпаз әншісі, талантты ақын, шебер актер Иса Байзақовтың табаны тимеген, оның өнерінің жұрнағы, өлеңінің өрнегі қалмаған жер жоқ шығар. Ол — қазақтың қай өңірінде жүрсе де ешкімнен жатырқамай, жасқанбай өнер айдынында кең құлаш сермеген жан. Исаны бар қазаққа ортақ тұлға дейтініміз де сол. Бірақ, оның хас талант иесі атанып, қаймана қазаққа танылуына және мұнша аңызға айналуына туған ауылы Үлгілінің бергені мол, қосқан үлесі зор. Үлгілінің халқы Иса Байзақовты өздерінің ата-бабаларындай құрметтейді екен. Ауылдың қай тұрғынымен әңгімелессеңіз де оның өмірі мен шығармалары туралы сыр шертуге әзір. Есімін айрықша әспеттеп, «Біздің Иса» деп мақтанышпен айтады. Ауданда Иса Байзақов атындағы ауылдық округ бар. Ертіс ауданының Құрметті азаматы, журналист Самат Мәненовтің айтуынша, ақынның есімі ауылдық округке 1970 жылдары берілген. Оған сол кезде Ертіс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Бақұстар Рамазанов есімді азамат ықпал еткен екен. Сонымен қатар, ақынның кіндік қаны тамған Үлгілі ауылындағы қазақ орта мектебі де Иса Байзақов есімімен аталады. Бұл шамамен 1980 жылдары ауыл тұрғындарының бастамасымен әрі есімдері аймаққа белгілі ақын-жазушылар Мүбәрак Жаманбалинов, Қабек Сағитовтардың ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Үлгілі деп отырғанымыз –
Иса  Байзақов ауылдық округінің бір бөлімшесі. Одан бөлек, Ертіс ауданының орталығында Иса Байзақов көшесі бар.

Бізді мектеп директоры Қанат Сәлменов қарсы алып, ақын мұрасын дәріптеу, насихаттау бағытындағы барлық жұмыстармен таныстырып шықты. Бұл мектепте Исаны оқу, тану бағытындағы жұмыстар 2007 жылы басталып, бір жүйеге қойылған. Мектеп ғимаратының екінші қабатында Иса Байзақовтың музей-залы бар. Бұл музей сегіз бөлім бойынша құрастырылып, әр бөлімде тақырыпқа сәйкес сирек материалдар, жәдігерлер жинақталған. Музей жұмысы туралы және онда сақталған құнды жәдігерлер туралы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нәйла Нұркенова айтып берді.

Мұғалімнің айтуынша, ақынның шығармашылық мұрасына арналған музей-залы 1990 жылы Иса Байзақовтың 90 жылдық мерейтойында ашылған. Аталмыш музейдің жабдықталуына кезінде сол мектепте мұғалім, кейін директор болған Күләш Әбиева деген кісінің еңбегін ерекше атап өтті.

— Бірінші бөлім ақынның өмірбаянына арналған. Мұнда жерлесіміздің осы ауылда туып, Алматыда дүниеден өткенге дейінгі жүрген жолын қамтуға тырыстық. Екінші бөлімнен ақынның ата-баба шежіресімен таныс бола аласыздар. Ал үшінші, төртінші және бесінші бөлімдерде жерлесіміздің ұрпақтары және ақындық таланты мен актерлік еңбегі туралы мол мағлұмат бар. Алтыншы бөлімге Иса ақынның өзі тұтынған заттары қойылған. Оның ішінде өзі ән тыңдайтын патефоны, жазу үстеліне қойған қалам салғышы және басқа да қолданған заттары ақынның көзіндей қаз-қалпында сақталған. Одан кейінгі бөлімдерде замандастарының айтқан сөздері, исатанушылардың еңбектері бар, —
деді Нәйла Байжанқызы.

Аталмыш музей-залында  ақынның өмір тарихын, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа таныту жолында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, ауданға қарасты ауыл мектептерінің оқушылары жиі келіп, экскурсия жасайды. Сонымен қатар, Иса Байзақовтың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеп, эссе, мақала және курстық жұмыстар жазушылар да осы музейдің материалдарына жүгінеді.

«Құралай сұлу» картинасы

И.Байзақов орта мектебінде ерекше көзге түскен көріністердің бірі – «Құралай сұлу» поэмасының желісі бойынша салынған қабырға картинасы. Бұл туындыны Ертіс ауданына танымал суретші Жаңбырбай Адамов тарту етіпті. Дәлірек айтсақ, 1990 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойына дайындық кезінде салынған екен. Ақынның шығармашылығына арналған әдебиет музейі де сол жылы ашылғанын жоғарыда атап өттік.

— Ақынның 90 жылдық мерейтойы да дүркіреп өткені есімізде. Сол жылы Үлгіліде республикалық ақындар айтысы өтті. Оған сол кезде айтыссүйер жұртқа енді танылып келе жатқан Аманжол Әлтаев, Әсия Беркеновалар қатысқан болатын, — деп еске алды ауыл тұрғыны Зейнеп Ахметова.

Тұрғындардың айтуынша, Иса Байзақовтың 90 жылдығына орай мектепке ғана емес, бүкіл ауылға аудан билігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қыруар жұмыс атқарылыпты. Сол жылы әрбір үйге басқа ауылдардың бірде-бірінде жоқ үй телефоны қойылған еді деп еске алды тұрғындар.

«Исатану» курсы оқытылады

Бүгінгі таңда Ертіс ауданының мектептерінде «Исатану» курсы оқытылады. Курстың бағдарламасын 2007 жылы сол кездегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болған Ғажденбек Тұрсынбеков бастаған топ құрастырып шыққан. Курс 5-8-сынып оқушыларына аптасына бір рет оқытылады.

— Курстың негізгі мақсаты — Иса Байзақовтың еңбектерін аудан және облыс көлемінде кеңінен таныту. Курсты құрастырушылар ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын кезең-кезеңге және тақырыптарға бөліп толық қамтыған. Мысалы, Исаның өмірбаяны, ақындық тұлғасы, әншілік қыры, артистік еңбегі, театр сахнасындағы рөлдері. Ақынның өлеңдерінің өзі бірнеше бөлімнен тұрады. Яғни, саяси үгіт-насихат бағыттағы, Ұлы Отан соғысы туралы патриоттық бағыттағы, табиғатты суреттеген лирикалық  сарындағы поэзиясы жеке-жеке оқытылады. Одан бөлек, өзінің достарының, замандастарының, танымал ақын-жазушылардың және кейінгі исатанушылардың пікірлері де қамтылған, —
деді мектеп директоры Қанат Қалелұлы.

Сонымен қатар, жыл сайын аудандық «Иса оқулары» байқауы ұйымдастырылып, ақынның өлеңдері мен әндеріне құштар жастардың басын қосады. Жалпы, Ертіс ауданында ақынның өлеңдерін, поэмаларын жатқа оқып, әндерін шырқайтын жастардың қатары көп. Оның барлығы — сол мектеп қабырғасында оқытудың, одан кейін оқушылар арасында өтетін «Иса оқулары» байқауының толық нәтижесі. Бүгінде мектеп оқушылары арасында Иса Байзақовтың 50-60 өлеңіне дейін жатқа оқитындар бар.

— Мектебімізде аудандық «Иса оқулары» байқауы 2011 жылдан бастап өтіп келеді. Алғашқы жылдан бастап қатысушылар көп болды. Соған қарағанда ақынның шығармашылығы халықтың жанына өте жақын екенін аңғаруға болады. Бірінші жылдың өзінде ауылдардан іріктеуден өткен 50-ден астам оқушы аудандық кезеңде бақ сынап, нағыз өнер аламанын көрсетті. Содан бері бұл үрдіс үзілген жоқ. Мұны біз үшін Иса ақынның шығармашылығына арналған үлкен бір мереке десек те болады. Балалар да асыға күтеді, — дейді мектеп мұғалімі Н.Нұркенова.

Байқау төрт номинация бойынша өткізіліп жүр. Бірінші бөлім тапсырмасы ақынның өлеңдерін жатқа айту болса, екінші бөлімде арнау өлеңдерін оқиды. Содан кейін әншілік өнері мен актерлік шеберліктері де сыналады.

Биылғы ақынның мерейтойына орай «Иса оқулары» байқауын аймақтық деңгейде өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, айтыскер әрі импровизаторлық өнеріне, әншілік талантына, актерлік еңбегіне байланысты жеке-жеке конкурстар өткізілуі мүмкін. Автордың эпикалық шығармаларының желісі бойынша суретшілер байқауы да ұйымдастырылады. Ал қазан айында «Осы жұрт біле ме екен Иса ақынды» деген  тақырыпта ауқымды конференция ұйымдастырамыз деп отыр ауылдастары.

Тілеуберді САХАБА.