Дала данышпаны Шоң би

Ақп 6, 2025

Жуырда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Баянауыл сыртқы округінің тұңғыш аға сұлтаны Шоң би Едігеұлының туғанына 270 жыл толуына арнап шығарылған «Дала данышпаны Шоң би» атты альбом-кітапшаның тұсаукесері өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, өңірдегі мәдениет пен білім саласының майталмандары қатысты.

Шоң би Едігеұлының 270 жылдығы өткен жылы атап өтілген. Сол уақытта 3Д нұсқасындағы альбом-кітапша дайындалған. Онда әйгілі би және оның заманы жайлы деректер топтастырылған. Деректер суреттермен әрленіп жеткізілген.

Шоң би — 1754-1836 жылдары өмір сүрген Орта жүздің атақты биі. 1833-1836 жылдары Баянауыл сыртқы округін билеген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке келіп, қол астындағы халықты төрелер билігіне қарсы ұйымдастырып, Нұра өзенінің бойындағы хан иемденген жайлауды тартып алады. Төре еместердің де ел басқара алатынын дәлелдеп, патша бекіткен жарғыны бұздырған, қара қазақтан аға сұлтан болған тұңғыш би.

Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманның айтуынша, еңбекті шығарудағы басты мақсат — Шоң бабаны ұлықтау, елге, жерге жасаған қызметін насихаттау және оны жас ұрпақтың бойына сіңіру.

— Альбом-кітапшада Шоң биге қатысты деректер шағын түрде берілген. Онда ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі, істеген істері, тарихта қалған оқиғалары және  мерейтойына арналған шаралардың тізбегі де берілді. Қазіргі уақытта ел басқару ісі жеке ғылым ретінде зерттеледі. Егер осы салада кімдер үлгі болды десе, алдымен осы Шоң би бабамыздың атын атай аламыз, — дейді М.Нұғыман.

Кездесу барысында жиналған қауым тарихи тұлғаның бейнесі мен атқарған еңбегіне тоқталды.

— Шоң би білікті адам болған. Елді ақылмен, әділ және іскер басқарғаны сонша, оның билігіне хандар да қызыға қараған. Ол заманда төрелер қара халықты салық сала отырып, қатты қинаған. Көреген саясатшы ретінде де қара халықтың мұңын көздеп, жоғын жоқтайды, елдің тұтастығы үшін күреседі. Сондықтан қазақ тарихында елеулі іс атқарған Шоң бидің есімі ұмытылмауы тиіс, — деп атап өтті Павлодар облысының Құрметті азаматы Мұрат Рахметов.

Шара соңында альбом-кітапшаның тұсауы кесілді.

Айдана БОРАНБАЕВА.