Дархан мінез, табиғат берген талант иесі, суырыпсалма ақын, әнші-композитор, көрнекті қайраткер Қүдайберген Әлсейітовтің 140 жылдық мерейтойы туған өлкесі — Железин ауданында сән-салтанатымен аталып өтті. Жерлестері қазаққа танымал дарын иесінің есімін ел арасында насихаттап, өскелең ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында аудандық «Шабыт» балалар өнер мектебінде домбыра кабинетіне ақынның есімін берді.
Мерейтойлық шараға жиналған қауым алдымен Мәдениет үйінің алдында орналасқан ақынның бюстіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ақынның мерейтойына ақынның ұрпақтары, аудан тұрғындары, өнер сүйер қауым, мәртебелі меймандар қатысты. Мерейтой аясында «Құдайберген Әлсейітовтің ақындық тұлғасы» атты облыстық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Мұнда ғалымдар суырыпсалма ақынның өмірі, еңбектері мен шығармашы-лығы турасында тың деректерімен бөлісті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан жаңадан ашылып, ақын есімі берілген домбыра кабинетінде атақты жерлесте-рінің ізін жалғар өнерлі ұрпақ тәрбиеленетініне сенім білдірді. Құдайберген Әлсейітов тұтас өмірін өнерге арнап, елін әнмен әлдилеп, жырмен көмкеріп, асыл өнерді ардақтай білген тұлға екенін атап өтті.
— Құдайберген Әлсейітовтің шығармашылығы мен даналығы, оның бай мұрасы біздің мәдениетімізде ерекше орын алады. Оның өлеңдері мен айтыстары туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ар-намыстың, мақтаныш пен ұлттық рухтың символына айналды, — дейді Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов.
Ардагер журналист Ғалия Балтабай ғалымдар Құдайберген Әлсейітовтің мол мұрасын зерттеп, еңбектерін жинақтаса, қазақтың руханиятына қосылған қомақты үлес болатынын айтты. Ә.Марғұлан атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры Әділбек Әміренов те әлі де зерттеуді тереңдету керек деген пікірде. Айтуынша, қазір қолда бар 9 өлең, 3 айтыспен шектелмей, осы бағыттағы жұмысты кеңейтіп дамыту қажет. Ақын небары 49 жасында өмірден озса да, соңына өшпес мұра қалдырды.
Құдайберген Әлсейітовтің Сәруар, Дәметкен есімді екі қызы болған. Нағашы аталарының мерейтойына жиендері қатысып, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірген. Ақынның жиені Амангелді Уақбаев анасының әрдайым нағашы атасы жайлы жиі сөз етіп, өнерлі, атақты домбырашы, айтыскер болғанын айтқанын атап өтті.
Айта кетейік, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі өңірімізге белгілі өнер қайраткерлерінің жеке заттары мен жәдігерлерінен көрермен назарына «Ертіс-Баян өңірінің дарынды тұлғалары» атты көрме ұсынды.
Мерейтой кеші Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарламасымен түйінделді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ,
Железин ауданы.