Таяуда Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында кезекті қойылымның премьерасы өтті. «Бір досым керек екен» атауымен аталған спектакль достық және бірлік тақырыбын арқау етті.
Қойылымның режиссері Жангелді Садықовтың сөзінше, ерекше спектакльдің көрерменге айтары көп, берері мол екені сөзсіз. Өнер ұжымы жаңа қойылымды бірлік тақырыбымен байланыстырған.
Қойылым көршілес жандардың арасындағы нағыз шын достық жайлы сыр шертеді. Андро мен Сандро «Ешқашан ұрыспаймыз» деген серттерін берік ұстайды, одан да басқа сындардан абыроймен өтеді, тіпті шын махаббаттарына да қол жеткізеді.
— Бұл спектакль белгілі театр режиссері, драматург, сценарист Георгий Хугаевтің «Бір досым керек екен» пьесасы желісі бойынша дайындалды. Дайындыққа 1 айдай уақыт кетті. Тұсауы кесілген қойылымда жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос әрі көршілер Андро мен Сандро туралы баяндалады. Неге бұл тақырыпты таңдадық? Себебі, достық тақырыбы қай уақытта болмасын өзектілігін жойған емес. Осы туынды арқылы көрермен достықтың қадірін одан әрі түсінді деген ойдамыз. Қойылымда театрымыздың 7 әртісі өнер көрсетті. Олар Андро мен Сандро, Андроның әйелі – Марго, Дудар, Кошер, Бибо және Андроның қызының рөлдерін сомдады, — дейді театр режиссері.
Көп уақыттан бері бірнеше елдің театр сахналарында қойылып жүрген бұл спектакль жергілікті қазақ театрында алғаш сахналанды. Туындыны тамашалауға келген қала тұрғындарының қарасы қалың болды. Спектакль соңында көрермен ду қол шапалақ соғып, әртістердің өнеріне оң бағасын берді.
Айта кетейік, өнер ұжымы «Бір досым керек екен» қойылымынан бөлек осы маусымда ерекше бағыттағы «Пері қатын» спектаклін көрерменге ұсынбақ.
Аружан ДАНИЯРҚЫЗЫ, театр көрермені:
— Қойылымдағы басты кейіпкерлер — Андро мен Сандро деген қос ақсақал достықтың белгісі ретінде алынған. Сонымен қатар, казіргі уақытта сиреп бара жатқан бауырмалдық сезім мен асыл құндылықтарымызды бағалауға итермелейді. Тау халқының ұлттық колориті мен әзілдері маған көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Театр әртістері бүгінде қоғамда орын алып жүрген оқиғаларды комедиялық қойылым арқылы жоғары деңгейде жеткізе алды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.