Думанға бөлеген «Ertis Promenade»

Қыр 25, 2025

Павлодарлықтар үшін жаз айлары тек демалыс пен серуеннің емес, мәдени өмірдің қызған шағына айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары әр аптаның әр күнінде Орталық жағалауда жиналып, «Ertis Promenade»сахнасында ұйымдастырылған түрлі бағыттағы шараларды тамашалады. Концерттер мен би кештері, театрландырылған қойылымдар мен шығармашылық жобалар – барлығы Ертіс бойын мәдениет пен шаттықтың ордасына айналдырды. Ал маусымның салтанатты жабылу кешінде 200 мыңнан астам көрермен бас қосып, жазғы дәстүрге айналған бұл жобаның тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеді.

 

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның сөзінше, бұл — «Ertis Promenade» сахнасының 6-ншы маусымы.
6 жыл ішінде басты сахнада мәдени, спорттық, ойын-сауық және білім беру жиындары өткізілген. Сондай-ақ, осы маусым аралығында басты сахнада 200-ден аса әртүрлі іс-шара өткізіліп, 800-ге жуық көрермен жиналған.

— Бұл маусым тек концерттер мен спорттық шаралармен емес, сонымен қатар, идеологиялық жобалармен де ерекшеленді. Павлодарлықтар екі рет үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – «Ertis dauysy» жобасы. Бұл жобадан жаңа жұлдыз шығып, қазіргі таңда оның алғашқы әні жазылып, жуырда жергілікті радиолардан шырқалмақ.

Жалпы, маусым бойы 21 би кеші, 44 спорттық шара, 260 сағаттық концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оларға 2 740 өнер адамы қатысты. Оның 32-сі — елімізге және әлемге белгілі жарық жұлдыздар. Ал аталған шараларға 800 мыңнан аса көрермен жиналды. Осы маусымның тағы бір ерекшелігі, Орталық жағалауда елімізде алғаш рет Мемлекеттік ту дронмен көтеріліп, әлемдік рекорд орнатылды. Сондай-ақ, үлкен көлемдегі кимешекте жаңа рекорд орнатты. Алдағы уақытта «Ertis Promenade» сахнасында Республика күні және басқа да мемлекеттік мерекелер аталып өтілмек. Олардың қатарында «Реал Мадрид – Қайрат» футбол матчының тікелей көрсетілімі де болуы мүмкін.

Біз кезекті маусымды жапсақ та, келесі маусымға дайындықты бастап кеттік. Алдағы маусымда да павлодарлықтарға қызықты тосынсыйларды дайындаймыз, — дейді С.Гладышева.

Маусымның жабылуына арналған салтанатты шара барысында «Ertis Promenade» сахнасында әртүрлі бағыттағы шаралардың үздіксіз өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік еткен бірқатар мекеменің өкілдері облыс әкімі Асайын Байхановтың Алғыс хатымен марапатталды.

Кештің шырайын елімізге және шет елдерге белгілі өнер жұлдыздары аша түсті. Сахна төріне Тұрар, R-One, VSXV Prince, Elman, Mona және Алексей Чумаков шығып, өздерінің ән қоржындарындағы үздік әндерін орындады. Қала аспанын тербеген әуезді әуендер мен көрермендердің ыстық ықыласы кештің мерекелік сәнін арттыра түсті. Жиналған қауым сүйікті әншілерінің өнерін тамашалап қана қоймай, әсем әуенге қосылып, ерекше көңіл- күйге бөленді. Бұл кеш көпшілік үшін жазғы маусымның ең есте қаларлық жарқын сәттерінің біріне айналды.

Ақерке ҚАБЫШЕВА, көрермен:

— «Ertis Promenade» сахнасының кезекті маусымының жабылуына арнайы Баянауыл ауданынан келдім. Мерекелік концерт қызықты әрі көңілді өтті. Өзімізге керемет әсер алдық. Алдағы уақытта да осындай ауқымды шаралар жиі ұйымдастырылып отырса екен.

Айдана БОРАНБАЕВА. Павлодар қаласы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.