Ертеден өзінің өміршеңдігін жоймай келе жатқан мамандықтың түрі — тігіншілік. Мұны біреулер өнер десе, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Екеуіне де келісуге болады. Себебі, тігін тігу үшін де ептілік, үйлесім, шеберлік, шыдам керек. Қарапайым ғана мысал, түймең түсіп қалса, оны кез келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрініп тұрады. Сондай қолы алтын шебердің бірі — Жанар Мұстафина.
Павлодар қаласының тұрғыны Жанар Мұстафина — киім тігудің шебері. Бүгінде сүйікті ісінен шағын кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Әуелде медицина саласында еңбек еткен ол, бірнеше жылдан бері ұлттық әртүрлі үлгідегі киімдерді тігуді қолға алыпты. Айтуынша, кейіпкеріміздің бойына мұндай өнер бала кезінде дарыған.
– Мектепте оқып жүргенімде өз көйлегімді өзім тігетінмін. Кейін келе тігіншілік сүйікті ісіме айналды. Арнайы мамандық алып, тігіншілікке бет бұрдым. Қай кезде де тапсырыспен жұмыс істеймін. Қолымнан бәрі келеді десем, артық айтқаным емес. Тұтынушының жұмысыңа риза болғанын көргенде қуанышқа кенелесің. Тігіншілік – қыздарға, жас келіншектерге, жалпы, жастарға керек мамандық. Өз көйлегіңді өзің тігіп кисең де пайда. Маған тігінді үйренгісі келетін қыз-келіншектер көп келеді. Қолым бос уақытта оларға үйретуден жалықпаймын. Тігіншіге керек басты қасиет – шыдамдылық пен ынта. Береке ерінбей еңбек еткенге бітеді. Жолдасым мен қызым — отбасындағы қолдаушыларым, – дейді ісмер.
Кейіпкеріміздің үйіндегі матаның түр-түрі, ине-жіп, түрлі бұйымдар көздің жауын алып, бөлме ішіне ерекше әр беріп тұр. Тапсырыс берушінің көкейіндегісін дөп басу үшін ол алдымен ойындағысын қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған эскизге жан бітіру мақсатында адамның түр-әлпетіне сай келетін мата, оған үйлесетін моншақ-тастарды таңдайды. Мәселен, қыздарға арналған бір көйлекті тігу үшін бір апта, кейде айдан астам уақыт жұмсалады. Ал ұлттық нақыштағы перделерді дайындауға 1-2 күн кетеді.
— Алғашқы тапсырыстарым бишілерден, дәстүрлі бағыттағы әншілерден қазақи нақыштағы киімдерге түсті. Сондықтан, қазақи киімдерді тігіп жүрдім. Өзіме де осы бағытта кәсібімді өрбіткен ұнайды. Қазіргі уақытта заманауи үлгідегі киімдерді де топтамаға қостым. Десек те, дәстүрлі киімдерді тігуге бүйрегім көбірек бұрып тұрады, —
дейді Жанар.
Өзін тігіншілік өнеріне арнаған ісмердің қолынан келмейтіні жоқ. Қыстық киімнен бастап жаздық көйлекке дейін өңдеп, тігіп береді. Кейбірін жөндейді, кейбірін оюлайды. Не керек, әйтеуір қай істе де шебердің қолы ортақ.
— Сапалы матамен тігілген киімнің өңі бірден көрінеді, ол қолға икемді, түсі реңді, жылтыр болады. Ал сапасыз матамен тігілген киім синтетикасы көп, түсі қанық емес, тез қыртыстанғыш келеді. Оның үстіне мен көбіне сахнаның киімімен жұмыс істейтіндіктен, оны сапалы матадан, әдемі оюдан, түрлі тас әшекейлерін қосып тіккенді жөн көремін. Дей тұрғанмен, кей кездері сапасыз матадан да сапалы дүниені шығаруға мүмкіндік бар. Ол алдымен, тігіншінің шеберлігіне, матаны қолдану техникасына тікелей байланысты. Бағасы матаның сапасына, тігу уақытына байланысты әртүрлі болып келеді, — дейді ол.
Тігінші қазіргі жастар тігіншілік өнерді үйренбей, білмей кете ме деп алаңдаушылық білдіреді. Төл өнерді ұмытуға, қажетсіз деп тастай салуға болмайды деп бәйектенеді. Тігін өнерінің қыр-сырын меңгергісі келетін, онымен айналысуды көздеп жүрген жандар болса, оларға жол сілтеп, көмектесуге әрдайым есігі ашық екенін айтады.
— Қолымнан шыққан киімдердің барлығы дерлік өз шығармашы-лығымнан, ойымнан туындайды. Тапсырыс берушілердің көбі түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысатын-дықтан, ол жерде киілетін киім өзгелерден өзгешеленуі тиіс. Мен осы ойды негізге ала отырып, киімді ойластырып, сызбасын сызып, тұтынушыларға ұсынамын. Кей кездері тұтынушымен бірлесе отырып, киім дизайнын әзірлеп шығарамыз. Оған қоса, тапсырыстан бөлек, кез келген киім үлгісіне қосымша фурнитура жасап беремін. Мысалы, қыз балаға қазақи нақыштағы киім үлгісін тігу қажет болса, жанына оюмен өрнектелген белдік не бас киімді сыйға тартамын, — дейді тігінші.
Бала күнінен әдемілікке іңкәр болған кейіпкеріміз бойжеткенде ұлттық үлгідегі дүниелер тіксем деп армандағанын айтады. Журналдардан киім үлгілерін, ұлттық оюларды көрсе, қиып жинаған. Келе-келе бала кезгі арманына қанат бітіп, бүгінде ол өз ісінің маманы екенін дәлелдеуде. Алдағы уақытта өз ісін дөңгелетуді де ойлайды. Жүрек қалауымен атқарылған істің қайтарымы болады. Кейіпкеріміз ісмерлікпен қоса, іскерлікті қолға алса, еңбегі еселеніп, жұмысының игілігін көретініне сенімді.
Айдана БОРАНБАЕВА.