Бала кезінен елдің алдына шығып, өнерімен көрінген дәстүрлі әнші Әсел Ботаеваның есімі Ертіс—Баян өңіріне жақсы таныс. Ол – табиғи дарыны мен табанды еңбегінің арқасында елге танылып, дәстүрлі ән өнерінің көшін өрге сүйреп жүрген өнерпаздардың бірі, республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты. Көрермен көзайымына айналған Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әншісі, Майра Уәлиқызының әндерін насихаттаушы Әсел Ботаевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
— Туған жер, өскен орта—ңыздың өнеріңіздің өркен жаюына ықпалы болды ма?
— Әрине… Мен киелі Баянауыл баурайында, әнші, ақын, композитор Жаяу Мұса атындағы ауылда туып-өстім. Бес жасымда домбырамды қолыма алып, өнерге бейім болдым. Бойымдағы өнердің ұшқынын ерте байқаған ата-анам менің талабымды шыңдап, қабілетімді ары қарай дамытуыма ықпал етті. Ауылдың әнші қызы атанып, өзге өнерпаздармен бірге аудандық, облыстық деңгейде өтетін мерекелік іс-шараларға, концерттерге, байқауларға шығып тұрдым. Барлық жағдайымды жасап, баптаған ата-анама ризашылы-ғымды айтқым келеді. Сонымен қатар, өнерімді бағалап, оны дамытуыма мүмкіндік жасаған Балтабай Сыздықов, Нұрлан Күлжан сынды ұлтжанды азаматтарға алғысым шексіз.
— Өнердің қыр—сырын үйреткен ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз…
— Менің бағыма қарай ұстаз-дарым мықты болды. Алғашқы ұстазым – әкем. Кішкентай кезімнен домбыра шертуді үйретіп, өнерге деген қызығушылығымды оятты. Бақыт Қайдаров атындағы орта мектепте білім алдым. Музыкадан сабақ берген ұстазым Манарбек Мұхиденұлы мені жетелеп алғаш концерттерге шығарып, өнерге баулыды. Кейін домбырашы Назгүл Балшекенова мұғалімнен сабақ алдым. Ол кісі ауылымыздағы Жаяу Мұса атындағы музыка мектебінің филиалында жұмыс істеді. Онда 1-2 жыл оқыдым. Өкінішке қарай, 90-жылдардың қиын кезеңінде жабылып қалды. Ол кісі ештеңеге қарамастан, өнерлі балалармен жұмысын ары қарай жалғастыра берді. Мектепте талабымды шыңдаған осы ұстаздарыма өте ризамын.
— Өнер жолын таңдауыңызға осы түрткі болған шығар…
— Әлбетте, ананың сүті, әкенің қанымен келген, бойымдағы өнерді жалғастыру керек. Алдыма кәсіби білім аламын деп мақсат қойдым. Бастапқыда Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға барғым келді. Бірақ ата-анам үйден ұзап көрмеген мені алысқа жіберуді қаламады. Астанадағы өнер академиясына түсіп, бағымды сынамақ болдым. Алайда ата-анамның бағыттауымен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Себебі әпкем осы білім ордасында оқитын еді. Ата-анам екі тал гүлінің бір жерде оқығанын қалады. Осылайша, 2000 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті атанып, ән және саз факультетіне оқуға түстім. Мамандығым – жалпы орта білім бере тін мектептің музыка пәнінің мұғалімі. Жоғары оқу орнында жақсы ортаға тап болып, мықты ұстаздарға жолықтым. Студенттік шағымыз С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қайта өрлеу кезеңіне тап келді. Сол кездегі университет ректоры Ерлан Арын оқу орнын биік деңгейге көтерді. Университет филармониясы құрамында жан-жаққа шығып, өнер көрсеттік. Ғылыми конфе-ренцияларға қатысып, белсенді студенттер қатарында болдым.
— Жоғары оқу орнында қандай кәсіби мамандардан білім алдыңыз?
— Дәстүрлі әннің әліппесін үйреткен алғашқы ұстазым белгілі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, қазіргі Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожанов болды. Екінші курстан бастап оқуымды бітіріп, дипломымды қолыма алғанша ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ербол Айтбаевтан тәлім алдым. Ербол ағаның төл шәкіртімін деуге толық негіз бар. Оқуымды аяқтағаннан кейін ол кісімен шығармашылық байланысымыз үзілген жоқ. Сондай-ақ, Ғалия Шәпиева, Сәуле Шәкімбаева сынды мықты ұстаздарымның берген теориялық білімі мен қолдауы өнерде үлкен көмек болды. Жақында дүниеден өткен ұстазым Риза Кучикбаева вокалдан дауыс қоюдың шебері еді. Ол кісіні үнемі сағынышпен еске аламын.
— Еңбек жолыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз…
— Еңбек жолымды 2004 жылы ПМПИ-да тәрбие ісі жөніндегі бөлімде бастап, кейін музыка кафедрасына оқытушы болып ауыстым. 2011 жылдан бастап С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің орындаушылық өнер кафедрасында оқытушы болдым. 2012 жылы ашылған Иса Байзақов атындағы облыстық филармония-сында және ПМУ-дің студенттік филармониясында қатар қызмет еттім. Осы екі ұжыммен бірлесіп, жеке концертімді ұйымдастырды. Оған да 12 жыл өтті. Алдағы жоспарымда тағы бір концерт беретін ойым бар. Оған дейін үлкенді-кішілі кештерімді өткізуді жоспарлап отырмын. Майра музейі, Бұқар жырау музейінде, облыстық кітапханада кездесу кештерін өткізуді жоспарлап отырмын.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ашылғаннан бастап алғашқылардың бірі болып жұмысқа кірістім. Бүгінде осы мәдениет ордасында қызмет етіп келе жатқаныма он жылдан асты. Сонымен қатар, «Достық үйіндегі» «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің «Ару аналар» вокалдық ансамблінің музыкалық жетекшісімін. Қаламыздың орта мектептерінің бірінде домбыра үйірмесінде сабақ беремін.
— Репертуарыңызда қандай әндер басым?
— Репертуарыма негізінен халық әндері, халық композиторларының әндері, кеңес композиторларының әндері енген. Ертіс-Баян өңірінен шыққан компизиторлар Майра, Естай, Жаяу Мұса әндерін орындаймын. Әсіресе, шығармашы-лығымда Майра Шамсутдинованың алатын орны ерекше. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның көптеген өңірлерінде өнер көрсеткен әнші және композитор Майраның әндері әйгілі Баянауыл, Қоянды жәрмеңкелерінің сәні болған.
Әншінің өзіндік орын-даушылық шеберлігіне жоғары баға берген Александр Затаевич, оның әндерін «Қазақ халқының мың әні» альбомына енгізген. Репертуарымды үнемі жаңартып отыруға тырысамын. Эстрада жанрындағы әндердің арасында домбыраның икеміне келетін «Құшақ жайған қандай адам», «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Қайықта» сынды танымал әндерді орындаймын. Мейрамбек Жанболатовтың «Ән домбырасы» сынды дәстүрлі әннің ізімен жазылған кейінгі композиторлардың әндерінен дауысыма келетіндерін іріктеп, репертуарымды жаңартып отырамын.
Біздің өңірімізде жыршы-термешілік жанры кең таралмаған. Сондықтан оған сұраныс жоқтың қасы. Репертуарымда Нартайдың «Игигайы», халық термесі, Базар жыраудың термесі бар. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Әртүрлі насихат сөз» деген термесін, «Гүлшат-Шеризат» жырын репертуарыма қостым. Жырды көп жырлаймын деп айта алмаймын. Оны жаттап, қаншама уақытың мен күш-жігеріңді жұмсағаныңмен, сұраныс бола бермейді. Тіпті репертуарымда сирек орындалатын әндер де бар.
— Өнерде көздеген мақсаты-ңызға жеттіңіз бе?
— Мектеп қабырғасынан сана-ғанда 30 жылдай өнер саласында жүрген екенмін. 20 жыл бойы Павлодар өңірінде Майраның әндерін кеңінен насихаттап, дәстүрлі әннің дамуына азды-көпті үлес қостым. Соңымыздан жастар көптеп келіп жатыр. Өмір-бақи өнерде жүру міндет емес. Домбырамды қолыма алып, өмір бойы ән айтамын деген мақсатым жоқ. Студент кезімнен көптеген байқауларға қатысып, бабымды байқаттым. ПМПИ-дың музыка кафедрасында оқытушы болып қызмет еткенде қаншалықты қиын болса да, байқауларға, концерттерге көп қатысып, қызметім мен өнерді қатар алып жүруге тырыстым.
Дәстүрлі әнші 35 жасқа дейін ән байқауларына барынша қатысып үлгеру керек. Мен шама-шарқымша топқа түсіп, көптеген облыстық, аймақтық, халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Шығармашылықта шарықтаумен қатар бәсеңсу кезеңі де болады. Мен де бұл жайды өз басымнан өткіздім.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
— Алдағы уақытта өнердегі жолымды осы жастарға беріп, қызметімді ұстаздықпен жалғас-тырсам деген жоспарым бар. Себебі өнерден бөлек жоспарларым бар. Отбасының ұйытқысы болып, бала тәрбиелеу – әйел адамның міндеті. Сондықтан ана ретінде бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, оның сапалы білім алуын қадағалауым керек.
Отбасын құрғанға дейін өнерге барынша қызмет етуге тырыстым. 2015 жылы Ербол Теміров есімді азаматпен шаңырақ көтердік. Қазір ел қатарлы қызмет етіп жүрміз. Отағасы — №16 мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Ұлымыз Әлихан – №25 мектептің 2-сынып оқушысы. Бала – бізге Алладан аманат. Ендігі жерде уақытымды осы баланың оқуына, тәрбиесіне арнасам деген мақсатым бар. Сондықтан ұстаздық қызметке ауысып, уақытымды отбасына көбірек арнауды көздеп отырмын. Бұл өнерді мүлде қоямын деген сөз емес. Әлбетте, шақырған жерге барып, сахнаға шығып, әнімді айтамын. Дегенмен, дәл бұрынғы қарқында емес.
— Аңсаған армандарыңыз бар ма?
— Адамның арманы таусылған ба? Арманым көп. Дәстүрлі әннің ғұмыры ұзақ болса екен дейміз. Өнерді дамыту үшін саланы қаржыландыруды жақсарту керек. Бұл – өнер адамдарының ортақ арманы. Жаяу Мұса, Майра, Естайдың әндерін насихаттауға көбірек мән берілсе деген мәселе де толғандырады. Дәстүрлі ән өнеріне келген қыз-жігіттер қатары көбейгеніне қатты қуанамын. Көп уақыт сахнада жүрген жалғыз қыз бала болдым. Сол кездегі арманым орындалып, қазір соңымыздан қыз-жігіттер қаулап өсіп келеді. Осы үміт артқан жастарымыз өнердің деңгейін аласартып алмаса екен деймін.
Жалпы, арман-мақсаты, жоспары болмаса, адам бір орында тұралап қалады. 2012 жылы алғашқы жеке концертімді бердім. Содан бері он жылдан астам уақыт өте шығыпты. Алдағы уақытта тағы бір үлкен концерт берсем деген арманым бар. Үнтаспа шығаруды да армандаймын. Қолдау болмаса, жеке шығармашылықты дамыту оңай шаруа емес. Қаржы мәселесі қолбайлау болғандықтан, концерт беру мәселесі де кейінге ысырылып келе жатыр. Әйтсе де, көп ұзатпай халық алдында есеп беру концертімді ұйымдастыруға тырысамын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Торғын ОРАЗАЛЫ.