Биыл көрнекті ақын-жазушы, қазақ сатирасының саңлағы, публицист Сәбит Дөнентаевтың туғанына – 130 жыл. Қазақтың ұлттық азаттығы мен бостандығын, әлеуметтік теңсіздігін ашына жазған қаламгердің шығармасы әлі күнге дейін өзекті қалпында.

— ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тақырып ауқымы, жанрлық сипаты және көркемдік деңгейі тұрғысынан өсіп, өркендеуіне айтулы үлес қосқан Сәбит Дөнентайұлы екені көпке мәлім. Сөйте тұра, оның шығармашылығы толыққанды күйінде насихатталып, зерттелген жоқ. Оған себеп, біріншіден, С.Дөнентайұлының «байшыл, ұлтшыл әдебиет» өкілі атануы, соған орай туындылары тосқауылға душар болуы еді. Тіпті 50-жылдардың жылымық кезінде де идеологияға сәйкес келмегендіктен, оның шығармалары толық жарық көрмей, оқулық пен хрестоматиялардан алынып тасталды не көбі қысқартылды. Ал бұл шығармаларды Сәбиттің ұлттық идеяға негіздеп, халықтық сипатта жазғандығы  анық еді.

Рас, Сәбит ұлтының ұланы, дәуірінің дауылпазы ретінде сол тұстағы халқының қамына қынжылып, қаракеттерін кейде сынап, кейде әжуалап та отырды. Әрине, онысы болашаққа терең бойлағандықтан туындаған өткір мысқылы, өртеңде өткен өмірдің өкініші екені анық.

Ресей аймағында бұратана халықтар саналып келген түркі ұлыстары өткен ғасыр басында төңкерістер әсерінен түленіп, тіршіліктерін түзей бастады. «Заманына қарай амалын» жасап, ұлт зиялылары халқының хал-ахуалын жақсарту қамымен «бас кетсе де, тартынбас» қарекет қылды. Өйткені олардың алдында «Хакім Абай» бастаған жол жатты. Олар ұстазы Абайша ұлағат айтып, «қараңғы қазақтың көгін» жарқыратып, жұлдыздай жанды, айдай аспандады. Солардың бірі, тіпті бірегейі – бүгінгі сөздің киесі, сатира жанрының өнегесі Дөнентайдың Сәбиті еді. Бұған дәлел болар дәйектемені ақынның төл туындысынан да, аудармасынан да табарымыз хақ.

Керекулік перзенттің қалам қарымынан туындаған шығармалар 1915 жылы туысқан халық астанасы – Уфа қаласында жарық көрді де, екінші рет қайтыс болғаннан кейін, яғни 1935 жылы ғана баспа бетін көрді. Ақынның қос жинағы да, жүрекжарды таза ниетіне орай, басқаның шапағаты, көмегі арқасында басылып шықты. Тұңғыш топтамасы өз кезінің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы Қасым қажының тікелей қаржы көмегімен жарық көрді. Ал, өзі көзі тірісінде жинап, қаттаған шығармалар жинағын шығарушы – әдебиетші Р.Жаманқұлов болды. Одан кейін С.Дөнентаевтың туындылары 1950 жылы «Өлеңдер» деген атпен шағын жинақ болып шықты. Ал араға көп жылдар салып тек 1989 жылы ғана ғалым Б.Кенжебаевтың аманатын арқалаған Қ.Ергөбековтің құрастыруымен «Бозторғай» деген кітабы баспадан өтті.

— Ғасыр басындағы Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Б.Ысқақов сынды ғалым-әдебиетшілер сатирик ақын, публицист, аудармашы туралы байыпты зерттеулер жүргізген. Олар Сәбит шығармашылығын дәуірлеуде бірізділік, ұшқарылық байқатты. Әрине, бұл кеңестік идеология салқынының әсері екені рас. Мәселен, ғалым Е.Ысмайылов ақын шығармаларын екі дәуірге бөліп қарастырса (1912-1918; 1918-1933), әдебиет тарихының білгірі Б.Кенжебаев үшке бөлді: оның біріншісі 1913-1917 жылдардағы ағартушылық демократтық бағыты, екіншісі 1917-1920 жылдардағы ұлтшылдық бағыты, үшіншісі 1924-1933 жылдардағы советтік идея бағыты. «Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы» атты монография жазған Балташ Ысқақов та осы дәуірлеуден дараланбай, аумалы-төкпелі заманға орай түрлі бағытта дамығанын дәлелдеуге тырысты.

Алайда, бүгінгі күн тұрғысынан ой топшылап, Тәуелсіз ел мінбесінен сөйлер болсақ, Дөнентаев творчествосын басқаша, яғни 1913-1924 жылдар, 1924-1933 жылдар деп екіге бөліп қарастырған жөн. Олай дейтініміз, Сәбит Кеңес «шындығына» сенімділікпен қарап, 1924 жылға дейін азаттық-ағартушылық бағыт ұстанып келді. Тек одан кейін ғана Кеңестің «кереметін» айтып-жазуға ден қойды.

Ақынның көптеген өлеңдері мен мысалдарында өзгеге кіріптар болған қазақ халқының басынан өткен қилы заман, қиын тағдырын, күңгірт болашағын суреттейді…

Әлбетте, тума талант, қарымды қаламгерлер өз дәуірінің тынысын танып, үн қоса білмек. Сәбит те замана сазын дөп басып, айта білді. Шоқан, Ыбырай, Абай дәстүрлерін жалғастырушы өз қатарластары секілді халқына қалам қарымымен қызмет қылуға шама-шарқынша шағынды. Мысалы, «Замандастар» өлеңінде:

                Қызмет көрсет халқыңа,

                Игі  іс қалсын артыңа.

                Діндесіңді бауыр тұт,

                Қарамай қазақ, сартына.

                Аз нәрсеге мас болып,

                «Мен пәлен» деп шалқыма.

                Пайдалы басқа өнерден,

                Ұлт керегі дегеннен.

                Жан қиналып жолында,

                Бас кетсе де тартынба, —

деп, ұлт мүддесін үлпектеген ұлы істі ұлағат етеді. Мұнысы таза азаматтық-ағартушылық бағыт екені айқын. Халқының бұғаудағы бабын, құлдықтағы қамын қабырғасы қайыса ойлаған «Алаш ардақтылары» түгел түркілік түлектер іспетті Дөнентайұлы азаттыққа апаратын бірден-бір жол ағартушылық деп түсінді.

Бажайлап қарасақ, сол тұста тіл, дін, діл бірлігін ұсынып, түркі халықтарының тұтастығына негіз-делген концепция Сәбит шығармашылығында да сабақтастық тауып жатқанын аңғарамыз. Оны «халқын өрге сүйреген» елінің ертеңіне елеңдеуші «Қазақтың білгендеріне» арнауынан байқау қиын емес. Осы негіздегі шығармаларының қатарында «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Бостандық», «Алаштың алғашқы құрбандарына», «Ризамыз» деген сияқты туындылары бар. Сәбит шығармаларында сол тұстағы қазақ халқының қоғамдық-саяси, шаруашылық, мәдени-ағартушылық мәселелері көтеріліп, қанаудағы елдің ауыр хал-ахуалы, тұрыс жайы сөз болды. Сөйтіп ескі қоғамдық құрылыс, отарлау саясаты сыналды. Бұны «Заман кімдікі», «Қайда кеткен?», «Қиялым», «Бірлік», «Биік тау», «Менің жайым», «Бозторғай», т.б. өлеңдерінен байқау қиын емес.

Сонымен қатар, әйел теңсіздігі, жер-су, оқу-ағарту, мәдениет сияқты әлеуметтік мәселелер де Сәбит назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе, әлеуметтік теңсіздіктің өзекті мәселесі – әйел теңсіздігі сол кезең қалам-герлерінің басты тақырыбына айналды. Ақын «Ерікті Айша», «Жәмила қыз», «Әйелдер мейрамына», т.б. шығармаларында осы өзекті мәселені арқау етті. Сөйте тұра, бұл мәселені ақын Сәбит Дөнентаев өз творчествосының үзілмес тақырыбына айналдырды, бірде монолог, бірде диалог, бірде кейіпкер мұңы, келесісінде кейіпкер шаттығы формасында жырлау арқылы қазақ даласын ескілік шырмауы матаған әлеуметтік мәселелерді қозғай білді.

Сәбит Дөнентаев мысалдары ойлы оқырмандары үшін олжалы дүние екені анық. Сәбит таза азаттық-ағартушылық бағыт ұстанды. Оның ойынша, қараңғы халықтың бойына оқу-білім ұрығын себу арқылы
прогреске шақыру – ең басты ұлттық мақсат болуы тиіс. Бұл отаршылдық бұғауында болған түркі жұртының текті ұлдары түгел талап еткен ұлт сұранымы, уақыт талабы еді. Сәбит Такташ, Дәрдименд, Шайхызада, Бабич сияқты көрнекті ақын-жазушылар шығармашылығымен жақсы таныс болды. Тіпті Ғабдолла Тоқайдың «Рамазан айында Ібілістің шайтандарына айтқаны» дейтін мысал өлеңін аударып, қазақ оқырман-дарына табыстырады. Сәбиттің мысал өлеңдерінің сюжет, мотив, идея тұрғысынан шығыс-түркі классикалық әдебиет үлгілерімен үндестігі сезіледі. Мұны ақын шығармашылығын біршама терең зерттеген Балқаш Ысқақов та атап көрсетеді: «Сәбит Шығыстың классикалық әдебиетінің үлгі-өнегелік, гуманистік, адамгершілік жақтарын алады да, оны өзінің творчестволық елегінен өткізіп қорытты» дей келе, ақынның «Бір көлдегі үш балық», «Бит пен бүрге», «Көзі тоймаған ит», «Екі теке», «Ауырған арыстан», «Ұры мен баласы», т.б мысал шығармаларының түп-тамыры көне үнді классикалық туындыларында жатыр дегенге саяды. Мысал өлеңге тән сипат – айтар ой-түйінді астарлап, тұспалдап жеткізу болса, Сәбит бұл тәсілді шебер меңгергенін байқатады. Білімсіздік пен қырсыздықтан туындайтын қараңғы халық арасында жиі кездесетін аңғасар, ақымақ қылықтар сатирик ақынның өткір тілімен, уытты қаламымен өрнектеліп берілген. Бұл – Сәбиттің айрықша аталуға тиіс шығармашылық қыры десек болады.

Енді бір мәселе, Сәбит Дөнентаевтың шығармасы мектеп оқулықтарынан алынып қалған екен. Бұл ұлт болашағы үшін қалам тербеген қаламгерге жасалған үлкен қиянат деп санаймын. Ендігі кезекте  жазушылар осы мәселені ескеріп, Сәбитті мектеп оқулығына қайта қосу керек деп санаймын. Атап айтар болсам, «Көзі тоймаған ит», «Екі теке», «Ауырған арыстан», «Ұры мен баласы», т.б. мысал өлеңдерінің идеясы терең, тағылымы мол, көркемдігі жоғары. Әсіресе бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жатқан қазіргі кезеңде осы сынды шығармалардың берері мол болмақ.

Ал, университет шәкірттері Сәбит Дөнентаев шығармашылығымен жете таныс деп білемін. Өйткені «Қазақ тілі және әдебиеті» бағдарласы негізінде оқылатын «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» пәні бойынша Сәбит Дөнентаев шығармашылық өмірбаянына арнайы сағат бөлінген.

Сейфитден Сүтжанов,  Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.