«Егіз әуен, екі жұрт»

Ақп 27, 2025

Елімізге белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың «Егіз әуен, екі жұрт» деп аталатын кезекті жыр жинағы жарық көрді. Өзі өмірден өтсе де өткір де сыршыл өлеңдері оқырман жүрегінен әбден орын алған ақынның бұл — дүниеден өткеннен кейінгі екінші жинағы. Кітап мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай қатысып, күрескер ақынның әдебиет әлеміндегі екінші өмірі басталғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жергілікті зиялы қауым өкілдері, марқұмның жақын туыстары және тоқсанға жақындаған ұстазы да қатысып, ескірмеген естеліктер айтты.

— Арман ағаның өзі өмірден өтсе де, өлеңдері мәңгі жасамақ. Өлеңге құрмет — Арман Қани ағамызға деген құрмет деуге болады. 2024 жылы Арман ағамыздың есімін ұлықтау мақсатында жыр мүшәйрасы өтті. Оған еліміздің түкпірінен бірталай ақын қатысып, бақ сынады. Сол мүшәйрамен қатар ақынның таңдамалы жинағының тұсауы кесілген болатын. Мұның барлығы — Ертіс-Баян жұртының Арман Қани есімін естен шығармағандығының бір белгісі, — деді Айгүл Қайыртасқызы.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай ҚР Оқу-ағарту министрлігіне республика деңгейінде Арман Қани оқуларын өткізуді ұсынғанын айтты. Егер ұсыныс қабылданатын болса, жерлесіміздің поэзиясы ел көлемінде насихатталмақ.

— Арман Қани — бір өңірдің, бір елдің ғана емес, күллі Алаш руханиятына өзінің үлесін қосқан қабырғалы қаламгер. Ол — қаламгер ғана емес, заманның аумалы-төкпелі кезеңінде ұлтым деп қабырғасын қайыстырған қайраткер тұлға. Еліміздің қай түкпірінде жүрсек те зиялы қауым өкілдері әркез Ертіс-Баян өңірінде Арман Қанидай ақын бар еді деп еске алып жатады. Арман ағамыздың шығар-машылығы өмірінің соңғы жылдарында ерекше тасқындады, қаламынан небір түйдек-түйдек жыр төгіліп, оқырманға жетіп жатты. Ол кісінің қайраткерлік жолы да кейінгі буынға үлгі боларлық. Жақында ҚР Оқу-ағарту министрімен кездесіп, бірқатар ұсыныс айтқан едім. Соның ішінде Арман Қани оқуларын оқушылар арасында республикалық деңгейде немесе аймақтық деңгейде өткізу мәселесін де айттым. Министр қолдау білдіріп отыр. Енді біздің тарап ережесін бекітіп, тиісті құжаттарын ұсынуы керек, — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай, облыстық «AIQARA.KZ» әдеби порталының бас редакторы Асыл Әбішев сөз сөйлеп, Арман Бақтанұлының қоғамдық қызметтегі, әдебиет әлеміндегі орнын айшықтап, елеулі істерін атап өтті. Ал ақынның жары Бақыт Аханбаева осы кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

Күрескер ақын Арман Қанидың есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылып, оның өткір де қайсар мінезді өлеңдері ел есінде мәңгі сақталады деп санаймыз. Поэзияға алғаш қалам сілтей бастаған кезінде-ақ көзге көрініп, үлкен ақындардан баға алған болатын. Қазақтың біртуар перзент-тері, ақын Жұмекен Нәжімеденов, Қуандық Шаңғытбаев, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтар ерекше бағалағаны баспасөз беттерінде талай жазылды. Алғашқы жыр жинағы 2001 жылы «Ар алдында» деген атпен жарық көрді. Осы кезге дейін ақынның «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман», «Сен және мен», «Үйлесім. Гармония», «Баянауыл жырлары», «Кереку жырлары», «Туған жер төсінде», «Замандастар», «Қарашығымдағы бейнелер» және Таңдамалы өлеңдер жинағы оқырман қауымға жол тартты. Ал күні кеше жарық көрген «Егіз әуен, екі жұрт» жинағы — ақынның 14-кітабы.

Тілеуберді САХАБА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.