Биыл жыл басынан бері аймағымызда бірқатар белгілі тұлғаның мерейтойлары кең көлемде аталып өтілуде. Солардың бірі — жуырда көрнекті ақын, өлкетанушы, сазгер, Ұлы Отан соғысының ардагері және қаламгер Қимадиден Нығымановтың 100 жылдығы туған жері Ақтоғай ауданында дүркіреп өтті.
Мерейтойдың салтанатты шарасында алғаш болып сөз алған Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Қимадиден Нығымановтың шығармашылығын, қазақ әдебиеті мен тарихына қосқан өлшеусіз үлесі мен еңбегін айрықша атап өтті.
— Қимадиден Нығыманов — жерлестерінің мақтанышына айналған қарымды қаламгер, сегіз қырлы бір сырлы тұлға. Ақынның ащы шындықты суреттеген туындылары, осы өлкеден шыққан атақты тұлғалар жайлы қалдырған еңбектері мол. Сондықтан қалың жұртшылық еркелетіп «Қимаш ақын» атаған ақын аға ұлт деңгейінде ұлықталуы тиіс. Осы орайда қалың оқырманға Қимадиден Нығымановтың жарық көрмеген туындыларын көпшілікке насихаттау мақсатында «Атырау» кітабын шығаруды жөн көрдік, — деді Қ.Арынов.
Шара барысында ақынның өмірінің соңғы жылдарында жазған «Атырау» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітаптың тұсауын аудан әкімі Қаршыға Зәлмұханұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосын және ақынның ұлы Қазыбек Нығыманов кесті.
Ақын Сайлау Байбосын бұл еңбекті әдебиеттің тарихи-этнографиялық жанрына жатқызады. Себебі, аталған туындыда қазақ халқының тыныс-тіршілігі кең өріс алған. Сондай-ақ, осы өңірден шыққан азаматтар туралы да тың деректер бар.
— Бұл еңбекті оқып шықсаңыз, жазушының шеберлігіне таң қаласыз. Ақын еңбегінде қазақтың кешегі ауыл өмірін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын әңгімелейді. Одан бөлек, бүгінде есімі ұмытылып кеткен асыл азаматтардың есімдері аталады. Олардың арасында Сабабай, оның баласы Нарнай, Жауғаш, Биғаш, Тапа батырлар, Қалмамбет әулие және Жолдас ақын секілді тұлғалар туралы түсініктеме берілген. Бұл еңбектің тарихи маңыздылығы осында. Тағы бір маңыздылығы, оның ішінде қаншама топонимикалық атау жазылған. Бұл да — тарих ісімен шұғылданатын азаматтар үшін таптырмас құрал, — деп атап өтті С.Байбосын.
Қаламгердің жары Дәметкен Үсенқызының айтуынша, Қимадиден Нығыманұлы тағдырлы ақын болған. Өйткені, қаламгердің балалық шағы ашаршылық кезеңімен сәйкес келсе, жігіттік шағы қан майданда өткен. Күндіз қару ұстап, елін жаулардан қорғаса, кешке домбыра шертіп, жорық жолдарын жырлаған.
— Қимадиден денсаулығына қарамастан «Алпыс батыр», «Естай» және «Баянауыл жырлары» атты үш кітап шығарды. Шығарған өлең, туындылары Қиыр-Шығыс әскери округының «Сталинградтық жауынгер» деген майдандық газетте жарияланды. Соғыстан аман-есен оралған соң туған колхозында құрылыс бригадирі, электро-монтер болып жұмыс істеді. Тың игеру басталған жылдары «Тыңдағы ту» поэмасын жазып, ақындығы таныла бастайды. Ауылда жүріп-ақ өмірдің қайнаған, жайнаған шақтарынан қалыс қалмай, өлең-жыр шығарып, ақындар айтысына қатысып, замандастары арасында қадір-қасиеті өсті. Сол уақытта Естай Беркімбаевтың туғанына — 100 жыл, Абайдың туғанына — 125 жыл, Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойларына қатысып, республиканың айтыскер ақындарымен өнер сайысына түсіп, жүлделі орындарға ие болды. Ел-жұртының өсу-өрлеуін бағдарлап, Иса ақынның жолымен суырып салма жыр, желдірмелер айтып жүрді, — деп еске алады жары Д.Үсенқызы.
Ал ақынның ұлы Қазыбек Нығыманов әкесінің отбасында жар ретінде әрі әке ретінде керемет жан болғанын айтады.
— Әкем балажан, мейірімді, ақкөңіл жан болды. Біреуіміз ауырып қалсақ, түрлі ем-дом жасап, толық сауыққанымызша жанымыздан шықпайтын. Оның махаббатын, тәрбиесін кішкентай кезімізден көріп өстік. Бүгінде әкеміздің өмірден өткеніне 40 жылдан асса да, көзі тірісінде өлкеміздің тарихына қатысты жазған хаттары мен жазбаларын әлі күнге дейін тауып, жария- лап келеміз. Жуырда әкемнің мерейтойына орай есімі берілген Жаңабет ауылындағы орта мектептің мұражайына жөндеу жұмыстарын жүргіздік, — дейді Қ.Нығыманов.
Шара барысында «Ақыны ақ Ертістің – Қимадиден» атты көрме ұйымдастырылды. Оған қаламгердің домбырасы, құндыз бөркі мен шапаны, жазу машинкасы, қолжазбалары және көзі тірі кезінде қолданған заттары қойылды.
Ақынның мерейтойына арналған бағдарлама облыстық ақындар айтысымен жалғасты. Оған әр аудан-қаланың үмітін арқалаған айтыскер ақындар қатысып, өзара сөз жарысына түсті. Жарыс нәтижесі бойынша бас жүлдеге Ақтоғай ауданының тумасы Рауан Қайдар, 1-орынға Баянауыл ауданынан келген Тілек Сейітов, 2-орынға Павлодар қаласының атынан қатысқан Абзал Қабдраш ие болса, 3-орынды баянауылдық Нұрқанат Қайрат иеленді. Өзге ақындар қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Аталмыш шара қазақ күресі, қол күресі секілді ұлттық спорт ойындарымен аяқталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Бауыржан Бәкібаев,
Ақтоғай ауданы.