Май аудандық музей қорында екі мыңжылдық тарихы бар бесік сақталған. Көне жәдігердің бесік екенін бүгінгі күнге жеткен шүмегі дәлелдейді.
Бірегей жәдігер 6 жыл бұрын Әлкей Марғұлан атындағы университет жанындағы Марғұлан орталығының бір топ зерттеушісінің Май ауданына қарасты Ақсарай атты жерде жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған.
Археолог-ғалым Әлібек Қабылдиновтың айтуынша, 2018 жылы Май ауданындағы бірнеше қорған зерттелген. Нақтырақ айтқанда, қазба жұмыстары ара қашықтығы бір шақырым болатын Ақсарай және Саты орындарында жүргізілді.
— Назарымызға 12 қорған ілікті. Молалар тоналған болса да, адам бейіттері толық сақталған. Біз екі моланы топырағымен бірге алып шығып, бір ай бойы зерттеу жүргіздік. Бұл қорымдар 2017 жылы ашылған. Енді зертханалық жағдайда зерттеу жұмыстары жалғасады, — дейді Әлібек Қабылдинов.
Айта кетейік, Марғұлан орта-лығының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізуде цифрлық технологияларды қолданады. Ғалымдар тобы арнайы әдес-темелік бағдарламаны қол-данып, табылған артефактілер-ді топырақтан ажыратпай-ақ, томографтың көмегімен зерттейді. Бұл көне заттың бесік екені томографиялық сараптама барысында анықталды.
-Қорымда нәрестенің жерлен-гені белгілі болды. Сол зиратты топырағымен бірге ойып алып, зертханаға әкелдік. Томографиялық зерттеу барысында қазақтың бесігіне ұқсас ағаш бөлшектерді көрдік. Сонымен қатар, баланың сүйегі жатты. Көне жәдігердің бесік екенін бүгінгі күнге жеткен шүмек те дәлелдейді. Осы жаңалық арқылы қазақ халқының баланы бөлеген бесігінің тарихы әлдеқайда тереңде жатқанына көзіміз жетті, — дейді симпозиумның қонағы, танымал реставратор Крым Алтынбеков.
Мамандардың айтуынша, бесікті топырақтан ажыратқан жағдайда бөлшектері құмға айналып кетер еді. Заманауи технологияның артықшылығы да сол – жәдігерді жерден алмай-ақ, ақпарат жинақтай алады.
Өз тілшіміз.