Бижан мешітінің жүз жылдығын атап өткелі жатыр дегенді естіп, біздің үйге  құдамыз Төлеген Қаркенұлы Түсіпов келді. «Бүкіл Кереку өңіріне танымал болған, оқымысты, дін иесі Ертай молда туралы  ұмыт болып барады. Кейінгі ұрпақтың білгені  жөн. Сондықтан сіз газетке осы кісі туралы жазып, аруақты адамды ел есіне қайта салсаңыз. Бижан мешіті жанынан медресе ашылады деген сөз бар, соған осы Ертай молданың аты берілсе…» деп өтінді. Ертай  молда туралы мен де білгенмін, көп естігенмін, көзін көрдім де. Журналист марқұм Бақыт Баймұратов осы кісі туралы облыстық газетке  мақала жазған болуы керек. Сонымен, Төлеген Қаркенұлының аманатын  орындау мақсатында қолыма қалам алдым. Ертай молда кім еді?

«…Кеше ғана мынау махаббаты мен мехнаты мол кең дүниенің  керуен көшінде көппен бірге қатар басып келе жатқан, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, демтірлігіне тынымсыздықты тамызық етіп, өмірде өзінше қаракет жасауды жүрек әміріне жүгіндіріп, дін қамына екі жеңін түрініп тастап,  сыбана кірісіп кеткен, бәрін адами қарапайым ашықтықпен атқаруға тырысқан әлденеше уайымдаса да, дегбірсіздене түсетін, мазасыз мұңын шағуға асығатын, қолайы келіп қуанып қалса, көңілінің кесесі тасып төгіліп, онысын да жұртқа сездіргенше жаны жай таппай мезі болып жүретін, рухани жауапкершілік дегенді кең ұғымда түсіне тұшынып, өз пайымын ашық айтып, имандылықты жаңғырту жолында дәрмені де, пәрмені де жетпей, қолдан келер қауқардың жоқтығына пұшайман болып жүретін дәйім желі мың құбыла соққан замана саясатының ала-құлалығына, қиянаты көп қиямпұрыстығына қаны тасып, қабырғасы қайысып отыратын. Ертай молданың о дүниелік болғанына да біраз жыл өтіпті. Тоқығаны мен оқығаны кең, сақтығына шыдамсыздығы тез, күдігінен көңілшектігі басым, келешектің нағыз қызықты-базарлы шағы  алда деп сенген ағайынға  қиылған, бір Аллаға сыйынған ақ жүректі, пәк ниетті Ертайдың туғанына жүз жылдан асты. Жыл-он екі айда өмір бір қадам алға басады ғой, табиғат та түгел түлейді: ағаштарға жаңа бұтақ бітеді, жер бетіне тағы бір әжім түседі, тау бастарын соны қар жабады, өзен суы бір мысқалға жаңарады, адамдарға жаңа ұрпақ келіп қосылады, біреу кетіп, біреу келеді. Өмір заңдылығы дегеніміз — осы, бағытынан танбайды, жүрі-сінен жаңылмайды. Өте шыққан уақыт өлшемі әсер-күймен айтып отырғандаймыз. Ертай атаның жарқын жүзі мешіттерден көрінбегеніне, жаназа мен намаздарға қатыспағанына да,  туған өлке топырағын басып, саф ауасын жұтпағанына да, бос уақытында Құран Кәрім мен Шәкәрімнің шығармаларын қолына алып оқымағанына бірнеше жыл болыпты. Араға түскен жылдар осылай ұмыттырғысы кеп, үнсіздікке батырып, алыстатып әкетіп барады. Өткен ғасыр дегенде үнсіз қалу, жадыдан шығарып, ұмытуға тырысу  Ертай молданың да шарасыз
амалы еді. Кеңес үкіметі кезінде «Дін — бас айналдыратын апиын» ретінде түсіндіріліп,  оның рухани тәрбиелік, тағылымдары жоққа шығарылды. «Адам аштыққа ұшыраса, қолындағы Құранды аяғының астына қойып, жоғарыдағы нанды алуға болады» дегенге жұрттың көбі нанып келді. Бірақ Құранды, Құранның әмірлерін аяқ асты еткен қоғамның іштен бұзылатындығын түсінбеді. Соның салдарынан халқымыз бойындағы иба, қанындағы имандылық, инабаттылық сияқты қасиеттерден алыстап, ата-бабамызда жоқ қылықтарды сіңіре бастады. Коммунистік идеологияның үгіті халқымызға көп әсер етті. Сол саясаттың лапылдап тұрған шағында, оның да аузы әлденеше күйді. Бірінші себебі — әкесі Иманбайдың дін жолын ұстанып, мұсылмандық парызы — қажылықты өтеуі. Екіншісі — ұстаздық етіп жүргенде «Шәкірттерге білім емес, дін үйретеді» деп нақақтан  жабылған жала. Ертай 1908 жылы Иманбай мен Жүрерден тараған алты ағайынды отбасында дүниеге келіп, 90 жасында өмірден өтті. 1926 жылы Павлодар қаласындағы екіжылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсті. Ол өз замандастарының ішіндегі білімді, озық ойлы, белсенді, көркем ой иесі-тін. Ойын орнымен айта да білді, айтқанын мойындата да білді. Ата-бабадан қалғанды көненің көзіндей көру — қазақтың қанына ғасырлар бойы сіңісті болған салт. ХІХ ғасырдың басында Ахметжан тегі Ғазиз жұбайы Бағила апаның анасы Рахиланың әкесі Аймағанбетпен бірге Иманбай — барлығы жеті діндар Мекке мен Мәдинада қажылық парызын өтеп келген. Сол сапардан тәбәрік етіп Ертайға жеткізген шағын Құран Кәрім — әкенің құнды мұрасындай. Оны үйіндегі сандықтың түбіне салып сақтаған. Арам ойдан аулақ жүріп, адамның бойын жамандыққа қимайтын, оның үйінде болып, асын ішіп, дәмін татқан әріптестерінің бірі: «Шәкірттеріне оқу-білім емес, дін сабағын беріп жүр» деп  хабарлап, жұмыс бөлмесі мен үйіне тінту жасатады. Сандықтың түбін ақтарып, әкесінің Құранын табады. Осыдан кейін Ертайды «Халық жауы»  деп қудалайды. Ақырында 14 жылға бас бостандығынан айырып, 1932 жылы Иркутскіге айдауға жібереді. Ол кезде Ертайдың Мәриям жұбайы мен екі қызы бар-тын. Соттап әкеткенін көрген олар жан сауғалап, оңтүстікке көшіп кетеді. Иркутскіде ұшақ әзірлеуге ағаш кесіп, ауыр азап шеккен ол буырқанған қуат көзін жұмысына да, азаматтық парыз-қарызды өтеуге де, сондай бір қызуқандылықпен жұмсайды. Соның арқасында ғана үш мәрте қашып, ұсталса да, қиянат көрсе де, кейін айдаудағылардың бір тобын басқару сеніміне ие болады. Ал оның сенгені бір Алла еді. Кейінгі уақыттарды сол бір жәбір көрген кездерінде, төбесінен су тамшылатып, талайлардың ақыл-есін ауыстырған қорлықты өз басынан кешкенде, ішінен Құран аяттарын оқып, бірнеше рет қайталағанның күшімен аман қалғанын ойына түсіреді. Зеректігі мен алғырлығының арқасында мерзімінен 9 жыл бұрын босап, елге ерте оралады. Бірақ оның алдынан шығып, қарсы алатын ағайындардан да, отбасынан да бұл дүниеде ешкім қалмаған. Отбасын оңтүстікке дейін іздеп барып, сол бір нәубетті жылдарда балалары мен әйеліне суық тиіп, ауыр науқастан қайтыс болғанын біледі… 1943 жылы Отан соғысына аттануға өтініш жазады. Істі болғандықтан рұқсат берілмейді. Мектепте қоймада, кейін ұн тартатын комбинатта қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Күлбай деген әйелмен отасып, отбасын құрады. Қылышынан қан тамған саясаттың ықпалымен  1989 жылға дейін Ертай бақылауда болады. Жаппай репрессияның жазықсыз құрбаны болғандығы анықталып, ақталғанның өзінде де бұл өмірдегі қояр сауалы көп әрі оған жауап таппай шарқ ұрған әсершіл Ертай көп қиналады. Бірде Аймағанбетқызы Рахила Ғазиз ақсақалға: Ертайдың атасы кезінде қалмақтармен шайқаста қалың қойды жауға қарсы айдатып, шаң қаптырған, жүрісінен жаңылдырған ерлігі бар-тын. Әкесі де Құранды жатқа білген, дін жолын бекем ұстанған жан еді. Ал Ертай болса тағдырдың тауқыметімен қиналып жүр, Бижан мешітінің молдасы Рахметолла екеуін үйге шақырып алып, бір амалын жаса, тегіне тартса, өжеттігі өшпеген болар» дейді. Бұған Ғазиз ақсақал құба-құп келіседі. Күндердің сәтті күнінде Рахметолла, Ғазиз бен Ертайдың басы қосылғанда сол әңгіме көбесі шешіледі. Оның түп-төркіні Ертайды сара жолға салу, хақ дінге тарту еді. Оған Ертай да көне кетеді. Рахметолла молда «Ертай, басыңнан небір зұлмат күндерді өткіздің. Жамандық атаулының көкесін көрдің, дегенмен қасиетті Құранды ұмытпаған боларсың, оқышы, кәне» деп қолқа салады. Ертай бір аятты нақышына келтіріп, зулатып, жатқа оқып шығады. Рахметолла молда: «Тамаша екен мақамың, тек бір жерінен жаңылдың, үйде отырып, сол бір мүлт кеткен әріпті тауып түзетерсің» деп ескертеді. Араға бірер күн салып Ғазиз бен Ертай Рахметолла молданың үйіне барады. Ертай: «Өткенде сіз дұрыс сын айтыпсыз. Аяттың осы бір жерін қалдырып кетіппін» деп сол аятты дұрыстап, мәнерлеп айтып береді. Рахметолла молда: «Айналайын Ертай, енді сен дін жолымен жүр, өткен қиындықты ұмыт» дейді. Сонда Ертай «Рас, Раха, бірінші — Құдай, екінші сіздер себеп болғанда оң жолға түсуге ант беремін» деген екен. Олай болса, «Сен біздің мешітке азаншы бол» деген Рахметолла молданың ұсынысын бірден қабыл алады. Сол жерде Ертай ізгі бастамаға жетелеген Ғазиз ақсақалға риза болып, садақа ұсынады. Ғазиз ақсақал одан бас тартады. Сонда мал-дүниеге қызықпаған Рахметолла молда: «Ғазиз, бұл садақаны сен де, мен де алмайық. Ертай, сен оны мешіттің садақа жәшігіне салғаның жөн» дейді.  Ертай көпті көргеннің тілін алып, айтқанын істейді. Тар заман, тайғақ кешуде он жеті жылын Бижан мешіті қабырғасында өткізген, өзін хақ жолына тартып, имандылығын күшейтуге негіз болғандығын есінен шығармаған Ертай 1994 жылы Ғазиз ақсақалдың бұ дүниедегі дәм-тұзы  таусылған шағында Рахметолла молдадан өзі сұранып, «Бұл адамның алдындағы парызымды Қиямет Махшар күніне дейін өтей алмаспын» деп оң жаққа салып, жаназа намазын өткізуге рұқсат алған. Кейін қырқы мен жылын да атқарған… Ертай шаруақор адам-тын. Үйінде мал ұстап, бие байлайтын. Өзінен гөрі өзгеге жанашыр-
лығы басым еді. Тұрмыс жағдайы төмен адамдарды шақырып алып, тағам беретін, үйіне қондыратын. Бірнеше айлап жатып алатындардың ішінде әртүрлі адамдар кездесетін. Содан опық жеп жүрген кездердің өзінде де жақсылық жасағанына ешқашан өкінбейтін. Тағдырдың жазуымен  1964 жылы Күсеб қажының қызы Манармен (Мақанай) қосылып, түтінін түтеткен. Манардың қызы Ғайшаны туған баласындай бауырына басып, өз қолынан тұрмысқа ұзатып, Мұқанұлы Болатқа қосты. Тұңғыш жиенінің атын Берік деп қойды. Одан кейінгі Ерік, Айгүл, Айсұлудың  да қызығына қанып, қуанышын бөлісті. Өмірінің соңғы күндерін осы Ғайшаның отбасында өткізді.

— Әкем кейінгі кездері жерге көрпе төсетіп, жастық жастанып, жантайып жатуды ұмытты.  Жанында шиеттей балалары үйіріліп жүретін. Сөйтіп жатып діни шығармаларды көп сараптады. Менің білетінім Мәшһүр Жүсіп атамыздың кітаптарын қызыға оқитын. Соның әсері болса керек әрі соңындағы жалғыз қызына ауыртпашылық жасамайын деген шығар,  алдын ала қабірстаннан орын әзірлетіп, ахиреттігін дайындап, екі жылқы сойғызып, жаназа намазын шығартып, жабдығын өткізіп, рәсім жоралғысын атқарып қойды. Бұл әкеміздің өмірден өтерінен төрт жыл бұрын болды. Дүниеден қайтқанда Жұмабай қажы, Башай, Сатыпалды ақсақалдар, Жансарин Серік, Бикен, Ерденова Сара апаларымыз ақылдасып, шариғат жолымен соңғы сапарға шығарып салды. Ағымбетов Башай, Сатыпалды, Тұяқ, Наукенов Ысқақ, Текжанов Хафиз, Балтабаев Құсайын молда, Теміров Аман ағалар, Байсұфинова Тоқыш, Ерденова Сара, Жазира, Роза, Рахима, Сапардың жары – Рахила Түсіпқызы Данкина — әкемді жақсы қырынан таныған, сыйласып-сырласқан адамдар. Оны көп кісі білетін және жақсы көретін, — деп еске алатын еді Ғайша Ертайқызы. Ертай Иманбайұлының аумалы-төкпелі  замандағы мешіт имамдарының  тұрақтамаған кездерінде  жамағатқа намаз оқытып, мешіттің үнемі ашық тұруын, оның ішіндегі дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз етудегі зор жауапкершілігі мен тиянақтылығы ел есінен шыққан емес. Соңғы уақытты ол Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жұмабай қажы Ықыласпен де бір діннің қамына пұшайман болып, бір терінің пұшпағын илескен еді. Сондай ұқыптылығына, іскерлігіне риза болып жүретін мешіт имамдары Ертай молданың қырқын өткізуге жан-жақты атсалысты. Бижан мешітінің қазіргі бас имамы Әбусамат Сағиновтың бастамасымен былтыр мешітте күрделі жөндеу жұмыстары басталып, биыл аяқталып қалды. Біреуге ерте, біреуге кеш, әйтеуір бір қоштасу сөзін айтқызбай қоймайтын тіршілік  қағидасы үстемдігін  жасап келеді. Дінге  бүкіл жаратылысымен аянбай еңбек етіп, талайды ақыл-ой, сабыр-төзім, парасатымен бауыр бастырып үлгерген, соның өзінде өткен көп сыры көкірегінде бүгулі қалып, емін-еркін ақтарылар сәті тумай өткен ғұмырлардың бәрі — өкініш. Ғасырға пара-пар ондаған жыл бойы  жыртылған намыс пен алданған ар-ождан  шел басқан томағасын сыпырып, төңірегіне біржола басқаша көзбен қарауға мәжбүр еткен тарих жолында Ертай өз денесін ақ айдынға жүздіріп, шомылдырып, тіршіліктің шаң-тозаңынан құлан-таза арылып, бәз-байырғы сәби  қалпында ұрпақ жадында мәңгі сақталып қалады.

Жазып алған:

Шолпан БАЙҒАЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.