Жақында Аққулы ауданында «Жастар live» атты мерекелік шара өтті. Онда әр салада табанды еңбек етіп жүрген белсенді жастар марапатталып, «Жастар Live — El Zhastary» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Шара барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дулат Молдагелдинов жастардың қоғамдағы рөлі туралы айтып, осы ауданнан шығып, облыстық, респуб-ликалық деңгейдегі байқау-ларда жетістіктерге жетіп жүрген жастарды марапаттады. Оларға Алғыс хаттар және өздері туралы жазылған «Жастар live — ел жастары» атты кітап табысталды. Аталмыш кітапқа түрлі салада нәтижелі жетістікке жетіп жүрген ауданның 34 дарынды азаматы іріктелген. Кітаптың жарық көруіне себепші болған — Аққулы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Дарико Табулова.

— Біздің бірінші мақсатымыз – жергілікті жастарды елге таныту. Өйткені, ауданымызда талантты жастар баршылық. Облыстық кітапхана жобасы әр жыл сайын бір жоба ұсынып отырады. Биыл ауданның жастарын қолдау мақсатында осындай жобаны қолға алдық, — дейді Д.Табулова. Еңбекке енген жастар арасында облыстық «Saryarqa samaly» газетінің фототілшісі Есенжол Исабек те бар. Ол еңбек жолын  аудандық «Аққу үні» газетінде бастаған.

— Кезінде қалыптасуыма, облыстық деңгейде танылуыма ауданның қолдауы үлкен әсер етті. Еңбек жолымды да осы газеттен бастадым. Мұндай шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына мың алғыс! Аз да болсын жеткен жетістігімізді елеп, ескеріп жатқандарына рақмет! – дейді ол. Кітап үш бөлімнен тұрады. 1-бөлімде Аққулы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде өткізілген іс-шаралар жайлы баяндалған. Еңбекте әр өткізілген шараның QR-ы бар. 2-бөлімде ауданның белсенді, шығармашыл, талантты жастары жайлы жазылса, 3-бөлімде ауданның спортшылары орын алған. Аталмыш шара облыстық Иса Байзақов атындағы филармония өнерпаздарының дайындаған мерекелік әндерімен аяқталды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.