Ерболат Байдауров. Өнер саласы бойынша кәсіби білімі болмаса да, бойын-дағы әнге деген құштарлығының әрі талантының нәтижесінде көптің ықыласына бөленіп жүрген өнерпаз. Бүгінде әуесқой әншіні көпшілігі Ресей елінің белгілі жұлдызы Юрий Шатуновтың әндерін орындаушысы ретінде таниды. Соның арқасында шекара асып, танымал бағдарламаларда мейман болып жүр. Жұлдыздай жарқ еткен жерлесімізбен әңгімелесудің сәті түсті.
— Ерболат Геннадийұлы, алдымен оқырмандарға өзіңіз-
ді таныстырып өтсеңіз…
— Мен 1980 жылы 18 желтоқсанда Май ауданы Ақжар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта концерттерде ән айтып, тойларда асаба болып қызмет етемін.
— Өнер жолына қалай келдіңіз?
— «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бала кезден-ақ қызығушылығым туды. Сөйтіп, 11 жасымда қолыма алғаш микрофон алып, ән айта бастадым. Өнерімді одан әрі дамыту мақсатында аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Әсіресе, ауылымда өткен «Әнші балапан» байқауына қатысқаным есімде. Ол сайыста 1-орынға ие болған едім. Бала кезден өнерге құштар болсам да, өкінішке қарай, кәсіби білім алған жоқпын.
— Бүгінде түрлі концерттік бағдарлама, жиындарда Ресей елінің белгілі жұлдызы Юрий Шатуновтың әндерін шырқап жүрсіз. Сол арқылы халыққа біршама танылып та қалдыңыз. ТМД елдері тыңдармандарының сүйікті әншісіне айналған талант иесінің әндерін орындауыңызға не себеп болды?
— Юрий Шатунов 80-90 жылдары аз уақыттың ішінде танылып, Ресей елінің жарық жұлдызына айналды. Ол кезде оның әндерінсіз сауық кеш, той, жиын өтпейтін. Әсіресе, сол 1980 жылдары әйгілі бола бастады. Бүгін де дәрежесі төмендеген жоқ. Өзім Юрий Шатуновтың әндерін шамамен 7-8 жасымнан бастап тындадым. Әсіресе, «Белые розы», «Седая ночь», «Розовый вечер» әндері ерекше ұнайтын. Әнге жақын болғандықтан, түрлі шараларда осы әндерді шырқайтынмын. Кейін тыңдармандардың көңілінен шыққан соң бұл туындыларды әнқоржыныма қосуды жөн санадым.
— Осы уақытқа дейін түрлі байқауға, телебағдарламаларға қатысқан боларсыз. Соларға тоқталып өтсеңіз…
— Өткен жылдың ақпан айында ресейлік танымал тележүргізуші Андрей Малаховтың «Привет, Андрей!» бағдарламасына шақырту алдым. Әрине, шақырту алғаныма қуандым. Онда Юрий Шатуновтың «Вечер холодной зимы» атты авторлық әнін орындадым. Ал сол жылдың 26 қазанында Ләйлә Сұлтанқызының шақыртуымен «Төрлетіңіз» бағдарламасына қонақ болып қайттым. Бағдар-ламада «АБК» тобының «Ботақаным» әнін шырқадым. Осындай бағдар-ламаларға қатысу арқылы өнерімді одан әрі дамыта аламын деген ойдамын.
— Танымалдылық туралы түрлі пікірлер бар. Сіз оны қалай қабылдайсыз?
— Ешкім болашақта не боларын білмейді. Бірақ армандай алады. Мен де балалық қиялға ерік беріп, алдыма үлкен мақсат қойдым. Кейде мақсаттың өзі көздегеніңе жеткізе алмауы мүмкін. Оның жолында тынымсыз еңбек етіп, өзіңді жетілдіруді тоқтатпау керек.
Мәселен, «жұрттың бәрі мені таныса екен, мені ғана тыңдаса екен» деген балалық шақтағы шала ой кейін өнердің құнын білетін қазақ жұртына қандай сапалы ән ұсына аламын деген зор жауапкершілікке айналды. Кімде-кім өзі жақсы көретін ісінде кәсібилік деңгейге жетсе, нағыз шың сол шығар деген ойдамын.
— Қазір репертуарыңызда қанша ән бар? Сіздің ойыңызша, сәтті шыққан туындыңыз қайсы?
— Бүгінде репертуарымдағы әндердің көпшілігі — Юрий Шатунов орындаған 80-90-ыншы жылдардағы әндері. Одан бөлек, сол уақытта жарық көрген қазақ және орыс тіліндегі танымал әндерді орындаймын. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Жалпы, әнқоржында 30-ға жуық ән бар. Алдағы уақытта өзімнің авторлық әнімді жазсам деген жоспарым бар.
— Газеттің оқырмандарына, жерлестеріңізге тілер тілегіңіз.
— Елдің бірлігі бекем, адамдардың татулығы мығым болсын. Ел аман, жұрт тыныш болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік. Әр отбасында бақыт пен береке тұрақтасын!
— Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз өрлей берсін!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.