Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейлердің маңызы зор. Себебі, музей – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт. Өңірдің мәдениеті мен рухани ордасына айналған, 80 жылдық тарихы бар сондай орындардың бірі – Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі. Жуырда музей басшысының орынбасары Гүлнәр Нұрахметовамен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында музейдің тарихы мен бүгінгі және келешек өмірі сөз болды.
— Гүлнәр Балкенқызы, алдымен тарихқа көз жүгіртсек. Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі қалай құрылды?
— Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі Ұлы Отан соғысы кезінде, яғни 1942 жылы ашылды. 1959 жылы Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі орыс саяхатшысы, этнограф, фольклорист және публицист Григорий Потаниннің есімі берілді. Мәдени орталықтың алғашқы басшысы фотограф, өлкетанушы Дмитрий Багаевтың музейдің ашылуына қосқан үлесі зор. Бастапқыда музей шағын бөлмеде орналасты. Оған дейін «Общество по изучении истории Казахстана» деген атпен бөлім және Багаевтың суреттерінен көрме ашылған. Осыдан 2 жыл бұрын музейдің 80 жылдық мерейтойын атап өттік.
Г.Потанин музейі – тарихпен айналысып, түрлі экспонатты сақтайтын үлкен мекеме. Сондай-ақ, кешегі мен бүгінгіні байланыстыратын тарихи әрі ғылыми орда. Бүгінде музейіміздің облыс қалалары мен аудандарында филиалдары бар. Мәселен, олардың қатарына Екібастұз қалалық, Ақсу қалалық, Шарбақты аудандық тарихи-өлкетану музейлері, М.Шамсутдинова атын-
дағы ән-өнер шығармашылығы музейі, Д.Багаевтың мұражайы, Әскери даңқ музейі енген. Сондықтан мәдени және тарихи орталықты облыстың бас сақтау қоры деуге толық негіз бар.
Музейдің мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, тарихи жәдігерлерді қаз-қал-пында сақтау әрі оны зерттеп, келесі ұрпаққа жеткізу. Осы орайда көптеген істі атқарудамыз. Оның ішінде археологиялық қазба жұмыстары, археологиялық және палеонтоло-гиялық экспедициялық жұмыстар бар. Кей адамдар «Музейде не істейсіздер?» деп таңданып жатады. Шындығын айтқанда, музейдегі әр күніміздің қалай өтіп кеткенін аңғармай жатамыз. Өйткені, атқарар жұмыстар мен алға қойған жоспарлар көп.
— Бүгінде музей қорында қанша жәдігер бар? Олар қалай қабылданады?
— Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында бүгінде 70 мыңнан аса жәдігер, ал қалалық және аудандық музейлердегі жәдігерлерді қоса алсақ 130 мыңға жуық тарихи заттар бар. Олардың арасында елімізге белгілі қоғам қайраткерлері жерлестеріміз Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді тұлғалардың киімдері, қолданған заттары және еңбектерінің түпнұсқалары сақталған. Алайда олардың барлығы толық зерттеуден өтпеді. Сол себепті, бүгінде әр жәдігерді технологиялық өңдеуден өткізіп, зерттеу үстіндеміз. Ол үшін қосымша архив пен кітапханаларға барып ақпарат жинаймыз. Одан бөлек, жәдігерлерді сақтап қана қоймай, олар туралы келушілерге баяндап береміз.
Ал қабылдауына келетін болсақ, оның бірнеше жолы бар. Тарихи жәдігерлерді іздестіру мақсатында әр жыл сайын музей қабырға-сында «Тарихқа атыңды қалдыр» атты акцияны ұйымдастырамыз. Акция аясында қала тұрғындары көптен бері үйге сақталған, көп уақыттан бері қолданылмаған заттарын тапсырады. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткендей, археологиялық, палеонтологиялық және этнографиялық экспедиция барсында облыстағы, өзге өңірлердегі елді мекендерді аралаймыз.
Сапар барысында ауыл тұрғын-дарымен дидарласып, қолда бар тарихи заттарын сұраймыз. Алайда, бір ескертетін жайт, музейде кез келген бұйымды сақтамаймыз. Орталыққа белгілі бір затты әкелгенде оны арнайы комиссия толыққанды зерттеп шешім шығарады. Егерде құп көрсе, музей қорына қабылданады.
— Осы жәдігерлердің ара-сынан ерекше құнды заттарды атап өтсеңіз…
— Қорымызда маңызы ерекше жәдігерлер жетерлік. Олардың қатарында республика деңгейінде тек біздің тарихи орталықта сақталған заттар бар. Мәселен, күмістен жасалған әйел адамның бас киімін және палеонтологиялық, этнографиялық коллекцияларды атап өтуге болады.
— Оларды сақтаудың да белгілі бір тәсілдері мен амалдары бар шығар…
— Әрине. Олардың әрқайсысы белгілі бір сандармен белгіленіп, арнайы дайындалған темір қорапшаларда сақталады. Мәселен, музей қорында 18-19 ғасырлардағы Құран, Библиялар бар. Олардың сақталу техникасы жеке. Олардың беттері жұқа болғандықтан әр бетіне папирусты қағаз төселеді. Сонымен қатар, археологиялық жұмыстар барысында жер астынан табылған заттарды жарыққа шығарсақ, бұзылып, өз қалпына келтіре алмауымыз
мүмкін. Сондықтан оларды күннің сәулесі түспейтін қараңғы жерде сақтаймыз. Жалпы, әр заттың химиялық құрамы болады. Ал келушілер назарына сол заттардың көшірмелері ұсынылады.
— Еліміздегі музей ісінің дамуына көңіл толмаушылық та жоқ емес. Кейбір мемлекет-
тердің айтулы рухани ошақ-тарына жаңа технологиялар енгізіліп, сол елдің мәдениеті әспеттеліп жатады. Осы саланың маманы ретінде Қазақстандағы музей-лердің даму деңгейі, осының айналасындағы проблемалар, шешімін күткен мәсе-лелер туралы не айта аласыз?
— Еліміздегі музей ісімен шетелдегі музей ісін салыстыру мүмкін емес. Себебі, айырмашылығы жер мен көктей. Шетелдердегі музейлерге бара қалсаңыз, олардың әрқайсысына жаңа техноголиялар енгізілген. Соның себебінен болар, адамдардың толассыз кезегін көресіз. Ал біздің музейлерде, өкінішке қарай, даму жоқ. Мысалға көршілес Ресей елімен салыстыратын болсақ, айырмашылық баршылық. Мүмкін, облыстық музейлерден қарағанда Астана, Алматы секілді ірі қалалардағы музейлердің мүмкіндіктері бар шығар. Ал біздің өңірде де дамуы үшін уақыт қажет.
— Әңгімеміздің басында облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған бірнеше мұражай бар екенін атап өттіңіз. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
— Қалалық және аудандық музейлер біздің музейдің құрамында болса да, әрқайсысының жеке жоспарлары болады. Сол бойынша жұмыстарын атқарады. Мысалға, Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейі көлемі жағынан шағын болса да көптеген ауқымды шараны өткізіп жүр. Музейдің әр қызметкері өз саласын жетік меңгерген. Олар елімізге белгілі облысымыздан шыққан тұлғалар жайлы зерттеп, ән-өнер бағытында кездесулер ұйымдастырады. Өзге музейлер де осы бағытта жоспарлы түрде қызмет етуде.
— Өзге өңірлердегі музейлермен әріптестік байланыс-тарыңыз қалай? Аудандарға іссапармен шығып тұрасыздар ма?
— Өзге аймақтардағы әріптес-термен байланысымыз тығыз. Бүгінге дейін еліміздің барлық музейіне жылжымалы көрмемізбен барып қайттық десек болады. Жақында Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев, І.Жансүгіров музейіне барып, атақты жерлестеріміздің киімдерін, қолданған заттарын, суреттері мен құжаттарын талдықор-ғандықтардың назарына ұсындық. Олар да бізбен кері байланыс жасап, өздерінің құнды жәдігерлерін алып келеді. Таяуда «Ертіс» мульти-медиялық музейінде Өскемен қаласының этнографиялық музейі ұсынған көрме ашылды. Осыдан-ақ еліміздегі музейлердің арасындағы әріптестік қарым-қатынас тығыз екенін байқауға болады. Алдағы уақытта Ресей еліндегі қалаларға көшпелі көрмемен бару жоспарда бар. Алайда шекарадан өту бойынша қиындық туындап тұр.
Аймақтардан бөлек, аудандарға да жиі іссапармен барып тұрамыз. Біздің филиалдарымыз әр ауданда орналасқандықтан музейлерге
жұмысқа қабылданған әр қызмет-кердің жұмысын бағалаймыз. Аудан-дағы қызметкерлердің білімі мен тәжірибесін дамыту мақсатында семинарлар да өткіземіз.
— Облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамындағы көп мұражайдың бой көтергеніне бір ғасырдан астам уақыт өткен. Алайда олардың көпшілігі күні бүгінге дейін жөндеу көрмеген. Бұл мәселе жуырда шешімін таба ма?
— Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің өзіне жөндеу жұмыстары 2011 жылы жүргізілді. Алайда осы жылы немесе келесі жылы жөндеу жоспарда жоқ. Дегенмен, биыл Екібастұз қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта экспонаттарды жаңарту ойда бар. Аталған жұмыстарды алматылық мердігер жүргізеді. Жұмыстарды жаздың соңғы айына дейін аяқтау жоспарда тұр. Одан бөлек, бой көтергеніне 2 ғасыр болған Багаев секілді музейлерді жөндеуден өткізу ойда бар. Соңғы рет бұл музейде жөндеу жұмыстары 2008 жылы жасалған. Алайда мәдени нысан ескі болғандықтан мәселелері жетерлік. Қайта қалпына келтіру мақсатында министрлікке хат жаздық. Бюджеттен қаржы бөлінеді деген ойдамыз.
— Музейге келушілердің санын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқару-дасыздар?
— Музейге келушілер саны жыл санап өсіп келеді. Бұл – көңіл қуантарлық жайт. Одан бөлек, оларды тарихи-өлкетану орталығына тарту мақсатында түрлі акциялар өткіземіз. Павлодар қаласындағы Орталық жағалауға шығып, музейдегі жәдігерлермен таныстырамыз, жеңілдіктер ұсынамыз. Әр жыл сайын «Досыңды ертіп кел», «Музей түнін» ұйымдастырамыз.
— Алдағы уақытта атқарар жұмыстарыңыз туралы айта кетсеңіз…
— Алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар көп. Мекемеміз ғылым бағытында қызмет ететіндіктен алдымен зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлеміз. Биыл, сондай-ақ, мерейтойлары аталып өтілетін тұлғаларға арналған конференциялар ұйымдастыру ойымызда бар. Бұл іске белсенді қатысуымыз қажет. Сонымен қатар, музей болғандықтан биыл палеонтологиялық каталог шығардық. Алдағы уақытта археологиялық каталог шығаруды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, аймағымызда жыл сайын ұйымдастырылатын Орта Азия елдері қолөнершілер жәрмеңкесін өткізсек дейміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.