Биыл Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің туғанына — 105 жыл. Осыған орай орталық қалалық кітапханада «Қаһарман Қанаш» атты тарихи кеш өтті. Кешке жергілікті ғалымдар мен мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айман Зейнулина батырды еске алып, арда азаматтың елі үшін жасаған еңбегі мен соғыс жылдарындағы ерлік істеріне тоқталды.
— Ұлы Отан соғысына қазақ жерінен аттанған азаматтар ел қорғау жолында асқан ерлік танытты. Олардың ерлігі мен өнегелі өмірін насихаттау ұрпақты патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиелеудегі бірден-бір сара жолы. Сондай батыр азаматтардың бірі – Қанаш Қамзин. Оның өмірі мен ерлігі жас ұрпақ үшін өнеге болып қала береді, — деді А.Зейнулина.
Кейін батырдың өмірі мен майдан даласында көрсеткен ерлік жолы бейнебаян арқылы таныс-тырылып, батырлық, азаматтық келбеті, болмыс-бітімі, елге сіңірген еңбегі туралы оқырмандарға кең көлемде мағлұматтар берілді.
Айта кетейік, Қанаш Қамзин 1919 жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Жолқұдық ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград жаяу әскер училищесінде қысқа мерзімді курстардан өткен. 429 атқыштар полкінде рота командирі болып, Молдавияны азат ету және Днестр өзеніндегі шайқастар кезінде ерлігімен көзге түскен. 1944 жылғы 14 сәуір күні ұрыс кезінде қаза тауып, Молдавияда жерленді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен Қанаш Қамзинге Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.