Биыл ақын, журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының Құрметті азаматы Шолпан Байғалы мерейлі 75 жасқа толды. Жуырда мерейтойға орай «Достық үйінде» рухани-әдеби кеш өтті. Оған аймағымыздың зиялы қауым өкілдері қатысып, қарымды қаламгер жайлы естеліктерімен бөлісті.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова кеш иесін мерейтойымен құттықтап, аймақ басшысы Асайын Байхановтың атынан Құрмет грамотасымен марапаттады.

— Сізді мерейлі 75 жасыңызбен құттықтаймын! Шығармашылығыңыздың негізі болып саналатын адал достық пен жас ұрпақты дұрыс жолға тәрбиелеуде үлкен үлес қосып келесіз. Сондай-ақ, поэзия әлемінде өзіңдік орны-ңызды қалыптастырдыңыз! Өлеңдеріңізден жастар тағылымды тәрбие ала білді. Сіздің, әсіресе қазақ журналистикасы-
ның дамуына еткен еңбегіңіз ұшан-теңіз. Шығармашылық әлемінде шабыттанып, жаңа заман оқырмандарына арнаған шығармаларыңыз толастамасын, — деді А.Құрманова. Шолпан Байғалының алғашқы өлеңдері Тереңкөл ауданы Қызылтаң ауылында 7-сыныпта оқып жүргенде республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында, одан кейін облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly»), «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарық көрді. Алғаш жазған «Ауылым», «Туған жер» деген өлеңдеріне жергілікті сазгер Мейрам Ермекбаев ән жазып, топтамалары жарық көрді. Шара барысында ақын Ақын Алақанұлы Шолпан Байғалының туындыларының ерекшелігіне тоқталып, өлеңдері мейірімді-лікке толы екенін атап өтті.

— Шолпанның өлеңдерінде ерекше бояу, өзгеше күш бар. Ол әр туындысын тереңнен ойланып, ойындағысын нақпа-нақ қағазға түсіреді. Мұндай шынайы жазылған өлең әр оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Әсіресе, нәзік өлеңдерімен адамды бірден баурап алады, — деді А.Алақанұлы. Шолпан Байғалы әр жылдары «Көктем тынысы» (1972 ж.) өлеңдер топтамасы, «Ай-нұрым менің» (2000 ж.), «Еркелеймін Ертіске» (2003 ж.), «Сезімді қайтем тулаған» (2006 ж.), «Қазақ журналистикасының тарихынан лекция курсы» (2008 ж.), «Сыр сандық» (2009 ж.) өлең-әңгімелері, сонымен қатар «Сағым уақыт» (2013 ж.) эссе кітабы, «Толқиды Ертіс» (2015), «Қызылтаң — алтын бесігім» (2016 ж.) естелік әңгімелері, «Таңшолпан» (2018 ж.), «Менің тәтті тағдырым» (2019 ж.) атты өлеңдер жинағы, «Ай-тұмар» (2021 ж.) атты туындылары жарық көрді. Сондай-ақ, жергілікті орыс ақыны Ю.Примак, О.Григорьеваның, Н.Ваккердің орыс тіліндегі өлеңдерін қазақшаға тәржімалаған. Кеште жергілікті зиялы қауым өкілдері естеліктерімен бөлісіп, ақынның өлеңдерін оқыды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.