Ертістің Павлодар өңірінің тарихында дара тұлғалар көп. Осындай елеулі азаматтардың бірі – отансүйгіштік пен ерлікті ісімен дәлелдеп кеткен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қабдеш Нұркин. «Достық үйінде» ҚР қарулы күштерінің полковнигі, мемлекет қайраткері, Шарбақты ауданы, Павлодар қаласы және Павлодар облысының Құрметті азаматы Қабдеш Темірбайұлының туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов Қабдеш  Нұркиннің әулетіне аймақ басшысының құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова, мемлекет қайраткері Әділ Шаяхметов жылы лебіздерін білдіріп, Қабдеш Темірбайұлының өнегелі өмір жолына тоқталды.

Қабдеш Нұркин 1923 жылы Шарбақты ауданы Үшқамыс ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітірген шақта  тұтанған соғыс өрті бозбаланың қанмайданға аттануына себепші болады. Алматы жаяу әскер училищесінде Оңтүстік-Батыс майданының кіші лейтенанттарының «Ату» курсын тәмамдаған ол 1942 жылдың қарашасында атқыштар взводының командирі ретінде Сталинград маңындағы ауыр шайқаста алғашқы жауынгерлік сыннан сүрінбей өтеді.

Қабдеш Темірбайұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында Сталинградты азат етуде «Кольцо», Харковьты қорғауда «Звезда», Белоруссияны азат етуде «Багратион» жауынгерлік операцияларына қатысып, ержүректігімен көзге түсті. Берлин қаласының маңында Померания жерінде болған ұрыстағы ерлігі үшін «Александр Невский» орденімен наградталды. Сонымен қатар, Ресей, Белоруссия, Польша және Германияның көптеген елді мекендерін азат ету жолында қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Ержүрек жауынгер екі мәрте «Қызыл жұлдыз» ордені,  I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі , т.б. көптеген марапаттарға ие болды.

Елге оралған соң Қабдеш Нұркин партияның облыстық комитетінде, аудандық партия комитетінде қызмет атқарды. Халық депутаттарының Павлодар облыстық кеңесінде 27 жыл бойы хатшы болды, Павлодар қалалық кеңесі және Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды.

Қабдеш Нұркин отбасында аяулы жар, ардақты әке, сүйікті ата болды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Разия Молдабековамен бірге 50 жыл отасып, бес бала тәрбиелеп өсірді. Балалары бүгінде ата-аналарының өнегелі жолын жалғап, елге қызмет етуде. Бейбіт күндегі бар ғұмырын еңбекке арнаған Қабдеш Нұркин 91 жасында дүниеден өтті. Шарада Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі және отбасылық архив қорынан алынған құжаттар мен заттар негізінде ұйымдастырылған көрме мен арнайы әзірленген бейнетаспа Қабдеш Нұркин өмірінен сыр шертті.

Айта кетейік, 2020 жылы облыс орталығында 13 көше қазақшаланып, оның бірі – Пахомов көшесіне Қабдеш Нұркин есімі берілді. Сондай-ақ, Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің (бұрынғы педагогикалық училище) түлегі Қабдеш Нұркин атындағы шәкіртақы осы оқу ордасының үздік шәкірттеріне беріліп келеді.

Т.ӘБІЛДА.