Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейінде көптеген тарихи жәдігер топтастырылған. Қазақ сахарасын дүлдүл әнімен тамсандырған, халық арасынан шыққан кәсіпқой әнші, ақын, композитор Естай Беркімбаевтың 155 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тұрақты экспозициялық залда ақын тұтынған заттар келушілер назарына ұсынылған.
Музейдің қор сақтаушысы Саягүл Әлғожинаның айтуынша, мұнда ақын киген кеудеше, қолданған шабаданы және себеті сақтаулы.
— 1939 жылы Алматыда өткен Жазушылар одағының II съезінде ақын 2 шабадан сатып алған екен. Соның бірі музейдің құнды жәдігері ретінде экспозициямызды толықтырып тұр, — дейді Саягүл Амангелдіқызы. Музейдегі құнды жәдігерлердің бірі – жүзім сабағынан тоқылған себет. Мұны Естай ақын ет сақтау қоймасы ретінде қолданған екен.
Т.ӘБІЛДА.