«Естай мен Қорлан» телехикаясы көрерменге жол тартпақ

Шіл 17, 2025

«Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат берген екен күн мен айын». Сұлулықтың символына айналған Қорлан жайындағы бұл ғажайып әнді естімеген қазақ кемде-кем шығар. Өйткені, қазақ тарихында қосыла алмай қалған ғашықтардың ұзын тізбегінің ішінде Естай мен Қорлан есімдері алғашқылардың қатарында аталады. Дегенмен, қазақтың даласын көктей өтіп, әлемнің әйгілі сахналарында шырқалып, тыңдаушысын ынтық еткен өнер туындысы уақыт өткен сайын аңыз болып келе жатқандай. Жуырда осы әннің тарихынан және ақынның өнерінен сыр шертетін «Естай мен Қорлан» сериалы Баянауыл баурайында түсірілді.

Әннің тарихы қандай?

Иса деген бір мықты Маралды еліне құдалыққа баратын болады да, ол Ақкөлдің болысы Әбілқасым Шыманұлына хат жазып, ақын Естайды ала келуді тапсырады. Бұл кезде Естайдың жасы жиырманың үстіне шыққан екен. Сері үшін бұл сапар қызықты көрінеді. Жаңа жер, көрмеген ел әншіні қызықтырады да, келісім беріп, Маралдыға бірнеше кісі болып жүріп кетеді.

Ал сол заманда Маралды болысы Ұрық ауылында түбі Қыпшақ – Сұңқар, Сұлтан деген белгілі адамдар болады. Сұңқар – болыс, Сұлтан – би. Екеуінің де ел арасында беделі жоғары, ауқатты кісілердің қатарында болған. Сұлтанның Құсни және Қорлан есімді екі қызы бар екен.

Естай келіпті дегенді естіген Сұлтан ауылының күллі қыз-боз-баласы жиналып, той-думан ұйым-дастырады. Осындай көңілді кештердің біріне Құсни мен Қорлан да келеді. Естай сол жерде ай қабақ, алтын кірпік ару қыздарды көріп, жақын келіп танысады. Екі жас бір-бірін шын ұнатып, қалай болса да, қосылу жолдарын әңгіме етеді. Бұл туралы Сапарғали Бегалин 1939 жылы Естайдың өз аузынан естіген сөзім еді деп былай баяндайды:

«Қорлан мен менің базарым  күн санап қыза түсті. Қорлан болмаған жерде менің домбы-рамның құлақ күйі өспей, ән де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Қорлан да тап сондай күйде. Екеуміздің арамыз – қол жетпейтін тас қамал. Өйткені, Қорланды жас кезінде бір бай тоқалдыққа алмақ болып, қалың малын үйіп-төгіп төлеп қойыпты. Кешікпей ұзатып алып кетпек. Менде ол қамалды бұзар дәулет жоқ. Не арқа сүйер күш жоқ.
Екеуміздің ол жердегі бар жанашырымыз Жәміш деген Қорланның немере жеңгесі ғана. «Ертең жүреміз» деп отырғанда, Жәміш маған бір жігіт жіберіпті. Оны естіп, жетіп барып едім, Жәміш жарқылдай қарсы алды: «Әнші құда, замандасың бір ауыз тілдескісі келеді. Сол үшін шақырттым» деді. Сол арада мен оны алып қашпаққа уағдаластым. Ол келісімін берді. Бірақ, уа дүние-ай, бұл
әрекетіміз жария болып, екеуміздің жолымыз мәңгіге кесілді…».

Тағдыр Қорланды Естайдың маңдайына жазбаса да, үріп
ауызға салғандай аруға деген ғашықтық сыр Естайдың таңдайынан шекер балдай, сиқырлы саздай болып төгіледі. Оның аузынан шыққан әрбір сөз, әрбір әдемі шумақ жастардың аузынан түспей жүретін әнұранға
айналды.

Терең сезімді көрсетеді

Қос ғашықтың өмірінен сыр шертетін «Естай мен Қорлан» — тек махаббат жайлы емес, ұлт тарихы мен өнерінің терең философиясын ұсынатын дүние. Қазақтың асқақ махаббаты мен мәңгілік өнерін дәріптейтін бұл жаңа туынды осы жылдың соңында жарық көрмек. Жобаның бас продюсері – Назгүл Қарабалина, сериал режиссері – Нұргелді Садығұлов, сценарийін жазған — Сержан Зәкерұлы. Фильмді түсіру бастамашысы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Екі бөлімді телехикая Естайдың әншілік өнері, сезімге толы лирикалық шығармашылығы мен Қорланға деген кіршіксіз махаббатын көрерменге жаңа қырынан таныстырады. Сериал барысында Естайдың «Қорлан», «Жай қоңыр», «Назқоңыр» сынды әйгілі әндері жаңа аранжиров-камен шырқалып, заманауи және дәстүрлі стиль тоғысады.

Облысымыздың ұлы компо-зиторы Естай Беркімбайұлы мен Қорлан есімді ару арасындағы махаббатқа негізделген көркем сериалдың түсірілім жұмыстары Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының маңында өтті. Табиғаты тамаша, кең жазира даланың көріністері лентаның көркемдігін арттыра түсті. Түсірілім процесі 30 маусымда басталып, бір аптаға созылды.

Туындының режиссері Нұргелді Садығұловтың сөзінше, түсірілімнен бұрын олар бұл әннің шығу тари-хымен, Естай Беркімбаевтың өмірімен және шығармашылығымен танысып, әр деректі терең зерттеуге тырысқан. Зерттеу жұмыстарынан соң сценарий жазылған. Басты мақсат Естай мен Қорланның бейнесі арқылы ұлттың рухты жеткізу екенін атап өтті.

— Бұл кинотуынды – қазақтың махаббат туралы әсерлі аңыз-дарының бірі. Біз тек тарихи хикаяны емес, сонымен қатар Естайдың өнерге, Қорланға деген терең сезімін көрерменге жеткізгіміз келді. Әр кадрда қазақтың болмысын, салт-дәстүрін, ән мен күйін көрсетуге тырыстық. Бұл – халық жадындағы махаббатты жаңғырту жолындағы кішкентай ғана үлесіміз. Телехикая көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятына қызмет етсе, мақсатымыздың орындалғаны, — дейді режиссер.

Түсірілім үшін тауып алуға қиын соққан антикварлық реквизиттер пайдаланылды. Ерекше реквизит – мұражайдағы жүз жылдан асқан Естайдың қара домбырасы. Ал түсірілім кезіндегі техникалық ерекшеліктеріне келсек, телехикая сериал түсіруге арналған камераға емес, кәсіби кинокамераға түсі-рілген. Ал сол кездегі қазақтың тұрмыс-тіршілігін айнымай жеткізу үшін киімдердің 80 пайызын ине-жіптен шыққандай жаңадан тігу керек болған. Бұл жұмыс костюмерлердің үш айдан астам уақытын алды.

– Әр ұлы тұлғаның тарихы ерекше. Сондықтан біз осы адамдар жайлы фильмдер түсіреміз, олар туралы айтамыз. Тарихи фильмдер көрермендерді еліміздің дамуына зор үлес қосқан адамдармен таныстырады, – дейді продюсер Назгүл Қарабалина.

Тәжірибелі әртістерден құралған

Естайдың рөлін белгілі театр және кино актері Нұржас Садырбай сомдаса, Қорланның бейнесін жас актриса Диана Нағметоллаева сомдаған. Екеуінің де кейіпкерлерге бейімделуі, сахналық шеберлігі көрерменнің көңілінен шығаты-нына сенім мол.

Естай рөлін сомдаған актер Нұржас Садырбай бұл жобаны өзінің кәсіби өміріндегі маңызды белесі деп санайды. Оның сөзінше, дайындық барысында ақын-сазгердің өмір жолын, шығармашылығын зерттеп, әндерін тыңдап, сол заманның рухын сезінуге тырысқан.

— Естай бейнесін сомдау – мен үшін зор жауапкершілік әрі мәртебе. Ол – тек әнші емес, халқының үніне айналған ұлы тұлға. Оның Қорланға деген махаббаты, өнерге деген адалдығы  бәрі де жүрекпен берілуі керек болды. Рөлге дайындалу барысында Естайдың әндерін, өмірбаянын терең зерттедім. Бұл жұмыс менің актерлік жолымдағы әсерлік кезеңдердің бірі болды. Көрермен Естайдың жан дүниесін сезіне білсе, мен өз міндетімді орындадым деп ойлаймын, — дейді ол.

Қазақтың сұлуы ғана емес, халқымыздың жүрегінен орын алған өлмес әнге арқау, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып кеткен тағдыр иесін сомдау кино әлеміне енді қадам басқан Диана Нағметоллаеваға бұйырыпты.

— Әрине, бұл рөл — мен үшін зор жауапкершілік. Себебі, халқы-мыздың шынайы тарихына жан бітіріп, сол заманның үнін, иісін, сұлулығын жеткізуге атсалыстым, — деп атап өтті жас актриса.

Кинотуындыда, сондай-ақ, Саят Мерекенов, Болат Ұзақов, Қуаныш Бекайдаров, Айдар Наурызбаев – сериалдың эпизодтарына түскен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, аға актер-лердің негізгі құрамы. Назгүл Қарабалинаның айтуынша, сериалға түсуге үміткерлер көп болғанымен, актер-лерді телеарна өзі таңдаған.

Тағы бір айта кетерлігі, тарихи туындының эпизодтарында өзіміздің жергілікті Ж.Аймауытов театрының әртістері де бой көрсеткен. Солардың бірі – өнер ордасының жас әртісі Райхан Жұмақанова. Райхан үшін киноға түсу бала күнгі арманы болған. Әрі бұл телехикая оның кино саласындағы алғашқы дебюті екен. Сондықтан түсірілім мен дайындық барысында қобалжу сезімі болғанын жасырмады.

— «Естай мен Қорлан» теле-хикаясының түсірілімі Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында өтті. Мен телехикаяда Шәмші деген кейіпкерді сомдадым. Шәмші – Қорланның жеңгесі. Ол қайын сіңлісіне үнемі қолдау білдіріп, жанынан табылады. Ал Қорлан үшін жеңгесі анасынан кейінгі сырлас адамына, құрбысына айналған. Әрине, рөлді алып шығу қиын немесе оңай болды деп кесіп айта алмаймын. Себебі, қызығы да, шыжығы да болды. Түсірілім кезінде күн ыстық болды. Оған қоса, арнайы дайындалып тігілген көйлекті, оның сыртынан бешпетті, аяғымызға етік киіп рөлді сомдау аздап қиындау болды. Жалпы, түсірілім барысы өзіме қатты ұнады. Бұйырса, еңбектің жемісін өздеріңіз тамашалап, бағасын бере жатарсыздар, — дейді ол.

Телехикаяның түсірілімінің кастингінен облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның концерттік бағдарламалар жүргізушісі Адай Төлепберген де өткен. 23 жас
тағы Адай үшін де бұл — кино бағытындағы алғашқы рөлі.

— «Естай мен Қорлан» теле-хикаясына түсу мен үшін мол тәжірибе болды. Эпизодтық рөл болса да, шығармашылық топтың ортасында жүріп, кәсіби актерлермен бірлесіп жұмыс істедім. Әрбір кадрда зор еңбек, дайындық, эмоция бар екенін түсіндім. Мен сомдаған кейіпкер кадрда көп болмаса да, оқиғаның жалпы атмосферасын толықтыруға үлес қосты деп ойлаймын. Режиссердің маған артқан сенімі үшін алғысым шексіз, — деді ол.

23 жастағы Адайдың өзі Баянауыл ауданында туып-өскен. Сондықтан туған жерінде өткен түсірілімге әрі онда өзінің бой көрсеткеніне қуанышты. Ол бала кез-
ден өлең жазады әрі электронды музыкамен тәжірибе жасап жүр. 2023 жылдан бері облыстық Иса Байзақов атындағы филармония қабырғасында өтетін концерттік бағдарламаларға жүргізушілік етіп келеді.

Фильмнің ресми тұсаукесері 2025 жылдың соңына жоспарланған. Өйткені, пост-продакшн, яғни монтаждау көп уақытқа созылмақ. Ал киноны «Қазақфильм» студиясы мен Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірлесе өндіруде. Бұл жергілікті шығармашылық ұжым үшін де зор тәжірибе болғаны сөзсіз.

Түйін:

«Естай мен Қорлан» телехикаясы – халқымыздың ұлы композиторының махаббатын ғана емес, тұтас дәуірдің үні мен болмысын көрсететін тарихи шежіре іспеттес. Тарихты құрметтеу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағыт. Ал бұл туынды – сол жолдағы сәтті қадам болады деп үміттенеміз.

Айдана БОРАНБАЕВА.