Еңбегі өшпес ұлы ғалым

Мам 2, 2025

Жуырда Торайғыров университетінде Қ.И.Сәтбаевтың 7 тілдегі еңбектер жинағы таныстырылды. Ұлы академиктің 10 томдық еңбегі мен «Қысқаша өмірбаяндық очеркінің» тұсаукесеріне өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысып, ғалым ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, жыл сайынғы «XXV Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференциясында қоғамдық маңызы зор жобалар қорғалып, үздіктер анықталды.

Қазақтың көрнекті ғалымы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғылым арқылы ұлт рухын оятқан қайраткердің өмірбаяны жазылған кітаптың тұсаукесеріне келген Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мен Торайғыров университетінің төраға-ректоры Нұрлан Медетов ауқымы зор шараға байланысты ой бөлісіп, құттықтау сөз сөйледі.

– Бүгін тарихи күн деп айтуға болады. Өткен жылы ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған заңғар тұлғаның 125 жылдығы жоғары дәрежеде өткен. Биыл Сәтбаев оқулары 25-ші рет өткізіліп отырған Сәтбаев ғылыми конференциясында 10 томдық еңбек жинағын дайындап отырмыз. Одан бөлек, Қаныш деген ғажайып тұлғаны қазақ халқы ғана емес, шетелдіктер де тану үшін алты тілге аударылды. Бұл — болашаққа қалдыратын игілікті істердің бірі, – деді Алтынбек Нұхұлы.

Каныш Сәтбаевтың еңбегі тек геологиямен шектелмейді. Ол үшін ғылым елдің іргетасы, халықтың тірегі еді. Көпшілік алдында таныстырылып отырған кітапта ғалымның өмірбаяны ғана емес, ұлтқа қызмет ету, ғылымға деген құлшыныс, арманға қол жеткізу жолдары көрсетілген.

Жоғарыда аталып өткен ғылыми конференцияға мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері жобаларын дайындап, қоғамдық маңызы мен іске асыру жолдарын көрсетіп, қорғады. Солардың бірі Кенжекөл ауылдық мектебінің 8-сынып оқушысы Алмас Ескендір «Әуендер доңғалағы» жобасын ұсынды.

– Бүгін өзекті тақырыпты қозғағанды жөн көрдік. Қазіргі бүлдіршіндер мен жастар тыңдап жүрген билингвистикалық, яғни екі тілді әндердің жеңіл қабылдануын зерттедік. Танымал Ирина Кайратовна, Say Mo, Райым, Ұланғасыр Қами орындауындағы әндердегі сөздерді зерттеп, оның тілді жеңіл үйренуіне ықпал етуін аңғардық. Өзім тілдер саласына жақын болғандықтан, осындай жобаларда сөз мағынасына үңіліп, мәнін ашқан ұнайды. Жобаның болашағы бар деп ойлаймын, – деді жас ғалым.

Сондай-ақ, Ертіс ауданының оқушылары Айша Қалижан, Анель Байкәрімова Молдахмет Кенбаев пен Морис Эшер көркем- өнердің беделін көтерген бірден-бір суретшілердің еңбектеріне ерекше мән беріп, олар салған суреттердің қағидаларын зерттеген.

– Қазақтың бейнелеу өнеріндегі мозаикамен сурет салған ерекше еңбектің авторы Молдахмет Кенбаевтың ізін жалғап, бірі диск, түрлі түсті қағаздармен сурет салса, бірі ағаштан бұйымдар жасады. Зерттеуге бір жылдай уақытымызды жұмсап, кейбір тұстарын толықтырып, жақсарттық, – дейді ғылыми жетекші Анар Өтепбергенқызы.

Кең ауқымды шара дәстүрлі түрде өткізіліп, жастар қатарында ғылым мықтыларын анықтайды. Ұлттың жарық жұлдызы – Қаныш Сәтбаевтың жолы өскелең ұрпаққа мәңгілік рухани бағдар болып қала береді.

Салтанат ҒАББАС.