Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері діни ағартушы Зейнелғабиден әл-Жауһаридің 1909 жылы Ресей елінің Уфа қаласында басылып шыққан «Насихат Қазақия» кітабының түпнұсқа бөліктерін тапты. Бұл кітаптың санаулы ғана түпнұсқасы сақталған.
Абайтану ғылымында Зейнел-ғабиден Әміреұлының есімін айрықша айтуға әбден болады. Филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы оған «Ұлттық ой-санасы ерте оянған, сол жолда қолынан келер әрекеттен аянбаған, Абай мұрасын баспасөзде насихаттап, татар халқына танытуға арнаған талпынушылардың бірі» деп баға берген.
Яғни Зейнелғабиден Әміреұлы — ағартушы, Абай мұрасын баспа бетіне алғаш жариялаған қайраткер. «Насихат Қазақияда» қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қарастырылып, ақын Абай Құнанбаев пен Сәдуақас Шормановтың өлеңдері алғаш жарияланған.
1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген еңбек энцикло-педиялық сипатқа ие, мұнда сол кезеңдегі қазақ халқы өмірінің қоғамдық-саяси және әлеуметтік құрылысының мәселелері айқын көрсетілген. Сондай-ақ, ол Абай шығармашылығының ерекше маңызы бары туралы алғашқылардың бірі болып мәлімдеді.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Абзал Рымбектің айтуынша, Зейнелғабиден әл-Жауһаридің аталған кітабы араб қарпінде, төте нұсқада жазылған. Тарихи еңбектің түпнұсқасы елімізде санаулы ғана.
Ал Павлодарда табылған кітаптың он шақты беті ғана сақталған. Араб қарпіндегі көне парақтар жергілікті Бижан мешітіндегі құран кітаптары арасынан шыққан.
«Насихат Қазақияда» «Баланы 11 жастан кейін ғана орыс тілінде оқыту керек» деген мәселе айтылады. Қазіргі өнертабысы мен ғылымы дамыған жапон халқы балаларына шет тілдерін үйретуді тек 10 жастан кейін ғана қолға алатыны мәлім. Ағартушы бұл мәселені ертерек біліп, қазақ қоғамына сіңдіруді мақсат етсе керек.
Атап өтерлігі, бұған дейін отандық ғалымдар шығарманы кириллицаға түсіріп, кітап етіп бастырған.
Айдана БОРАНБАЕВА.