Жуырда Ақтоғай ауданының орталығындағы Махмет Қайырбаев атындағы орта мектеп 50 жылдығын атап өтті. Шара барысында Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевқа арналған кітаптың тұсауы кесілді.

Білім ордасының мерей-тойлық кешіне аудан әкімі Қаршыға Арынов қатысып, мектеп ұжымын атаулы күнмен құттықтады.

— Махмет Қайырбаев атындағы орта мектеп 1974 жылы пайдалануға берілді. Осы жылдар ішінде мектеп әртүрлі атауларға ие болды. Сол жылдан бастап Краснокутск орта мектебі, 1991 жылдан 2002 жылға дейін Ақтоғай орта мектебі болып атанды. 2022 жылдан бастап оқу ошағына Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың есімі берілді. 50 жыл ішінде білім ордасы оқуда да, интеллектуалдық және спорттық өмірде де жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда үздіктер қатарынан көрінді. Ұстаздар ұжымы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту үшін талмай еңбек етуде. Мектеп — облыстағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі, — деді Қ.Арынов.

Шара барысында аудан әкімі мектеп ұстаздары мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан азаматтарды марапаттады. Сондай-ақ, Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ұлы Мұрат Қайырбаевтың әкесі жайлы жазған кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш кеш жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.