Жуырда ХХ ғасырдың басындағы елеулі тұлғалардың бірі, ақын, қоғам қайраткері Сәдуақас Мұсаұлы Шормановтың 175 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Бұл кешті Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырды. Әдеби кешті «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары тамашалады.

Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов алғашқы қазақ зиялыларының қатарында болған. Оның музейлік қоры бағалы заттарға толы. Оның ішінде қазақ тіліндегі қолжазбалары, оқу-ағарту, шаруашылық деректері мен Шоқан Уәлихановтың портреті жайында Г.Н.Потанинге жазған хаттары сақталған. Сондай-ақ, төл тарихымызды танып-түсінуге септігін тигізген «Дала уәлаяты» газетінде Баянауыл жеріндегі тілшісі қызметін атқарып, қазақ елінің салт-санасын терең сипаттап, тарихта із қалдырған.

– Осындай іс-шараға Торай-ғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев, Майра Шамсутдинова атындағы ән-күй музей бөлімінің басшысы Ерлан Рахимов секілді өңіріміздің белді өнер және әдебиет мамандарын шақырдық. Сонымен қатар, дәстүрлі әндерді насихаттап жүрген, өнерімен өрге жүзіп келе жатқан Жалын Қуантайұлы туған өлкеге арналған әсем әндерін шырқады, – дейді кеш ұйымдастырушыларының бірі, көпшілік бөлімінің экскурсовод-жетекшісі Жеңісбек Қадырұлы.

Аталмыш әдеби кештің мақсаты – жас ұрпақты Отанды сүюге, қазақ елінің ұлы тұлғаларын дәріптеуге, туған мекеніне деген сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелеу.

Бүгінде Сәдуақас Шормановтан қалған поэзиялық мұраның ішінде ақынның «Махаббат», «Мінәжат» көлемді толғаулары ерекше орын алады. Бірқатар өлеңіне шығарылған, осы күнге жеткен әндердің бірі – «Ардақ» әні. Оның авторы — белгілі әнші-композитор Жарылғапберді Жұмабайұлы.

Одан бөлек, шара қатысу-шылары шақырылған зиялы қауым өкілдерінің очерктері мен әңгімелерін тыңдап, мұражай қорынан ақынның арнайы көрмесін тамашалады.

Салтанат ҒАББАС.