Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде айтыскер ақын, жазушы, драматург Қабек Сағитовтың 95 жылдығына орай жарық көрген «Айқас» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл — бір әулеттің ғана емес, тұтас Ертіс-Баян өңірінің рухани қазынасына айналған тағылымды шара.
Шараға ақынның жұбайы Жақсылық апа, балалары, туған-туыстары, шәкірттері, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым қатысты. Кездесу кітап таныстырылымы ғана емес, ел жадында сақталған естеліктер мен жүрекке жеткен сырларға толы рухани кешке айналды.
Қабек Сағитов — Ертіс бойындағы қасиетті Құдас топырағынан түлеп ұшқан, ақын Иса Байзақовтың рухани ізін жалғаған өнер иесі. Ақын, жазушы, драматург, сатирик, айтыскер әрі публицист ретінде сан қырынан танылған қаламгер қысқа ғұмырында мол мұра қалдырды.
Жарық көрген «Айқас» кітабы — Қабек Сағитовтың шығармашылық әлемін тұтас қамтыған алғашқы көлемді жинақ. Кітап сегіз тараудан тұрады. Оған ақынның өлеңдері, айтыстары, поэмалары, әңгімелері, сықақ туындылары, пьесалары, мақалалары мен сирек фотосуреттері енген. Бұған дейін жеке-жеке баспасөз беттерінде ғана жарық көрген дүниелер алғаш рет бір кітапқа топтастырылды.
Шара барысында музей қызметкері, айтыскер ақын Рамазан Дәуренбекұлы арнау жырын оқып, кештің шымылдығын ашты. Кейін Қабек Сағитовтың шәкірті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғалымбек Жұматов сөз сөйлеп, ұстазына деген құрметін білдірді.
Кітаптың тұсауын кесу мәртебесі Ғалымбек Жұматовқа, ақынның жары Жақсылық апаға және кітап құрастырушысы Абзал Рымбекке берілді. Бұл сәт көпшілік үшін ерекше тебіреністі болды.
Кештің әсерлі тұстарының бірі — Жақсылық апаның естелігі. Ол ақынның небәрі 49 жасында дүниеден озғанын, өзі 32 жасында үш баламен қалғанын тебірене жеткізді.
Ақынның ұлы Талғат Сағитов та сөз алды.
— Мен небәрі 10 жасымда әкемнен айырылдым. Кішкентайымнан «әкеме ұқсайсың» деген сөзді естіп өстім. Сол үшін мақтанамын, — деп әкесіне деген сағынышын жеткізді. Кейін ақынның қызы да жылы лебізін білдірді.
Шара барысында музей қызметкерлері Жақсылық апаға шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, ақынның жеке заттары мен қолжазбаларынан құралған көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, «Айқас» кітабы 100 дана болып жарық көрген. Жинақ облыс кітапханаларына, өңірдің барлық аудандарына таратылады, сондай-ақ ақынның туған-туыстары мен шәкірттеріне де табысталады.
Кеш соңында жиналған қауым кітапты құрастырып, жарыққа шығуына үлкен еңбек сіңірген Абзал Рымбекке алғыстарын білдірді.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген — Есенжол ИСАБЕК.
