Елордамыз Астана қаласының 25 жылдығына орай Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде фотограф Арман Байсадықовтың «Виват, Астана!» атты фото-көрмесі ашылды. Экспозицияда еліміздің бас қаласының сәулетті ғимараттарының мінсіз әсемдігін бейнелейтін 35 фотосурет қойылды.
Айдана Боранбаева
Арман Байсадықов 1973 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Ол Евгений Мұқанов пен Андрей Кимнен тәлім алып, фото шебері атанды. Мәскеу фотомектебінде және Нью-Йорк фотография институтында білім алды. Автордың айтуынша, дала кеңістігі мен мегаполистің көрнекті архитектуралары, туған қаласының жаңа бағытта дамуы ерекше шабыт сыйлайды.


Фотограф біліктілігін пейзаж, сәулет, сән, көше фотосуреттері, интерьер фотосуреті, фотоқұжаттану, репортаж, портрет сияқты бағыттарда дамытуда. Арман Байсадықов ұзақ уақыт бойы Қазақ Географиялық қоғамымен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Оның алғашқы жеке көрмесі Қазақстанның Ұлттық музейінде ұйымдастарылды. Шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танымал. Фотографтың туындылары Италия, Швейцария, Литва және басқа елдердегі халықаралық көрмелерде ұсынылды. Миландағы (Италия) ЕХРО 2015 аясында қазақстандық павильон ұйымдастырған «Қазақстан астанасы» аталымындағы фотобайқаудың 1-орын иегері атанды.


Арман Байсадықов үшін фотосурет — жанды, құбылмалы өнер. Қазіргі уақытта ол баспа форматынан желіге ауысты. Алайда, тек басып шығарылған сурет біздің өміріміздің эмоция-лары мен ерекше сәттерін толық жеткізе алады.
Көрме шілде айының соңына дейін ашық.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.