Ақын, журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының Құрметті азаматы Шолпан Байғалының кезекті еңбегі жарық көрді. Таяуда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада кітаптың тұсауы кесілді.
Автордың жаңадан жарық көрген «Жанарымда тұнған сыр» атты еңбегі ақынның әр жылдары жазылған өлеңдер топтамасынан жинақталған.
— 1972 жылы өлеңдерім алғаш рет «Көктем тынысы» өлеңдер топтамасына енді. Ал 2000 жылы өзімнің алғашқы «Ай-тұмар» атты жинағым жарық көрді. Одан соң «Еркелеймін Ертіске», «Сезімді қайтем тулаған», «Сыр сандық» атты өлең-әңгімелер, «Таңшолпан», «Ай-тұмар» секілді бірнеше еңбегімді жаздым. Ал тұсауы енді кесілген «Жанарымда тұнған сыр» кітабында жоғары аталған еңбектер бөлім ретінде көрсетіліп, тек таңдамалы өлеңдер топтас-тырылды, — дейді Ш.Байғалы.
Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын, жазушы Серік Елікбай қаламгердің туындыларының ерекшелігіне тоқталып, өлеңдері мейірімділікке толы екенін атап өтті.
— Павлодар облысында соңғы екі жылда жергілікті ақын-жазушылардың бірнеше еңбегі жарық көрді. Оның ішінде Шолпан Байғалының да еңбектерін атап өтуге болады. Шолпан Байғалықызы өлеңдерінде ерекше бояу, өзгеше күш бар. Ол әр туындысын тереңнен ойланып, ойындағысын нақпа-нақ қағазға түсіреді. Мұндай шынайы жазылған өлең әр оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Әсіресе, нәзік өлеңдерімен адамды бірден баурап алады, — дейді ол.
Кеш барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылығы туралы сөз қозғаса, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды.
Айдана БОРАНБАЕВА.