Белгілі театр актері, ҚР Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Бекболат Оқасов (Лашын) арамызда болғанда биыл мерейлі 50 жасын тойлап жататын еді. Бірақ тағдыр оның ғұмырын тым қысқа қылды. 2018 жылы небары 43 жасында жарық дүниемен қош айтысты. Өткен сенбі күні өзі ұзақ жыл еңбек еткен Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында «Жарқ еткен жарқын бейне» атты еске алу кеші өтті.
Бекболат марқұмның жарқын бейнесін еске алуға көрермен көп жиналды. Театр көрермендерінен бөлек, актердің өмірдегі және өнердегі достары да алыс — жуықтан арнайы келіпті. Сонымен қатар, жиынға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Кеш Бекболат актердің өмірі мен өнеріне арналған композициямен басталып, марқұмның театр сахнасындағы жеткен жетістіктеріне арналған шағын деректі фильм көрсетілді. Онда марқұның лашын құстай самғап өте шыққан сағым бейнесі көрсетілді, жастық-студенттік шағындағы жалынды кезі сипатталды, аз уақыт ішінде театр әлемінде бағындырған үлкен-үлкен белестері туралы айтылды.
Осы кешке арнайы келген қонақтардың бірі – Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының актері, марқұмның досы Нартай Сауданбекұлы. Оның досына арнаған естелігін, сары тап болған сағынышты сөздерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес еді. Сахнада берілген бірер минутта ол «дос» деген қарапайым ғана сөздің қандай құдіретті, қандай қасиетті екенін ұқтырғандай болды.
– Бекболаттың еске алатын көп дүниесі бар. Бірақ мен онымен алғаш болған үш оқиғаны ғана айтайын. Бекболат менен екі жас үлкен болғандықтан, маған аға, жол нұсқаушы ретінде есімде қалды. Ал алғашқыларға тоқталар болсам, студент болғаннан кейінгі оның ең алғашқы төбелесі менімен болып еді. Екінші алғашқы оқиға –
ол мені Алматының орталық мешітіне апарып, алғаш намаз оқуыма себеп болды. Үшіншісі – Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімовтің қолынан театр сахнасындағы алғашқы басты рөлімізді бірге алған едік. Міне, Бекболат менің жадымда осындай жарқын сәттермен қалды. Ол дүние жинаған жоқ, ол дос жинады. Оның өнерге, театрға деген махаббаты шексіз болатын, — дейді Нартай Сауданбекұлы.
Оқасов Бекболат Қабиденұлы 1975 жылы Ақтоғай ауданының Шұға ауылында дүниеге келген. Шұға орта мектебі мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатында білім алған. 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының актер және кино мамандығы бойынша Н.Жақыпбай мен Г.Әбдінәбиеваның шеберханасына түсті. 1998 жылы оқуын аяқтап, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жастар театрында еңбек жолын бастаған. Ал 2000 жылы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрына ауысып, ғұмырының соңына дейін (2018 жыл) осы ұжымда табысты еңбек етті.
Тілеуберді САХАБА.