Жас таланттарға жол ашады

Там 7, 2025

Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылған «Майра мектебі» — өнерге құштар балалардың арманын ұштастырып, олардың талантын шыңдайтын алаң. Бұл үйірме жыл сайын бірқатар оқушыны дәстүрлі ән өнеріне баулып, болашақ өнерпаздардың жолын ашады.

«Майра мектебі» осыдан үш жыл бұрын облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылды. Аталмыш үйірме қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін, халық әншісі Майра Шамсутдинованың шығармашылығын насихаттау, сырнай аспабымен ән үйрену және балалардың ән өнеріне деген қызығушылығын арттырып, бойларындағы талантын ашу мақсатында жұмыс істейді. Дәстүрлі ән өнері мен сырнай аспабын меңгеру ғана емес, сахналық мәдениет, қазақ әнінің табиғаты, халық композиторларының мұрасы сынды бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, домбырамен сүйемелдеу, дауысқа дұрыс жұмыс істеу, сахнада өзін-өзі ұстау секілді дағдыларды меңгеруді үйретеді.

Бұл үйірменің атауы да бекерден-бекер таңдалмаған. Қазақтың халық әншісі Майра Уәлиқызының өзі де —
дәстүрлі ән өнерінен нәр алған, шығармаларында халық мұрасын шебер қолдана білген дара тұлға. Оның есімімен аталатын мектепте дәл осы бағыттағы үйірменің болуы – рухани сабақтастықтың көрінісі.

Үйірменің жетекшісі, дәстүрлі әнші Салтанат Қисатованың айтуынша, үйірменің бүгінгі қатысушылары – ертеңгі өнер иелері. Олар болашақта Майрадай өнерпаздың жолын жалғайды. Сондықтан бұл үйірменің атына сай мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор болуы – басты міндет.

— «Майра мектебінің» қатысу-шылары дәстүрлі ән-терме, жыршылық өнердің қыр-сырын меңгеруде. 5 оқушы сырнай аспабын меңгеріп жатыр. Үйірменің басты ерекшелігі, балалардың баянмен ән айтуды үйренуі. Оларды үйірмеге қабылдағанда музыкаға, сырнай, домбыра секілді ұлттық аспаптарға деген қызығушылығына және бойындағы талантына баса назар аударамыз. Біздің үйірме – балаларды сахнаға, өнер жолына дайындайтын алғашқы баспалдақ, —
дейді С.Қисатова.

Осы үш жылдың ішінде үйірменің қатысушылары түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарды. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын үйірменің қатысушысы Ақнұр Айтбай «Қазақтың жүз әні» республикалық байқауында бірінші орынға ие болды. Айта кетерлігі, Ақнұр бойындағы талантының нәтижесінде сырнай аспабын бір айдың ішінде меңгерген екен. Үздік оқушылардың арасынан Ақнұр Айтбай, Жанель Қисатова және Арғын Ақылбекті атап өтуге болады.

Үйірме репертуарында Майра Шамсутдинованың әндері, халық композиторларының туындылары, сондай-ақ ұлттық тәрбиелік мәні бар қазіргі заманауи шығармалар бар. Балалар бұл әндердің сөзін түсініп, мағынасын бойына сіңіріп отырып орындайды.

— Майра апамыз – ұлы тұлға. Оның әндері біздің репертуарымызда жиі орындалады. Мәселен, «Майра» секілді әндерін балалар жаттап, сырнай, баян секілді аспаптарда шебер орындайды. Жалпы, Майра әндері – дауыс диапазоны мен орындаушылық мәдениетті қатар дамытатын күрделі шығармалар. Мұндай туындыларды орындау үшін оқушы тек вокалдық шеберлікпен шектелмей, сахнада өзін ұстауды, сөздің астарын түсінуді және эмоцияны дәл беруді үйренуі қажет, — дейді үйірме жетекшісі.

«Майра мектебі» — ұлттық өнердің бастау бұлағы. Бұл үйірмеде өсіп келе жатқан әр бала – болашақ әнші, болашақ тұлға. Олар тек өнерді үйреніп қоймай, қазақы рухты бойына сіңіріп өсіп келеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.